Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер» инклюзиялық спорт фестивалінің аумақтық кезеңі аяқталды.
Байқауға қала мектептерінен 6 команда қатысып, олар екі кезең бойынша өзара бақ сынады. Қатысушылар эстафеталық жарыстар мен командалық ойындарда жылдамдық, ұйымшылдық және ерік-жігер танытып, инклюзивті спорттың мән-маңызын паш етті.
Сайыс барысында қатысушылардың белсенділігі мен бір-біріне деген қолдауы көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Шараның басты мақсаты — мүмкіндігі шектеулі балаларға тең мүмкіндік беру, олардың қоғам өміріне белсене араласуына жағдай жасау.
Партия филиалының атқарушы хатшысы Гүлшат Мұсаева мұндай жобалар қоғамдағы тең мүмкіндіктер қағидасын сақтауға, әрбір баланың ауқымды шараларға қатысуына, жеңімпаз атануына зор мүмкіндік екенін атап өтті.
Фестиваль қортындысымен барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Ал жеңімпаз командалға партия атынан кубок тарту етілді. Атап өту керек, түрлі кезеңде сынға түсіп, топ жарып, жеңіске жеткен командалар фестивальдің облыстық кезеңіне жолдама алады.
