Kyzylorda-news.kz. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы адамдарға кененің тікелей шағуы, малды кенеден қолмен тазарту, жүнін қырқу кезінде және осы дертпен ауырған адамды күту барысында жұғады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы немесе көкала – табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы вирусты инфекция. Бұл аурудың аса қауіптілігі – өлім-жітім көрсеткішінің өте жоғары болуы. Яғни вирус жұқтырған адамның 30-70 пайызы өкінішке орай өмірден өтіп жатады.
Ауруды қоздырушы вирустың табиғат пен жануарлар арасында айналымға түсуіне байланысты медицинада қазіргі таңда ауруды мүлде жойып жіберу мүмкін болмай отыр. Қармақшы ауданының халқы негізінен мал шаруашылығымен шұғылданатындықтан, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошақтары бар елді-мекендерде аурудың кездесу ықтималдығы да өте жоғары болып саналады.
«Ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқандықтан жыл сайын аталған індеттен «қолайсыз» болып табылатын елді мекендерде жоспарлы түрде профилактикалық шаралар жүргізіліп отырады. Осыған орай, жыл сайынғы кезекті эпид маусымдылығы алдындағы кенеге қарсы залалсыздандыру жолдары аудан әкімінің өкімі бекітіліп, оған сай аудандық жұмысшы топ құрамы және 2023 жылға арналған кешенді іс- шара жоспары бекітілді. Аудан өкіміне байланысты кезекті кенеге улау жұмыстары 6 мамырдан бастап жасалынуда. Ол Шымкент қаласының «SATTI TULIK» ЖШС мердігер компаниясының ауданда кенеге қарсы «қолайсыз» болып анықталған 11 елді мекеннің (Жосалы кенті, Қызылтам, Диірментөбе, Дүр Оңғар-Жаңажол, ІІІ-Интернационал, Алдашбай ахун, Қуаңдария, Кекірелі, Шобанқазған, Төретам, Ақай) ауылдарында І-ІІ тур залалсыздандыру жұмыстары ағымдағы айдың 26 мамырына дейін жүргізілу жоспарлануда. Сонымен қатар ауданда елді-мекен малдарынан, пададан және табиғаттан жиналған кенелерде ауру қоздырғышының бар жоғын анықтауда «оң» нәтиже анықталған аймақтарған қайталама нүктелік залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, басқарма тарапынан аурудың алдын алуда және болдырмау мақсатында санитариялық ағарту жұмыстары үздіксіз жүргізуде. Басқарма мамандары аудан және елді-мекен тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, санбюллетень шығарып, үнпарақшалар таратылуда. Кене шағу кезеңінде және ауру тіркелген жағдайда атқарылатын іс-шаралар туралы медициналық қызметкерлер арасында семинар сабақтары, жаттығу сабақтары және аттестациялау ұйымдастырып өткізуде», – дейді аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Перизат Қобылашқызы.
Мамандардың айтуынша, кене шаққанда өзінің сілекейімен арнайы фермент бөледі, сол себепті көпшілік жағдайда кененің шаққаны білінбейді. Денеге жабысқан кенені байқаған кезде жақын орналасқан емхана немесе ауруханаға медициналық көмекке жүгіну керек. Қорғалмаған қолмен кенені ұстау қауіпті екенін есте сақтаған абзал. Кенені жалаң қолмен және бірден жұлып алуға болмайды, өйткені кененің тұмсығы қалып қойып, орны іріңдеп, жара болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша кенені қарапайым медициналық қысқышпен (пинцетпен) немесе резина қолғап киіп, шүберекпен неғұрлым тұмсығына жақын жай қысып ұстап, шайқамай, бұрамай тарту керек. Шаққан орнын иод ерітіндісімен немесе спиртпен залалсыздандыру қажет. Кенені шыны ыдысқа салып, медициналық мекемеге өзімен бірге апару керек (қажетті жағдайда кене зерттеледі) немесе Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалына тапсырып, ақылы түрде зерттеуге болады.
Аудандағы эпидемиологиялық ахуалға келсек, жыл басынан «кене шағу» жағдайымен медициналық көмекке жүгінгендер саны – 3 адам. Олар 14 күн бойы медициналық бақылауға алынып, аймақтық дәрігерлерінің бақылануында болады. Өткен жылмен салыстырғанда тұрғындар арасында «кене шағу» саны 2 жағдайға артып отыр. Ал Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен ауданда 2021 жылы – 1 жағдай және 2022 жылы – 1 жағдай тіркеліп, науқастар дер кезінде емін алып, жазылып шыққан. Барлығы ересек адамдар. Биыл 3 адамды кене шаққанымен, олардан аталған ауру белгісі табылмаған. Сондықтан ағымдағы жыл бойынша аталған дертпен тіркелгендер жоқ. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу мақсатында атқарылатын басты іс-шаралар мыналар болып табылады. Біріншіден, вирусты кенеден адамға жұқтырмау шарасы, оған кене шақпау үшін сақтандыру киімін қолдану қажет. Яғни мейлінше ашық жер қалдырмай киіну. Жеңі ұзын жейде, шалбар кию. Кене тез табылуға көмек беретін ақшыл түсті киімді таңдау да сізге кенеден қорғануға үлкен мүмкіндік. Екіншіден, малдан адамға жұқтырмау шараларын қарастыру, оған жануарларға күтім жасағанда, жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда сақтандыру киімдерін пайдалану. Үшіншіден, адамнан адамға жұғу қаупін азайту, оған науқаспен қатынаста болған жеке адамдардың және медицина қызметкерлері тарапынан жұқтырмау шараларын қарастыру, ауру күткенде арнайы медициналық киімдерді пайдалану, жеке басының гигиенасын сақтау керек.
Кене шағып алғанда немесе кенемен жанасқанда, жануарларға күтім жасағанда, жануарларды мүшелеген, сойған, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен, ұлпаларымен жанасқанда, табиғат аясында демалғанда, қансыраған науқас адаммен жанасқанда ауру жұқтыру қаупі көбейеді.
Ал егер, жоғарыда көрсетілген жағдайдан кейін адам өзін нашар сезініп, дененің қызуы көтеріліп, кем дегенде бас және бұлшық еттер ауырғанда, жүрек айнығанда, лоқсу сезімі пайда болғанда, іш ауырғанда немесе іш өткенде, яғни, аурудың алғашқы белгілері кезінде дереу медицина мекемелеріне қаралуы қажет. "Сақтансаң, сақтаймын" деген. Сол себепті сақтық шараларын ескерусіз қалдырмау қажет.