Қорғаныс министрлігі Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

25 қыркүйек күні сағат 09:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметкердің – сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды.

Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметкерді ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметкер қаза тапты.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметкерлердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

Қаза болған әскери қызметкерлердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Сурет: Қорғаныс министрлігі

Тағы да оқыңыз: