Kyzylorda-news.kz. Қайтарымсыз грант – бұл жұмыссыз жүрген алайда тың идеясы бар, кәсіп ашқысы келетін адам үшін ең тиімді жоба. Қарап тұрсақ, әлемнің  түкпір-түкпірі тез даму үстінде. Олардың идеясының көптігі сонша бізді таңқалдырмай қоймайды. Сондықтан шет елдің өніміне тәуелді болмас үшін,  әр адам жұмыс істеп, кәсіп ашса, бізде әлем елдерінен қалыс қалмай, дамыған елдер қатарына қосыларымыз анық. Әрине, барлық адам бірдей емес, десек те арамызда жұмысы жоқ, кәсіпті қалай бастаймын? Қаражатты қайдан аламын деп түрлі сылтаумен кері шегінетіндер де табылады. Сондықтан осыған ұқсас мәселелер туындамас үшін, жұмыссыз адамдарға мемлекеттен қайтарымсыз грант арқылы бизнес бастауға мүмкіндіктер қарастырылған.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында  ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қаулысы бойынша жаңа бизнес идеяларын іске асыруға  мемлекеттік гранттар беру көзделген. Ал, 2022 жылы  Ұлттық қордан мемлекеттік грантты 814 адамға беру жоспарланған. Сол жылдардағы  жаңа бизнесті іске асыруға ұлттық қордан 583335 мың теңге қаржы қарастырылып, республикалық бюджеттен 432496 мың теңге бөлінген. 

Бұрын осы грантты тек өз кәсібін ашқысы келетін және кәсіпкерлік негіздегі курстарын бітірген барлық жұмыссыздарға берілген болатын. Ал,  өткен жылы 12 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен  мәжілісте жаңа бизнес идеяны жүзеге асыру бойынша заң талаптарына біршама өзгерістер енгізген. Ол өзгерістің ішінде  жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға бағытталған өтеусіз және берілетін  қайтарымсыз грант мөлшері 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін көтерілгені көрсетілген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халық игілігі үшін, жаңа кәсіп ашуға берілетін қайтарымсыз грант 612600 теңгеден 1 225 200 теңгеге дейін 2 есеге ұлғайған. Биыл бұл қаржы 1380000 теңгеге жетіп отыр.

Сонымен қатар, 2022 жылы «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша мемлекеттік грантты оқыту курстарынан өткен сертификаты бар 29 жасқа дейінгі жастарға, жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, атаулы көмек алатын аз қамтылған отбасы мүшелеріне, көпбалалы отбасыларға, қандастарға, асыраушысынан айырылған әрі әлеуметтік жәрдемақы алушылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған адамдарға және мүгедектігі бар тұлғаларға берілген. Сол  кәсіпкерлікті дамыту жобасы бойынша 814 азамат жеңімпаз атанған екен. Оның ішінде 310-ы жастар. Мемлекет тарапынан осындай  қайтарымсыз гранттың беріліп жатқандығын  естігенде, ең бірінші кәсіп ашуды емес, сол қыруар қаржыны алуға асығатындар бар. Алайда, оның артында үлкен жауапкершіліктің тұрғанын ұмытып кететіндер де кездеседі. Судың да, сұрауы барын ескермеген олар әйтеуір, грантты тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға тағы сол сияқты басқада мақсатта пайдаланған. Мұны қалалық жұмыспен қамту және хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары да растап отыр. 

Өткен жылы Жалағаш ауданының Айгүл есімді тұрғыны өзінің сұлулық салонын ашумақсатында бизнес-жоспар жасап, мемлекеттен қайтарымсыз грант конкурсына қатысқан. Жеңімпаз болған ол 300 мыңнан аса қаражатты жеңіп алады. Өкініштісі сол, ол бұл қаржыға өзінің несиесін жапқан. Алайда, тиісті мекемелер тарапынан тексеру жұмыстары жүргізіліп, кәсіп ашпағаны үшін грант қаржысын мемлекетке қайтаруды талап еткен. Осындай қолайсыз жағдайда қалмас үшін қайтарымсыз гранттың қайтымы бар екенін ұмытпаған жөн. Сонымен қатар мемлекеттік  грантты тек қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдық, мал, құс, көшет, бұта, тұқым сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеу мақсатында алуға болатындығын ескерген жөн.

«2023 жылдың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруға  мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша облыстық бюджеттен 380 адамға грант беру жоспарланған. Оған 524400 мың теңге қаржы бөлінген. Биылғы жылдың 1-легі бойынша 94 адамға мемлекеттік грант берілген. Ал, екінші легі бойынша 95 адам ұтып алған. Барлығын қосқанда бизнес бастау идеясын жүзеге асыруға мемлекеттік грантты 189 адам жеңіп алған», − деді жұмыспен қамту орталығының заңгері Ислам Тұяқбай.

Осындай келеңсіздкке жол беріп, қолға тиген қаржыны мақсатты жұмсамаған грант иелерінің ісі қалалық жұмыспен қамту орталығының бастамасымен сотта қаралуда. Мұндай жайттың көбейгені соншалық істі сот арқылы реттеу, әрі кәсіп ашамын деп жеке басының мәселесіне жұмсаған тұрғындарға сабақ болсын деген ниетті осындай шаралар қолданылуда.

«Жалпы барлық қаралған азаматтық істер-36, оның 14-і қанағаттандырылған, қалған 4-уі қанағаттандырудан бас тартылған, сот бойынша 18-і қаралуы үстінде»,− дейді орталық заңгері.

Осыдан соң, кәсіп ашу үшін грант алғандар мен алғысы келетіндердің қайтарымсыз гранттың да қайтарымы бар екенін ұмытпағаны дұрыс.

Тағы да оқыңыз: