Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Қазалы ауданындағы Сол жағалау алабындағы коллекторлар жүйесін реконструкциялау және «Нартай» каналын күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көріп, нысандардағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Сол жағалау алабындағы 1-ГД, 2-ГД, К-3-2 коллекторлар жүйесін реконструкциялау жобасының жалпы құны – 2 млрд 405,4 млн теңге. Аймақты төрт жылдан астам уақыт басқарған Нұрлыбек Машбекұлының, облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлының қолдауымен биылғы жылға республикалық бюджеттен аталған жобаны жүзеге асыруға 801,8 млн теңге бөлінген.

Қазіргі таңда мердігер мекеме «Бақ-Береке» ЖШС тарапынан нысанда геодезиялық нүктелер белгіленіп, 2-ГД-13,7 км, 2ГД-1 – 19,7 км, 2ГД-2 – 16,4 км учаскелерінде және коллектор каналдарын тазалау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, екі сорғы станциясының іргетасы құйылып, свай қағу жұмыстарына дайындық жасалуда. Құрылыс жұмыстары екі ауысымда ұйымдастырылып, оған 9 техника мен 22 жұмысшы жұмылдырылған.

Аталған жобаның негізгі мақсаты – қолданыстағы коллекторлар жүйесінің техникалық жағдайын жақсартып, су өткізу қабілетін арттыру және су шаруашылығы нысандарының тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ аудан әкімі Қызылқұм ауылдық округіндегі «Нартай» каналын күрделі жөндеу жобасының орындалу барысын да бақылап көрді.

Жобаның жалпы құны – 179,2 млн теңге. Каналдың 15,2 шақырымына механикалық тазалау және бір гидротехникалық құрылысты күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін каналдың 9,3 шақырымында механикалық тазалау, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстың құбырларын монтаждау жұмыстары жүргізілді.

«Нартай» каналының жөнделуі Қызылқұм ауылдық округіндегі 250 тұрғын үйдің 38 гектар шабындық жерін суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, канал арқылы Жайлауқақ, Көкен, Қазанкеткен және Аққұдық көлдерін суландыруға жағдай жасалып, жайылымдық және шабындық алқаптардың көлемін ұлғайтуға, мал шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамытуға оң әсерін тигізеді.

Нысандарды аралау барысында аудан әкімі жұмыстардың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, жайылымдық және шабындық жерлерді суландыру арқылы халықты мал азығымен, соның ішінде шөппен қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігін айтты.

Айта кетейік, биыл ауданда су шаруашылығы нысандарын жаңғырту бойынша аталған жобалардан бөлек Алға ауылдық округіндегі «Ішкі» шаруашылық аралық каналын күрделі жөндеу жұмыс жобасы да жүзеге аспақ. Сол жаға арнасынан алатын «Ішкі» шаруашылық аралық каналы Алға, Ақжона ауылдық округтерінің 2100 гектар жайылымдық шабындық жерлерін және Ү.Түктібаев ауылының үй ірегелік, бақшалық жерлерін, көлемі 1500 гектар болатын 4 ауыспалы егістікті суландырады.

Каналдар мен қашыртқыларды тексеру.jpg

Тағы да оқыңыз: