Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы жанындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық кеңестің отырысы өтті. Онда агроөнеркәсіптік кешеннің кәсіпкерлік салаларындағы инвестициялық жобалары, оларды қаржыландыру, іске асыру және өндіріс үлесін арттыру тетіктерін қарастыру мәселелері талқыланды.
Кеңес отырысына бейне байланыс режимінде партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, партия жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі аймақтық кеңес төрағасы, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшесі Бақдәулет Мақашов, сонымен қатар жауапты сала өкілдері қатысты.
Жалпы облысқа инвестиция тартуды тұрақты қамтамасыз ету мақсатында аймақтың агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2025-2027 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы бекітілді.
Жалпы Жол картасында құны 57,1 млрд. теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба қамтылған. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы 295 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы жалпы құны 13,4 млрд. теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде 3 жоба іске қосылған. Олар: Жалағаш ауданы «Ер Әлі» ШҚ-ның күріш ақтау зауытының құрылысы, Арал ауданындағы «Қарашалаң балық» ЖШС-нің балық өнімдерін өндіретін зауыт құрылысы жобасы және Жаңақорған ауданындағы «Қожамберді Батыр» мал сою пункті.
Жол картаға сәйкес, 2026 жылы құны 20,9 млрд. теңгені құрайтын 13 жоба, 2027 жылы құны 22,7 млрд. теңгені құрайтын 3 жобаны іске қосу межеленуде.