Kyzylorda-news.kz Қызылорда облыстық ҚХА және Ж. Нұрсейітов атындағы №233 орта мектебінің ұйымдастыруымен Қадыр Мырза Әлі шығармашылығына арналған «Қазақтың дана Қадыры» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кештің мақсаты - Қадыр Мырза Әлі шығармашылығын насихаттау, оқушыларға ақынның өлеңдерінен үлгі алып, әдебиетке қызығушылықтарын арттыру. Сонымен қатар, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, сөздік қорларын байыту.
Кеш аясында ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы қысқаша баяндама айтылып, өлеңдерінен үзінділер оқылды, Қадыр Мырза Әлінің шығармашылығына арналған бейнемазмұн қойылды. Күй шертіліп, жыр шумақтары оқылды.
Қызылорда қаласының құрметті азаматы, қоғам қайраткері, «Темірбек Қараұлы Жүргенов» қоғамдық қорының төрағасы Сәпен Аңсатов дарынды тұлға туралы пікір білдірді.
- Қадыр Мырза Әлі – қазақ поэзиясының айрықша тұлғасы, оның шығармашылығы өзіне тән терең философиямен, өмірдің нәзік сырларын ашатын сөздермен ерекшеленеді. Қадыр ағамыздың өлеңдерінде ұлттың болмысы мен тарихы, адамның ішкі дүниесі мен сезімдері, қоғамның рухани қажеттіліктері терең тебіреніспен өрнектеледі. Оның поэзиясының тұңғиығына бойлап, әрбір шумақтың астарынан жаңа мағыналар мен ойлар ашылады. Әсіресе, жас ұрпаққа осы поэзияны түсініп, терең оқып, ұғынуға мүмкіндік беру – үлкен маңызға ие,-деп, ақынмен дидарласқан сәттерінен естеліктерін айтты.
Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшысы Шакизат Абдраманова барша қатысушыларға алғысын білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясындағы жаңа жобаларға тоқталып өтті. Шараны ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар мектеп мұғалімдеріне “Қоғамдық келісім” КММ директорының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, ҚХА энциклопедиясын мектеп кітапханасы мен оқушыларға сыйға тартты.