Kyzylorda-news.kz. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмыстарының бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшамды әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі.
Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заң қабылдануға тиіс" деп кәсіпкерлерге жасалатын қолдаудың қаншалықты артатынын баса айтқан болатын. Міне, осы бағыттағы жұмыстар қазірде ел көлемінде ауқымды түрде жүргізіліп жатыр.
Бұл тұрғыда облыс орталығында да жүйелі жұмыстар жасалып, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы - 2020, 2025», «Нұрлы жер» секілді кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін дәлелдеп келе жатса, аудандағы ахуалды Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың жақында берген баспасөз конференциясындағы:
– Өткен жылдың соңында аудан орталығында кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік үйі» бой көтерді. Қазіргі таңда, нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік беруде. Сондай-ақ былтыр тұрғындар таңдау еркіндігі болуы үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» және «Еуразиялық» банкінің қаламызда бөлімшелері ашылып, қаржы ұйымдарының саны 6-ға жетті. Нәтижесінде теңізді өлкеде кәсіппен айналысушылар қатары көбейген, – деген С.Сермағамбетов 2023 жылдың І жартыжылдығына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6599 бірлікті құрап, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда 38,4% өсім алғанын жеткізді. Ал, жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де 44,3%-ға көбейген. Осылайша аудандағы кәсіпкерлерге қолдау жасаудың игілігін тек қала халқы ғана емес, барша аудан тұрғындары сезініп отыр, – деген сөзінен анық аңғара аламыз.
Бұл ретте кәсіпкерлердің ауданның басты байлығына баланған балық шаруашылығының ауқымды жұмысы жайлы да көптеген әңгіме айтуға болады. Расында аудан аумағында маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Оның 17-сі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілген. 3 көл резервте. Биыл Кіші Арал теңізінен 6920 тонна балық аулау лимиті бекітіліп, 6651 тонна балық ауланып, 2430 тонна балық өңделген. Ауданда жылдық қуаттылығы 24000 мың тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты қалтқысыз жұмыс істеп тұр. Оның екеуінде «Еврокод» белгісі бар. Бұдан басқа, аудан төңірегінде 10-нан астам шағын балық цехтарыда өз жұмыстарын жасап келеді. Осы кең көлемдегі жұмыстардың нәтижесінде алғашқы жартыжылдық көлемінде 1266 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылған.
Десе де аудан халқы тек балық аулап, оны өңдеп, экспортқа шығарумен ғана айналыспайды. Облыс бойынша балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілген болатын. Бекітілген бағдарламада ауданға қатысты тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көліміз тізімге енгізілді. Бүгінгі күнге 3 тауарлы көлге инфрақұрылым жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттамалары әзірленгеніне, аталған бағдарлама аясында тоғанда балық өсіру жобасын қолға алғанына, жалпы 2 жыл ішінде 10 қолдан балық өсіру жобасын орындайтынына тоқталды.
Осындай балық өсіру жұмысын қолға алған азаматтардың бірі, кәсіпкер – Шалғынбай Алматбаев. Баршаға белгілі Аралдың қос брендінің бірі балық шаруашылығына бет бұрған азамат бүгінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген. Балық шаруашылығы тек оны аулаумен ғана шектелмейтінін сезінген ол құм ортасындағы Ерімбетжағада тоған жұмысын қолға алған.
Иә, шалыс естімедіңіз. Кәдімгі Қарақұм қойнауындағы Ерімбетжағаны айтып отырмыз. Ысылдаған бұйрат құмдардың арасында балық өсіріп жатқан Шалғынбай Алматбаев дейтін азамат бар. Тоған жұмысының тынысын білу үшін кәсіпкердің өзімен тілдестік.
– Ауылдағы шағын ғана көл бос жатыр. Ол көлдің де қалай пайда болғаны бөлек әңгіме. Бірақ осы көлді неге ел игілігіне игермеске деген ой келді. Іс жүзінде жүзеге асыруға талап қылдым. Осылайша 2019 жылы өз қаржыммен алғашқы болып жұмысты бастадым. Бірден табысқа жету, нәтижеге ұмтылу мүмкін емес қой. Теңізге барып, балық аулап, тірі балықтарды қалаға жеткіздім. Осы қаладан суды ауыстырып, тазалап, соны ауылға апарып, көлге жіберіп көрдім. Бір барғанда 10, келесіде 20-30 балықтан өсіріп көрдім. Жаз мезгілі қиындық тудырмады. Бірақ қыста "әлде қалай болады?" деп қорықтым. Қатқан мұзды ойып, қарап тұрдым. Келер жылы балықтар мұздың астында жүріп те өсті. Тіпті уылдырық шашты. Кейін Қамыстыбас балық питомнигінен де балық жеткізіп, соны өсірдім. Қазіргі уақытта сазан, толстолоб, беломор, карп тектес балықтар өсіріп жатырмын, – дейді.
Үш жыл ғана уақыт өтсе де қырдың өлкесіне Сырдың балығын өсіріп отырған Шалғынбай алдағы уақытта да бұл кәсібінің көкжиегін кеңейтуді көздейді. Бірақ әзірге тек уақыттың еншісіндегі жұмыс қана. Алдағы уақытта қолдау да болады деген ойдамыз. Себебі аудан әкімі Серік Сермағамбетов Ерімбетжағаға жасаған сапарында мұндай кәсіпті қолдауға қашан да дайын екенін айтқан болатын. Иә, мүмкін емес нәрсенің болмайтынын осыдан-ақ білуге болады. "Талапты ерге нұр жауар" деген осы. Өзінің сүйікті ісін істеген адам емес, өз ісін сүйіп істеген адам ғана жетістікке жетеді.
Мұнан бөлек кәсіптің түрлі бағытын таба білген азаматтардың қатарында Артур Құдайбергенов те бар.
Бір кездері алып сатудың өзін кәсіп деп, сатушыларды кәсіпкерге санап келгеніміз жасырын емес. Бірақ уақыт өткен сайын азаматтардың кәсіпке деген көзқарасы да өзгере бастады. Тек көпшілік істеп жүрген жұмыстан да басқа бағыттарда еңбек етуге көшті. Өздері өнім шығарып, халықтың игілігіне қызмет етуді мақсат етушілер өте көп. Ауданымызда да мұндай кәсіпкерлер күн санап көбейіп келеді. Артур да аралдықтарды қажетті дүниесімен қамтамасыз етіп отырған азаматтардың бірі.
Кәсібін көзбен көргіміз келіп қоңырау шалдық. Мекенжайын сұрағанымызда "Үмбет би Матаев көшесіне келгесін тағы да қоңырау шалыңыз" деді. Бірақ екінші рет қоңырау шалу қажет болмады. Еңбекқор жігіттің жұмысы көшеге кірген бойда байқалып тұр екен. Артур да күннің ыстықтығына қарамай, құдыққа арналған сақина пішіндес бетон құйманы қолдан құйып жатыр. Жанына жақындап барған бойда жылы шыраймен амандасып, қос қолдап алақан алысып, ескі таныстарша ашылып әңгімеге көшіп кетті.
Артур Өтепбергенұлы 1982 жылы дүниеге келген. 2019 жылы алғашқы рет құдыққа арналған бетон құйманы жасайды. Бірақ әп дегеннен адамның ойындағыдай бола қойсын ба?! Қиындықтарды да көреді. Дегенмен жігерлілік танытып, бастаған істі орта жолдан тоқтатқысы келмеді. Бүгінде өнімін бір тұтынған адамдар қайтадан іздеп келіп, тапсырыс беретіндей дәрежеге жеткен. Ол жайлы кейіпкеріміздің өзі айтсын.
– Иә, баста өте қиын болды. Бірден жолға түсіп, ойдағыдай бола қоймады. Бірақ отбасым қолдау білдірді. Одан бөлек мемлекеттің қолдауын да айтпасқа болмайды. Жалпы жұмыс істеймін, алға қарай жылжимын деген адамға бүгінде мемлекет тарапынан таудай көмек көрсетіледі. Оны көзбен көріп, сезінгендердің бірі менмін. Шынымды айтайын, осы кәсіпті бар-жоғы 30 мың теңгемен ғана бастадым. Қазірде бұл көп ақша емес. Бірақ Аллаға шүкір, бүгінгідей дәрежеге жеттім. Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалының көмегімен осы бағытта оқып, 583 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болдым. Қай уақытта да талап қылған азаматтардың қолтығынан демеп, жағдай жасауға дайын тұратын сол азаматтарға алғысым шексіз. Сол қаржының көмегімен керекті құралдарымды алдым. Бүгінгі таңда отбасымды, төрт баламды осы еңбегімнің арқасында қатарынан кем қылмай өсіріп отырмын, – дейді кейіпкеріміз.
Расында қарапайым ғана болып көрінгенімен, бұл жұмыстың да сапалы болуына да көптеген заттар қажет. Жалғыз цементпен ғана емес, тас пен теңіз топырағы да қосылатын құймаларды араластыруда бетон араластырғыштың көмегі зор. Мұнан бөлек қалыпқа құйылмас бұрын ішіне арнайылап темір тоқылып, салынады. Құйманы нығыздау да жұмыстың басты бөлігі болып табылады. Бұлардың барлығы толықтай жасалмаса, сапаның сын көтермейтіні белгілі.
Аулаға кірген бойда Артурдың еңбекқорлығын тағы байқадық. Қаз-қатар тізілген сақина тәріздес бетон құймалар аламын деушілерге дайын тұр. Құйманың бетін жабуға арналған дөңгелек бетон құймалар да табылады. Қазірде сақина пішіндес құймалар 23 мың, жабынды бетондар 15 мың теңгеден сатылып жатыр.
Әңгіме барысында Артурдан алдағы жоспарын да сұрадық. Кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруге құштар азамат алдағы уақытта тағы бір кәсіптің көзін ашпақшы. Бірақ әзірге жасырын ұстағанды жөн көреді. Дегенмен жаңа кәсіп жұмысын бастай қалса, ауданда алғашқы рет шығарылатын өнім болмақ.
Кәсіпкер жігітке табыс тіледік. Мемлекеттің қолдауын халықтың игілігі үшін жарата білген азамат аралдықтарды тұрмыстық қажеттілікпен де қамтамасыз етеді деген ойдамыз.
Айтпақшы, мемлекеттің қолдаудың тағы бір бағыты кәсіп бастаймын деген азаматтарға арналған гранттар бөлу. Расында бұл көпшілікке ойда жүрген, қолдан келетін өнерін, ептілігін күнкөріс көзіне айналдыру ғана емес, сол арқылы өзгенің де сұранысын қамтамасыз етудің нақты жолы. Биылдың өзінде жыл басынан бері 70 адамға грант берілгенін аудан халқы жақсы біледі. Қолдаудан қанаттанған жандардың арасында жаңа идеялар мен ауданнан алғаш рет шығарылып отырған өнімнің иелері де бар. Солардың бірі Сексеуіл кентінің тұрғыны Айгүл Шамшадинова.
"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен "Бастау-Бизнес" жобасы аясында сертификат алған кейіпкеріміз биыл бақша дақылдарын өсіру бағытындағы бизнес жоспары негізінде грантқа ие болған.
Айгүл Әбілдақызы асыраушысынан айырылған көп балалы ана. Алланың берген 4 перзентін қатардан қалдырмай жетілдіру әрбір ұрпақ өсіріп отырған жанның асқақ арманы емес пе?! Міне, балаларының бақыты үшін еңбек етіп, белгілі бір жетістікке жетуді көздеген жанның бірі біздің бүгінгі кейіпкеріміз.
Айгүл Шамшадиновамен тілдескенімізде:
– "Талаптыға нұр жауар" деген терең тәмсіл бар. Мұндағы нұр дегеніміз Алланың мейірім мен шапағаты. Демек еңбек еткен жан майдай тер мен адал еңбегінің есесін көретінін осыдан-ақ білуге болады. Расында талаптанған, талпынған адам түбінде табысқа жететіні анық. Ол үшін тыңнан түрен салудың да қажеті жоқ. Тек қолдан келетін істі кәсіп етіп айналысу жеткілікті деп білемін. Мәселен бақша өсіру атадан келе жатқан кәсіп десек десем болады. Қыр-сырын бала кезден меңгерген істі осындай мүмкіндік туып тұрған жағдайда кәсіпке айналдыруға талап қылдым. Қолдауға ие болып, қазірде гранттың жемісін көріп, жұмысымды бастап кеттім, – дейді.
Осы ретте кейіпкеріміз жергілікті атқарушы билікке де алғысын айтуды ұмытпады. Егін отырғызуға қажетті жер сұрап жазған өтінішін қанағаттандырған Сексеуіл кенті әкімшілігі де еңбек етемін деген жандарға әркез қолдау білдіруге әзір тұратындығын айта кетті.
Иә, қазірде 6000 түп Темірлан F1 қарбыз тұқымы егілген алқап қазірде көктеп, алқаптың ажары кіріп қалған. 40 күнде өнім беретін қарбыздың бұл тұқымының да дәмін татар күн алыс емес.
"Елдің қазынасын толтырып қана қоймай жұмыссыздықпен күресті оңтайландыруда кәсіпкерлік саласының берері мол. Ал осы салаға жасалған қолдау халықтың кәсіпкерлікке деген көзқарасы мен тың идеяларын жүзеге асыруға таптырмас мүмкіндікке айналды" дейтіндердің бірі қолдаудың нәтижесінде кәсібінің көкжиегін кеңітуге, арманындағы адал ісін жүзеге асыруға мүмкіндік алған Арсена Күшжанова өзінің ерекше жұмысымен тұтынушыларын таңдандырып келеді.
1988 жылы көршілес Қырғызстанның Ыстықкөл облысында дүниеге кейіпкеріміз бүгінде Аралдың келіні, төрт баланың анасы. Отбасылық қызмет пен келіндік міндетін адал атқарып келе жатқан Арсена бүгінде кәсіпкерлік саласында жан-жақты бағын сынап, табысты еңбек етуде. Қазіргі уақытта касметикалық дүкеннің иесі тағы бір ерекше жұмысымен жұртшылықтың сұранысын қамтамасыз етіп келеді.
Нақтырақ тоқталар болсақ көздің жауын алатын түрлі пішіндегі сувинерлік сабындар жасап, өнімі кеңінен таралып үлгерген. Осы жайында сұрағанымызда кәсіп иесі:
– Кез келген жұмысты бастауға бір себеп табылады ғой. Менің де өз себебім бар. Алғашында бұл тек хобби болатын. Бірақ декреттік демалыста отырған уақытымда 2017 жылы қызымның үстіне майда бөртпелер шықты. Ана баласы үшін қандай нәрсеге де дайын тұрады емес пе?! Мен де қызымның денсаулығына қатты алаңдадым. Сол уақытта эфир майы арқылы, басқа да қоспалар қосып оның оң әсер беретінін білдім. Сосын осындай емдік қасиеті бар сабынды жасауды қолға алып, бірнеше данасын жасадым. Алғашында жақындарым және сабынның падасын естіген бірнеше адам сатып алды. Бірақ ол уақытта қазіргідей жарнамалауға мүмкіндік аздау болды. Сондықтан сұраныс та аздау болғандықтан, ол кәсіптен қол үзіп кеттім. Және дәл сол уақытта оны кәсіп қыламын деп ойламаған да болатынмын, – дейді.
Бірақ қазіргі уақытта жарнамаға да мүмкіндік бар, халықтың да талғамы бөлек уақыт. Бүгінгі уақытта сәндік сабындарға да сұраныс өте жоғары. Тойтабаққа, өзге де тарту жасауға әсемдігі мен ерекшелігіне қарап сәндік сабындарға тапсырыс берушілер өте көп. Сондықтан сабын жасауға ден қойдым. Алдағы уақытта қолдан келер дүниені дамыту мақсатында жан-жақты жұмыс істеп, мемлекеттің қолдауын да пайдаланғысы келеді.
– Жақында ауданға арнайы келген Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Пирмұхаммед Сыздықовтар көрмеге қойылған өнімімді көріп, ерекше қызығушылық танытты. Мұндай тың жаңалықты қолдауда облыстан да ерекше көмек болатынын айтты. Себебі мұндай сәндік сабын жасап отырған өзге кәсіпкер болмағандықтан, бәсекелстік те аз. Сол себепті әрі қарай дамытуға жағдай жасаймыз деді, – деп қуанышты жаңалығымен де бөлісті Арсена.
Расында кәсіпкерлік саласында тың бастама мен жаңашылдық өте маңызды. Ендеше заман талабына сай өнім дайындап отырған Арсенаға біз де табыс тілейміз.
Грантқа қол жеткізген келесі кейіпкеріміз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мемлекет кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау үшін тиімді тәсілдер қолданып жатыр. Атап айтқанда, гранттар, шағын және жеңілдетілген несиелер беріледі. Қазірде еңбекке жарамды халықтың арасында бизнес саласына бет бұрғандар көп. Аймақтағы кәсіпкерлердің санын айтарлықтай көбейту үшін мемлекет тарапынан қолдау шараларын әлі де күшейту қажет. Осы мақсатта арнайы ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, бұл туралы халықтың көбі білмей жатады. Сондықтан, ел ішінде бизнесті қолдау саясаты туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет» деген сөзінен қанаттанған көп балалы ана Гүлсара Айтпақова да осы салада жұмыс істеп келе жатқан жеке кәсіпкерлердің бірі. Биыл наурызда мемлекеттің қолдауына ие болып, 1 380 000 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған Гүлсара қалада отырып құс өсіруді кәсіп кеткен.
Алғашында қызығушылықпен бастаған жұмысы кейіннен өзінің кәсібіне айналады деп ойламаса керек. Осыдан 5 жыл уақыт бұрын оншақты тауық бағып бастаған кәсіпкер бүгінгі таңда құстың осы түрінің өзінен бірнеше түрін өсіріп отыр. Нақтырақ тоқталсақ адлер, кучин, голощекин парадоларын көбейтіп отыр.
– Адам қай жұмысты болса да сүйіп істеуі керек. Басында тауықпен басталған бизнесімнің бүгінде көкжиегі кеңейіп отырғаны да содан болар деп ойлаймын. Өйткені ерекше ықылас қойып, күтім жасамасаң оларды көбейту де қиынға соғады. Қазіргі уақытта тауықтың бірнеше түрімен қатар қаз, үйрек, күркетауық та бағып жатырмын. Тіпті өте сирек кездесетін тауыс та бағып отыр. Олардың өзін, жұмыртқасын сатып қана қоймай, басын көбейтуді де мақсат қылдым. Осы орайда аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсауле Ембергенова мен Атамекен палатасының қызметкері Нұрлан Бердібекұлына алғысым шексіз. Бастаған істі үйлестіріп, қолға алған жұмыстың ауқымын арттыруда орынды кеңес беріп, таптырмас мүмкіндік жасады. Солардың кеңесінің арқасында мемлекеттік грантқа ие болып, Түркістан қаласынан жұмыртқа алдырып инкубатор аппаратын алдым. Құстардың жұмыртқасын салып, соңғы күндері алғашқы балапандар шығып жатыр, - дейді Гүлсара Айтпақова.
Өз кезегінде осындай бастаманы қолға алған тұста тілекші болып, көмек беріп келе жатқан отбасына алғыс айтты. Жолдасы Асанхан Тишев екеуі үш ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Қыз ұзатып, құдандалы болған шаңырақ. Асанхан аудандық мәдениет орталығында жұмыс жасайды. Мұнан бөлек оның да жеке кәсібі бар. Балдарымның барлығы өнер жолында. Ұлдары Рамазан музыка маманы ретінде баян аспабын игерсе, Аслан – барабаншы. Қазір 1 курс студенті. Инабат Сырдың бойында қалыптасқан жыраулық өнерді жанына серік етіп, осы жолда дәріс алып, аудандық, облыстық, республикалық байқауларда марапат төрінен көрініп жүр. Ал кенжесі Айкөркем 1 жасқа толады.
Кәсіп иесі алдағы жоспарларымен де бөлісіп өтті. Кәсібін ұлғайтуды көздеп отырған Гүлсара жанына адам алып, жұмыспен қамтуғысы келеді. Сонымен қатар жер беріліп жатса құс өсіруді одан әрі дамытпақ. Арнайы бассейн жасап, олардың көбеюіне барынша жағдай жасауды көздеп отыр.
Ерекше кәсіптің көзін тапқан кәсіпкер Аралдық бренд қалыптастырып, табысты жұмысы мен жағымды жаңалықтарын әлі талай ақпараттандырамыз деген сенім бізде де мол.
Сексеуіл кентінде жасалып жатқан шұжықтың иесі Шарбану Мамытова да гранттың игілгін көрген жандардың бірі. Шарбану бүгінде бір шаңырақтың келіні, 4 баланың анасы. Мектеп бітірген соң Ақтөбе қаласындағы Темір жол колледжін бітіріп, кәсіби мамандық алып шығады. Бірақ мамандық бойынша қызмет жасамағанымен, үй шаруасында жүріп жаңа жұмыстың көзін табады. Осылайша бүгінгі уақытта ол шұжық жасаумен айналысып, өз тұтынушыларының көңілін шығып отыр.
Кез келген дүниені бастау үшін белгілі бір себеп болады екен. Бірде дүкеннен сатып алған колбасаның ішінен шыққан нәрсені көріп, оның таза еместігіне күмән туды. Осылайша отбасымызбен үзілді кесілді шұжық тұтынудан бас тарттық. Бірақ қазір барлығы дамыған уақыт қой.
Іnstagram желісінде отырып, шұжық, ет, сүт өнімдерін табиғи жолмен жасайтын әдісті көзім шалып қалды. Осылайша Ақтөбе қаласынан соны үйреніп қайттым. Десе де мұны кәсіп көзіне айналдырам деген ой мүлде болмады. Бірақ үй жағдайында өзім дайындап, тұтынып жүрдік. Одан дәм татқан туыстар, жақындар, достар оң бағасын беріп, "Керемет дүние жасапсың. Неге осыны кәсіпке айналдырмайсың. Қолдан келетін жұмысты жақсы кәсіп етуге болады ғой" деген пікірлерін білдірді. Осылайша қызығушылығым артып, талап қылдым. Оның үстіне мемлекеттің кәсіпкерлерге жасап жатқан жағдайы, қолдауы да ерекше емес пе?! Кәсіпкерлер палатасы арқылы "Бастау Бизнес" жобасы арқылы оқып, арнайы сертификат алып, қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Соның нәтижесінде өз жұмысымды ары қарай дөңгелетіп алып кетуге зор мүмкіндік туды, – дейді Шарбану Тәуекелқызы.
Иә, бүгінде тыс кәсіптің көзін тауып, соны дамыту жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген Шарбану өз тұтынушыларының да қарасы көбейіп келе жатқанын айтты. Жылқы мен сиыр етінен жасалатын шұжықтың құрамы да табиғи тазалығымен ерекшеленеді. Тұз бен бұрыштың қоспасынан әзірленетін өнімнің сұранысқа енуінің өзі сол табиғи тазалығынан екені сөзсіз.
Алдағы уақытта өз өнімін нарықтық ауқымын кеңейтуді ойлаған кәсіпкер шұжықтардың барынша тез арада қолданылғанын қамтамасыз етуді қалайды. Себебі арнайы химиялық құрамның болмауына байланысты, ұзақ уақыт сақтауға қолайсыздығын да жасырмады. Тағы айта кететін жағдай Шарбану Мамытова бұл бағыттағы жұмыстармен тоқтап қалуды көздемейді. Алдағы уақытта орталықтан ет, сүт, қойдың құйрығынан жасалатын өзге де өнімдерді әзірлейтін арнайы цех ашуды көздейді.
Иә, қазірде кәсіпкердің өзі айтқандай мемлекет тарапынан қолдау өте жоғары. Осы мүмкіндікті пайдаланып, бренд қалыптастырып жатса, ауданнан тек балық пен тұздан да өзге өнімнің шығатынын жаһан жұртшылығы да жақсы танып, білер еді дейміз.
"...Ондай болмақ қайда деп, Айтпа ғылым сүйсеңіз..." деген Хәкім Абайдың сөзінен қанаттанып жүрген қолы шебер, көзі тани білетін жандардың бірі – Гүлназ Әбдірахманова жайлы айта кетейік. 1988 жылы Арал қаласында туған. Бүгінде бір шаңырақтың көргенді келіні, бес баланың ақылшы анасы. Сонымен қатар екі бірдей мамандықтың иесі. Алғашында мектеп бітірген соң техник-бағдарламашы бойынша білім алған Гүлназ Тастыбайқызы кейіннен мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша оқуып, диплом алған. Алайда баламен отырып, жұмыс жасаудың реті келмейді. Бірақ бүгінде сол бала күнгі көкейдегі қызығушылығының нәтижесінде бойындағы қабілетті дамытып, елдің батасын алып келеді. Анығырақ айтсақ тігін машинкасын жанынан серік етіп, тігін тігумен айналысып келеді.
Иә, бала күнде қолына қайшы алып, түрлі ою-өрнекті қиып ойнамаған қыз баласы жоқ шығар. Бірақ есейе келе бәрі ұмыт болады. Уақыт талабына сай білім алып, сол бір балғын шақтағы іскерлікке деген ұмтылыс естелікке айналып қала береді. Ал кейіпкерімізде бәрі басқаша. Өйткені "мен тек өзімнің ғана арманымды орындауға ұмтылмадым" дейді.
– Кішкентай кезімнен тігін тіккенді ұнататынмын. Бір қызығы анам емес, әкем тігінге жақын болды. Әжеме, тәтелеріме, ағаларыме қолғап, башмакты өрнектеп тұрып тігіп беретін. Соның барлығын жанында отырып көріп өстім. Содан болар тігінге деген махаббатым ерекше. Ерекше ықыласпен көңілге тоқып, шабытпен жұмыс істеймін. Өзінің сүйікті ісін істеген адам бақытты емес, өз ісін сүйіп істеген адам бақытты демейді ме?! Менің сүйікті ісім де, сүйіп істейтін ісім де – тігін тігу болатын. Осылай бола тұра менен бақытты адам болар ма. Студент кезiмде де әкем алыс Арқалық қаласында тұратын тәтемнiң тiгiн машинасын қыздарыма деп алып келгенi есімде. Сол тігін машинасын көргенде, бақытымызда шек болмады. Ол өзімнің алғашқы тігін машинам. Содан әпкем екеуміз құрақ көрпелер тіге бастадық. Үйде жұмыссыз отырмай, қолдан келетін тігін кәсібімді іске асыруыма да сол басты себепші болды – дейді.
"Тілегенге – сұраған" деген осы шығар. Талапты жанның көздеген мақсатына жету мүмкіндігі тіпті арта түсті. Кәсіпкерлікке қолдау артып, 2019 жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша мемлекеттік грант ұтып, өз кәсібін бастауға жол ашылды. Мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грантқа қажетті тігін машиналарын алып, жеке кәсіп ашты. Бірақ кез келген істің қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі ғой. Жаһан жұртшылығын дүрліктірген пандемия салдарынан жұмысты әрі қарай қарқынды дамытып кету ауырға тиді. Сонда да өз кәсібімнен жалықпаған Гүлназ Тастыбайқызы алдағы уақытта өзінің жеке коллекциясын шығарып, арнайы тігін орталығын ашқысы келетінін жасырмады. "Бұл өзгелерді де жұмыспен қамтудың бір жолы болар еді" деген тігінші тәжірибесімен бөлісіп, шеберлік сыныбын өткізуді де көңілі қош көреді.
– Адам ізденіссіз жоғарыға өрлей алмайды. Оған көзім анық жетті. Бірнеше тігіншілікке арналған оқу курстарынан, көптеген осы істің шеберлерінің шеберлік сыныптарынан өтіп, үйренгенім көп. Тек киім тігу ғана емес, өзге де тапсырыстарды жауапкершілігіме алып, көңілінен шығып келемін. Төсек жасау, бесік жасауын тігу сияқты өзге де дүниелерді тігіп келемін. Басқалар да осыны үйренсе деймін, – деді.
Әңгімелескенімізде қолы өнерлі жан "Кішкентай кезімізде әжем күн шуаққа қол машинасын жылтыратып майлап отыратын. Сол кезде әпкем екеуміз тып-тыныш отыра қалатынбыз. Тынышталуымызда да себеп бар ғой. Әжемнің тіккенін көргіміз келеді. Ал шуласа қалсақ бөлмеден шығарып жібере ме деп қорқамыз. Әжем де біздің тіккенімізді қалаған шығар, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп отыратын. Тіпті қызықтырып "Ертең сендерге қазақша көйлек тігіп беремін" дейтін. Өкініштісі, қазір түрлі қазақша көйлектер тігетінімді әжем көре алмай кетті. Бірақ артына үлкен тәлім-тәрбие қалдырып кеткенін мақтанышпен айта аламын" деп көңілі босады.
Десе де талай үлкен мен көңілі алып ұшқан балақайларды қуантып келе жатқанын есіне алған Гүлназ жауапкершілікті алдыңғы орынға қояды. Оған көп тұтынушыларының пікірі дәлел. Біз де еңбегіне сәттілік тілейміз.
