Kyzylorda-news.kz. Жуырда кәсіпкерлерді қолдаудан жалықпай келе жатқан «Атамекен» палатасының ұйымдастыруымен "Бір ауыл – бір өнім" жобасын аудандағы кәсіпкер әйелдерге түсіндіру аясында семинар өткен болатын. Мұнда көптеген аралдық нәзік жандылар өздерінің өнімдерін ұсынып, бастаған кәсіптері туралы түсіндіріп берді. 

Осы шара барысында қойылған көрмеде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пирмұхаммед Сыздықов, облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Наталья Мишукова, Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Әсел Алушаеваның ерекше бағасына ие болған өнімдердің бірі Сексеуіл кентінде жасалып жатқан шұжық.

Осы кәсіптің иесі – кент тұрғыны Шарбану Мамытова. Шарбану бүгінде бір шаңырақтың келіні, 4 баланың анасы. Мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы Темір жол колледжін бітіріп, кәсіби мамандық алып шығады. Бірақ мамандық бойынша қызмет жасамағанымен, үй шаруасында жүріп жаңа жұмыстың көзін табады. Осылайша бүгінгі уақытта ол шұжық жасаумен айналысып, өз тұтынушыларының көңілінен шығып отыр. 

– Кез келген дүниені бастау үшін белгілі бір себеп болады екен. Бірде дүкеннен сатып алған колбасаның ішінен шыққан нәрсені көріп, оның таза еместігіне күмән туды. Осылайша отбасымызбен үзілді-кесілді шұжық тұтынудан бас тарттық. Бірақ қазір барлығы дамыған уақыт қой. Іnstagram желісінде отырып, шұжық, ет, сүт өнімдерін табиғи жолмен жасайтын әдісті көзім шалып қалды. Осылайша Ақтөбе қаласынан соны үйреніп қайттым. Десе де мұны кәсіп көзіне айналдырам деген ой мүлде болмады. Бірақ үй жағдайында өзім дайындап, тұтынып жүрдік. Одан дәм татқан туыстар, жақындар, достар оң бағасын беріп, «Керемет дүние жасапсың. Неге осыны кәсіпке айналдырмайсың. Қолдан келетін жұмысты жақсы кәсіп етуге болады ғой» деген пікірлерін білдірді. Осылайша қызығушылығым артып, талап қылдым. Оның үстіне мемлекеттің кәсіпкерлерге жасап жатқан жағдайы, қолдауы да ерекше емес пе?! Кәсіпкерлер палатасы арқылы "Бастау Бизнес" жобасы арқылы оқып, арнайы сертификат алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Соның нәтижесінде өз жұмысымды ары қарай дөңгелетіп алып кетуге зор мүмкіндік туды, – дейді Шарбану Тәуекелқызы.

Иә, бүгінде тың кәсіптің көзін тауып, соны дамыту жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген Шарбану өз тұтынушыларының да қарасы көбейіп келе жатқанын айтты. Жылқы мен сиыр етінен жасалатын шұжықтың құрамы да табиғи тазалығымен ерекшеленеді. Тұз бен бұрыштың қоспасынан әзірленетін өнімнің сұранысқа енуінің өзі сол табиғи тазалығынан екені сөзсіз.

Алдағы уақытта өз өнімін нарықтық ауқымын кеңейтуді ойлаған кәсіпкер шұжықтардың барынша тез арада қолданылғанын қамтамасыз етуді қалайды. Себебі арнайы химиялық құрамның болмауына байланысты, ұзақ уақыт сақтауға қолайсыздығын да жасырмады.
Тағы айта кететін жағдай, Шарбану Мамытова бұл бағыттағы жұмыстармен тоқтап қалуды көздемейді. Алдағы уақытта орталықтан ет, сүт, қойдың құйрығынан жасалатын өзге де өнімдерді әзірлейтін арнайы цех ашуды көздейді.

Иә, қазірде кәсіпкердің өзі айтқандай мемлекет тарапынан қолдау өте жоғары. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бренд қалыптастырып жатса, ауданнан тек балық пен тұздан да өзге өнімнің шығатынын жаһан жұртшылығы да жақсы танып, білер еді дейміз.

a0c18c7f-6896-46b2-b38b-bd35dce4f155.jpg

Тағы да оқыңыз: