Kyzylorda-news.kz. «Кедергісіз келешек» партиялық жоба аясында “Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясы” БПҰ партия мүшелері, аталмыш мекеменің кәсіподақ төрағасы Дарханбек Мақсатов, өндірістік оқыту шебері Жанболат Бекетовпен бірге дүниежүзілік Еңбекті қорғау күні қарсаңында мекеме есебінде зейнеткер ретінде тұратын Кенжебек Рахметәлиевтің отбасында болып, хал-жағдайымен танысты.
Теміржолшы Қуатбай Рахметәлиевтер отбасында дүниеге келген Кенжебек әке жолын жалғастырушы. Тосын жағдайға 2013 жылы өндірістік жұмыс кезінде ұшырап, екі қолынан жарақат алған.
Жарақат алған кезде дистанцияның Төретам телімінде электромонтер болып жұмыс істеген. Ол электр желілерінің тоқ күшінің жоғалу ақауын жөндеп жатқанда жарақат алған. Содан бері ұжымның зейнеткерлері есебінде.
Зейнетке шыққаннан бастап әріптестерінің қолдауымен және бапкері Өміржанның ықпалымен спортқа ден қойған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында өткізілген спорт бәсекесінде топ жарып жүрген паратаеквондо шебері.
Азық түлік себеті мен қаржылай көмек беріп, өзін іздеп келген әріптестеріне разы болған қайсар да жігерлі Кенжебек алғысын білдірді.

