Kyzylorda-news.kz. Тәуекелге бел буып, жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар жетерлік. Шын мәнінде, кәсіптен нәсіп таппақ болғандарға мемлекет ұдайы қолдау көрсетіп келеді.
Тәуелсізддікке қол жеткелі, еңсесін тіктеп, етек жиған халыққа қазір барынша жақсы мүмкіндік қарастырылған. Ертеректе қалалық жерден ғана кездесетін фаст-фуд өнімдері дейсіз бе, небір дүкен дейсіз бе, сауда орталықтары болсын, бәріде ауылдық жерде де қолжетімді. Тұрмыста керегіңізді табу үшін облыс орталығына «шапқылаудың» қажеті шамалы. Ал жеке кәсіпкерлер өз кезегінде ел экономикасының дамуына ықпал етуде.
Осындай берекелі бизнес бастап, монша ашып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырған жас кәсіпкердің бірі – Абай Тоқтаров екені даусыз.
Бұл күнде жасы небәрі 27-ден асқан жігіт ауыл тұрғындарын моншамен қамтамасыз етіп отырған жайы бар.
Сәкен Сейфуллин ауылының тұрғындары ризашылықпен көпшілік ортада ауыздарынан тастамай айта жүргендіктен, жағдайды өз көзімізбен көріп, «Абайдың моншасы» деп аты шыққан моншаның егесін көпке үлгі етуді жөн санаған болатынбыз.
С.Сейфуллин ауылының тумасы 2015 жылы М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжді тәмамдағаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс жасаған. 2017 жылы аудандық ішкі саясат бөлімінде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында біліктілігін толықтырған ол белгілі себептермен біраз уақыт қызметке орналаса алмаған екен. Екі қолға бір күректің табылмауы арманы асқақ, ойы жүйрік, еңбекқор жігіттің жігерін жанып, жеке кәсіпке бет бұруына себепкер атанады.
Жыл бойы апта сайын, демалыс күндері Абайдың ауласынан адам қарасы үзілмейді. Екінің бірінің ойына келмейтін, ойына келсе қолынан келмейтін бұл істі қалай бастағанын сұраған едік.
– Бұл жұмысты жүргізу 2012 жылдардан басталған еді. Ол кезде есік алдында шағын монша бартұғын. Сол уақытта ауылда көпшілікке арналған мұндай монша салынбаған. Оқуда жүріп не аудан орталығында жұмыс жасаған кезімде демалыс күндері үйге барып, осы жұмыстарға үйреніп, ағама қолғабыс етіп жүрген едім. Кейін, беріде, бұл кәсіпті бірыңғай өз қолыма ала бастадым. Одан бері де 4 жылдай уақыт өтті,– деген жауап алдық.
Абай бала кезінен жеке кәсіппен айналысуды армандаған. Отбасымен кәсіп пен саудаға жақын жандар «саудада береке бар» дейді. Кішкентай кезінен ата-анасы мен бауырларынан үлгі алып есейген Абайдың үлкен қаладағы керемет моншаларды көріп, балалық арманына қанат біткен.
Кейіннен моншаны үлкейту, заман талабына сай етіп қайта жасауды қолға алған. Алғашқыда кәсіпкерлік грант ұта алмай, жаңа жоба құрылысын жеке табыспен қаржыландырған. Осыдан 4 жыл бұрын ауылдық елді мекен кәсіпкерлеріне арналған «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ ЖШС-дегі «Микробизнес-Қызылорда» бағдарламасы аясында қайтарымды несие алған. Үкіметтің көрсеткен қолдауы кәсіпкердің аяққа тұруына ықпал етіп, жаңа монша 2020 жылдың көктемінде халыққа қызмет көрсете бастаған.
– Көптен күткен құрылыс аяқталып, енді ғана көпшілікке арнап жұмыс жүргізе бастағанда қауіпті індет келіп, қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігі туындаған. Бірнеше жылға созылған еңбектің нәтижесін халыққа көрсетеміз бе дегенде, тағы да біршама уақыт жұмысты тоқтатуға тура келді, – дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде монша жұмысы тұрақты жүргізілуде. Ауыл тұрғындарына тиімді жағдайда қызмет көрсетіп тұр. Халық тән тазалығымен жан рақатын сезінген сайын кәсіпкерге алғысын білдіріп жатады. Құны да қолжетімді екен.
– Бұл біреуге тиын болғанымен, біреуге ауырлық етуі мүмкін екенін білемін. Сол себепті халықтың қалтасына ауырлық етпеу жағын назарда ұстауға барымды саламын, – деген кәсіп иесі кәсіптен бұрын, адамдық қасиетті ұмытпай, қайырымдылық шараларын ұйымдастырып тұруды естен шығарған емес.
Ораза айында ауыз бекіткен ауыл тұрғындары үшін моншаға түсуді тегін етіп, елдің алғысына бөленген ол алда түрлі жоспарларының бар екенін, қайырымдылық шараларын міндетті түрде ұйымдастырып тұратынын айтты.
– Бәріне бірден жеттік дей алмаймын. Әрине қиындығы бар, қызығы бар, жайлап несібемізге қарай тіршілік етіп келеміз. Мақсатқа қарай бір қадамдап үздіксіз әрекет ету берекелі болады. Десе де, ойға алған армандарым Алланың қалауымен орындалу үстінде, – деп бір түйіндеді Абай әңгімені.
Сәкен Сейфуллин ауылындағы құт дарыған шаңырақтың егесі, Абайдың әкесі – Т.Бекішов қарапайым күрішші болып жұмыс жасаса, анасы – Б.Ділдабаева алтын құрсақты ана, «Алтын алқа» иегері. Бала күнінен әкенің тәрбиесін, ананың «ұят боладысын» естіп өскен Абай – отбасындағы жеті баланың кенжесі.
Ауыл экономикасын көтеруге барынша үлес қосып отырған азаматпен кішігірім әңгімеміз барысында оның көпшіл, адал, «нәтиже – түзу жолда» дейтін турашыл адам екенін аңғардық. Сондай-ақ, көкірегінде намыс, көзінде от жанған жігіттің сөзінен көшбасшылық қасиет айқын аңғарылып тұрды.
Абай Тоқтаров аудан жастары арасында өте белсенді. Жастар форумдарында, аудандық, облыстық концерттерде ұдайы бой көрсететін. Белсенділігімен көзге түсіп, облыс, аудан әкімдерінің марапатына ие болған.
Шағын кәсіп иесімен шағын әңгімеміздің соңына таяу болашаққа деген мақсаты мен жоспарын да сұрадық.
– Арман көп, баста идея жеткілікті. Алда осы жұмысты жандандырсақ дейміз. Басқа салалар бойынша да жұмыс жасау ойға алып жүрмін. Еңсе тіктеп, аяққа тұрған соң, адамдарды жұмыспен қамтығым келеді. Осылайша ауыл экономикасын дамытсақ дейміз. Қазір шағын ауылдарда да тұрмыс жақсы. Ауыл тұрғындарына үлкен қаладағыдай тиімді жағдай жасауға үлес қосқым келеді, – деп ағынан жарылды ол.
Аға буыннан үлгі алып бой түзеген Абай өзінен кейінгілерге үлгі болғысы келеді.
– Қос қолға бір күрек таппай жүргендерге өзің әрекет етсең береке өзі келетінін ұғындырғым келеді. Тек адал еңбек пен ащы маңдай терді төгу қажет. Бұл тұста мен бір белесті алып тастадым демеймін, әрине. Адал еңбекпен өрісімізді кеңейте түсуге күш саламыз, – дейді Абай Тоқтаров.
Ауыл тұрғындары да Абайға дән риза.
– Бұл отбасын бұрыннан танимыз. Ауылда орталық монша жоқ кезден бастап «Абайдың моншасына» келетінбіз. Қазіргі монша тіпті керемет. Келушілер үшін жайлы жағдай жасалған. Абай ауыл тұрғындары үшін ең керек қызмет түрін кәсіпке айналдырып, алғысқа бөленіп отыр, – дейді пікірімізді қуаттай түскен ауыл тұрғыны А.Ғалымова.
