Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі облыстық ведомствоаралық штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылуы талқыланды.

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында есірткі бизнесіне қарсы күресті күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берген болатын. Осы жұмыстарды үйлестіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында соңғы төрт жылда полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 17,7 млрд теңге қаржы бөлініп,  заманауи құралдар алынды.

Өңірдің барлық ауданындағы полиция бөлімдерінде жедел басқару орталықтары ашылды.
Аймақ басшысы есірткіге қарсы кешенді іс-шараларды тиімді жүзеге асыруды тапсырды.
«Әлеуметтік желілердегі синтетикалық есірткі жарнамасын толық тоқтату үшін нақты бағыттарды анықтау, профилактика, жедел іздестіру, жасанды интеллектіні қолдану арқылы «Кибернадзор» жүйесінің тиімділігін арттыру керек.

Есірткі алқаптарын анықтауда жүйелі жұмыс жүргізіп, оларды жоюды ұйымдастырыңыздар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Штаб отырысында білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдағанда азаматтардың нашақорлық тәуекелдеріне бейімділігін анықтау үшін нақты ұсыныстар енгізу, әлеуметтік жағынан осал отбасынан шыққан оқушылардың жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу міндеттелді.

Мәдениет, спорт және сауда нысандарындағы LED экрандарда нашақорлықтың зияны, синтетикалық есірткінің қаупі туралы жастарға, орта буынға арналған ескерту роликтерін тұрақты көрсету тапсырылды.
Отырыста облыстық полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов баяндама жасады.

Тағы да оқыңыз: