Kyzylorda-news.kz. «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламалары халықты еңбекке шақыруға, оларға кәсіп ашып беруге, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталғаны белгілі. Бүгінде Қармақшы ауданында аталған бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастаған азаматтардың қатары артуда. Сондай-ақ, қайтарымсыз гранттың жемісін көріп, өз ісін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер де жетерлік. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті құр жібермей, қайтарымсыз грантқа қол жеткізген кәсіпкердің бірі – ІІІ Интернационалдық ауылының тұрғыны Әсем Нұрмаханова.
Әсем Нұрмаханова бала күнінен тәттілер әзірлеуге қызығыпты. Балалық шақтан бастау алған қызығушылық бүгінде кәсібіне айналып, оның жемісін көруде. Алғашында өз қаражатымен тапсырыс қабылдауды бастаған ол, сұраныс арта бастаған соң кәсіпкер атануға бел байлайды. Ауылдағы кәсіпкерлік ісі бойынша маманға жүгініп, кеңес алады. Маманның нұсқауымен «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік білімін жетілдіреді. Бизнес жоспарын да ойдағыдай қорғап, қайтарымсыз грантты иеленеді. Берілген грант қаржысына торт пісіруге арналған пеш пен кәсіби миксер сатып алып, кәсібін бастап кетеді.
«Торт пісіру ісіне қатты қызықтым. Тәттілерді өз қалауымша сәндеп, дәмін келтіріп, өз отбасымды қуантқым келді. Торт пісіру ісіне бар жан-дүниеммен кірісемін. Бұл іс өзіме ұнағандықтан хоббиімді кәсіпке айналдырдым. Қазіргі заманауи торттардың барлық түрін, тұтынушының талғамына қарай жасап беремін. Көршілес ауылдардан да тұрақты тұтынушыларым бар. Тапсырыстан бөлек ауыл дүкендерінің сөрелеріне де өз өнімдерімді қолжетімді бағада қойып жүрмін», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде қандай да қуаныштың, мерекенің тортсыз өтпейтіні белгілі. Сондықтан да тортқа деген сұраныс көп. Егер өнім көңілден шықса, тұтынушының қайта тапсырыс беретіні анық.
«Қашанда дастарқанымның сәні болатын торттарымды Әсемге тапсырамын. Себебі әрдайым балғын, дәмі тіл үйірердей, әрі жұмсақ болады. Құрамы да сапалы заттардан жасалады. Үнемі жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Айтқан уақытымда торт дайын тұрады. Әр тортты ерекше дизайнмен дайындап береді. Мұндай өнерді бағаламауға болмайды. Ісіне береке тілеймін», – дейді ауыл тұрғыны Гүлсина Ибрагимова.
Адам өзіне ұнайтын іспен айналысқанда ғана еңбегінің жемісін көреді. Ал өзің қалаған іспен айналысып, қолдан келер ісін кәсіпке айнладыруға мемлекет қолдау көрсетуге дайын. Ол үшін мемлекет тарапынан бірқатар бағдарламалар да әзірленген. Тек еңбек етемін деген ыңтаң мен қызығушылығың болса жеткілікті. Биылдан бастап бизнес бастауға мемлекеттен берілетін қаржының екі еселенгенін де айта кеткен жөн. Бұл кәсіп бастауға ниетті жандар үшін қуантарлық жайт болғаны рас.
Кәсіпкер келешекте мемлекет тарапынан тағы да қаржылай қолдау тауып жатса, кәсі көкжиегін кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарын да жұмыспен қамтып, ауыл әлеуетінің артуына септігін тигізу ойында бар.

