Kyzylorda-news.kz.  Қазіргі уақытта ауа-райының күрт жылынуымен жан-жануарлардың тіршілігі жандана бастайтындығы мәлім. Ерте көктемде адамдарға қауіп төндіретін кененің де адамдарға жұқпалы ауру тарататыны мәлім. Мысалы, Конго-Қырым қанды безгегі аты айтып тұрғандай ең алғаш Қырымда тіркеліп, адамды ауру кене шаққан мезетте жұғатын вирустық ауру екені дәлелденген еді.

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі қоздырғышына табиғатта кездесетін кененің, сондай-ақ ауру жұқтырған жануарлардың қой, ешкі, сиыр, жылқының ағзасында болатыны анықталған екен.

Кене – қанмен қоректенетіндіктен, ол адамды тіпті 100 метр қашықтықта сезетін қабілетке ие болып табылады. Зиянды жәндік секундына 7 см дейін жылжып, бір тәулікте 200 мг дейін қанмен қоректенеті жасырын емес. Көбіне мал қорада, малдың қиында, тыш¬қан, құстың ұясында және тоғайда, өсімдіктердің түбінде көптеп кездеседі. Бір аналығы 18 мыңға дейін жұмыртқа тастауға дайын. Ал жұқпалы вирусын бойында 2 жылдан астам уақыт сақтай алатындығы тағы бар.

Мамандардың айтуынша, ең алғаш рет бұл індет 1944 жылы Қырымда тіркелген деседі. Ал инфекцияның қоздырғышы арада бір жыл өткенде 1945 жылы анықталған. Кейін Африканың Конго елді мекенінде осы індетке ұқсас ауру тіркеліп, ең алғашқы анықталған індетпен ұқсастығы дәлелденген соң аталған ауруды біріктіру ұсынылып, оның атауы Конго-Қырым қанды қызбасы делінген.

Өлім жағдайына дейін әкелетін індетті жұқтыру кез келген адамға қауіп әкеледі. Әсіресе, мал қора тазалау кезінде, шөп шабу, тоғайда мал баққанда өте сақ болған жөн. Алдын ала кенеден қорғанудың амалын жасап, ұзын жеңді киім киіп, дененің барлық жері қымталғанына назар аудару керек.

Сонымен қатар малшылардың қырқым кезінде кенемен жанасу кезінде, оның қаны жалаң қолға, көзге, ауызға тигенде жұқтыру қауіпі жоғарылайды. Ауруды жұқтырған адамның бойында жылдам қан арқылы тарайтын вирус аса қауіпті. Ең алдымен басы ауырып, дене қызуы 40 градустан да асып, қалтырап, беті мен шырышты қабыршықтары қызарады. Әл-дәрмені құрып, бұлшық еті ауырады. Буындарында қақсау, жүрегі айну секілді белгілер пайда болып, құсады. Науқастың жағдайы 2-4 күннің ішінде нашарлап, мұрнынан, тістің қызыл иегінен, кене шаққан жерден қан кетеді. Іші өтіп, бауыры мазалайды. Адам өміріне қауіпті індеттің көбісі өліммен аяқталады.

Сондықтан адам өзін кене шаққанын байқаса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек. Әсіресе наурыз айларында шаққан кененің белсенділігі жоғары болғандықтан міндетті түрде медициналық көмектің араласуымен дене қызуын бақылаған жөн. Себебі 14 күннің ішінде аурудың алғашқы белгілері пайда болса, науқас ауруханаға жатқызылып, адамды оқшаулап, тиісті ем-дом жүргізіледі.

 Көктем-жаз айларында табиғат аясына шығарда міндетті түрде ашық түсті киім киген дұрыс. Себебі киімге жабысқан кене ашық түсте бірден көзге түседі. Сонымен қатар сырт киімге арнайы кенені үркітетін сұйықтықтар сеуіп алған дұрыс. Шалбардың балағын міндетті түрде шұлыққа салып алу керек. Капюшоны бар немесе жағасы көтерілетін киім кисеңіз де болады. Бұл өз кезегінде кенеден келетін қауіпті азайтады. Табиғаттан оралғанда міндетті түрде киімдеріңізді, денеңізді түгел қарап, тексеріп шығыңыз. Ал мал қорасы бар үйлер міндетті түрде көктем-күз айларында кенеге қарсы өңдеу жүргізуі қажет, – дейді Ұлттық сараптама орталығының Қызылорда облысы бойынша филиалының Сырдария аудандық бактериологиялық және паразитологиялық зертханасының зертханашысы Нұржан Мәлібеков.

Зертханашының келтірген мәліметі бойынша препараттың барлық түрлерімен ірі қара малды өңдеуді айына 2-3 рет жүргізген жөн. Ол үшін алдын ала мал қораны қоқыстан мұқият тазалап, барлық тесіктерді бітеп тастау қажет. Бітер алдында мазут, автол, креолин жағып қойса да болады. Фермалардың маңындағы жайылымдарда құрғақ бұталарды, ескі шөптерді тамырымен қазу, көктемгі-жазғы мал жаятын жайылымдарда кеміргіштердің індерін уласа елді-мекендерде кенелер санының азаюына септігін тигізеді. Сондай-ақ кенелерге қарсы іс-шаралардың қатарына кеміргіштердің індерін дусттап, адам жүретін жолда бұталарды өңдеу әдісін қолдану жатады. Бұталарды аэрозольді генераторларды пайдалану арқылы дәрілеу жүзеге асырылады.

Айту керек, өткен жылы ауданда Конго-Қырым қанды қызбасының 4 ошағы тіркеліп, 5 жағдай анықталған.
 

Тағы да оқыңыз: