Елімізде картоп, көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын орындардың жалпы сыйымдылығы 2 371 500 мың тонна. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Ауыл шаруашылығы министрлігі жолдаған ресми жауапта айтылған.

— Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2023-2025 жылдарға арналған көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асырып жатыр. Бүгінгі күні республика бойынша жалпы сақтау сыйымдылығы 2 371,5 мың тонна болатын картоп, көкөніс пен жеміс-жидек сақтайтын 964 нысан бар, - делінген хабарламада.

Ведомство дерегіне сай, 2024 жылдың қорытындысы бойынша сақтау сыйымдылығы 166,2 мың тонна болатын 27 нысан салынды. Ал 2023 жылы сыйымдылығы 292,7 мың тоннаны құрайтын 35 жоба іске асырылған. 2025 жылы жалпы сыйымдылығы 140,5 мың тонна болатын 23 жобаны іске асыру жоспарланған.

Биылғы жоспарланған жобалар сәтті іске қосылған күннің өзінде елдегі мұндай қоймалардың сыйымдылығы 2,5 млн тоннадан сәл асады. Ал былтыр елімізде 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 2,6 млн тонна бақша дақылдары, яғни осы санатта 9,4 млн тонна өнім жиналды. Бұл сандардан елімізде мұндай өнім көлемі мен сақтау қоймалары сыйымдылығы арасындағы алшақтық 4 есеге жуықтайтынын аңғаруға болады.

Фото: Нұрболат Нұржаубай

Тағы да оқыңыз: