Kyzylorda-news.kz «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасының жанынан 42 төсектік кардиология және инсульт орталығының құрылысы басталуда. Аудан халқына жоғары және сапалы медициналық көмек көрсетуге арналған орталықтың құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бүгін аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет аудандық ауруханада басталған қосымша құрылыс жұмыстарын көріп, мердігер мекеме «СМП Кызылорда» ЖШС-нің жауапты өкілдерімен кездесті. Жобаның жалпы құны 1.9 млрд. теңгені құрайды. Жоба бойынша кардиология және инсульт орталығының құрылысы аяқталғаннан кейін онда бүгінге дейін аудан тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып келген МРТ құрылғысы орнатылып, тиісті мамандардың білімі жетілдірілмек.
Аудан басшысы мердігер мекеменің өкілдеріне бұл орталықтың аудан тұрғындары үшін маңызы зор екенін айтып, құрылыс жұмыстарын ең алдымен сапалы әрі мерзімінде аяқтау керектігін айтты.
Фото: Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі