Kyzylorda-news.kz. Қазіргі жастар жеке кәсіпті ұршықша иіруде. Осындай азаматтардың бірі – жеке кәсіпкер Темірлан Жақсылық.
Темірлан құрылыс жұмыстарына қажетті газоблок шығарумен айналысады. Бұл – өнім ұзаққа төзімді, өртке қауіпсіз, экологиялық таза, жылуды сақтайтын, аз ғана үлес салмағы бар, түрлі өңдеулерге ыңғайлы құрылыс материалы.
Жобаның ерекшелігі – газоблок өндірісінде шина қалдықтарын қолдануда. Өз кәсібін қайтарымсыз грантқа, одан бөлек өз қаражатын қосып бастаған. Әзірге өнімді жеке үй-жай салып жатқан азаматтар мен түрлі ғимараттар құрылысын жүргізуші құрылысшылар тапсырыспен алдырады. Өзіне қажетті құрал-жабдықтарды Атырау қаласынан жеткізген.
Айына 2000 газоблок өндіреміз. Шина қалдықтарын дайын өнім ретінде Алматы қаласынан алдыртамыз. Алдағы жоспарымыз – шиналарды қайта өңдеу машинасын сатып алу. Ол кезде СТО арқылы, ауыл тұрғындарынан шиналарды қабылдаймыз, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің дені газобетон блоктарымен тұрғызылуда. Өзге құрылыс материалдарына қарағанда құны да арзан. Сондықтан Темірлан тағы да қаржы көздерін қарастырып, кәсібін кеңейткісі келеді. Бүгінде өзінен бөлек 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