Талап қылған жанға мүмкіндік көп. Талпынсаң алдыңнан жол ашылады. Бұған уақыт дәлел, жылдар куә болып отыр. Әсіресе қазіргі уақытта мемлекеттің ынталы жанға жігер сыйлап, ілгері ұмтылуға арналған бағдарламалары өте көп. Солардың бірі кәсіпкерлікке бет бұрып, ойлағанын жүзеге асырамын деген жандарға жасалған жағдай. Бұл бағыттағы жұмыстар еліміз тәуелсіздік алғалы бері жалғасын тауып келеді. Десе де соңғы жылдары халықтың көзқарасы, талпынысы ерекше.
Жалпы кәсіпкерлікке қадам басу уақыттың жаңалығы емес екенін жақсы білеміз. Білімді, білікті жандар қай уақытта болса да жоспар құрып, сол жоспары арқылы алға жылжудың жолын таба білген. Бұл сөзімізіге Шығыстың ойшылы Ахмед Иүгінекидің «Білікті білім жинап, кәсіп етер, Білімнің дәмін татып, өсіп өнер» деген сөзі анық дәлел.
Расында білім өсіп-өркендеудің, өрге қарай жылжудың бірден бір адастырмас жолы десек артық айтқандық емес. Санасы аппақ парақтай тап-таза бүлдіршіндерге дұрыс бағыт, тура жол сілтейтін ұстаздардың да құрметке бөленуі сондықтан. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де ұлағатты жолды таңдап, сол бағытта білім алып, алған білімін өзінің кәсібіне айналдырып отырған жас кәсіпкер Әдемі Қуандықова.
1997 жылы Арал қаласы, Құланды ауылында туған Әдемі Ерқосайқызы мектеп қабырғасында жүріп өзіне білім берген ұстаздарына деген қызығушылықпен осы мамандықты таңдайды. Алдымен Қарағанды қаласында «Болашақ» колледжін қазақ тілі мен әбедиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқып бітірген ол кейіннен Арқалықтағы «Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтында» бастауыш сынып оқушыларына білім беру мамандығын оқып шықты.
Бірақ мектеп қабырғасындағы шәкірттерге дәріс беру мүмкіндігі болмады. Дегенмен қос дипломмен қарап отыру бүгінгі қоғамда қамсыздықтың бейнесі екенін түсінген Әдемі өз білімін жаңа бағытта жүзеге асырып, қолдан келер жұмысты кәсіпке айналдыруды ұйғарды. Осылайша былтыр «Zeyin» оқу орталығын ашып, осы жерде бастауыш сынып оқушыларына білім беруді қолға алды.
– Бүгінгі таңда қай салада болмасын оқу бітіріп, бірақ жұмыссыз жүрген жастар көп. Бұл тәуекел етпеуден деп білемін. Байқап қарасақ қыз балалар әдетте оқу бітірген соң тұрмыс құрады. Одан кейін әрбір қыз ана бақытын сезінуі қажет. Осылайша жұмысқа орналасуға мүмкіндік болмай жатады. Бірақ талап қылсаң, көздеген мақсатыңа жетуді ойласаң қазірде мемлекетімізде жан-жақты жағдай жасалған. Мен де қазір үш баланың анасымын. Баламен үйде отырып, олардың сабағына қараймын. Бұл маған өз мамандығым бойынша алған білімімді тәжірибе жүзінде жүзеге асыруға, оны ары қарай дамытуға үлкен көмек болды. Мұнан бөлек өзге де оқу орталықтарында дәріс беріп, балалармен жұмыс істеуге машықтығымды ары қарай дамыта түстім. Бірде жолдасыммен ақылдаса отырып, кәсіпке бет бұруды шештік, – дейді Әдемі Қуандықова.
Расында қазіргі қоғамның сұранысындағы кәсіпті жаңылмай тауып, заман талабына сай жұмыс істеуді көздеген кәсіпкер мұнан бөлек:
– Баланың санасы біліммен, оқумен жетіледі. Білімнің тұрақтылығы оның жиі қайталап, еске салып отырғандығында. «Қайталау – білімнің анасы» деген сөз мұғалімдердің қашаннан ұранына айналған. Оқушының мектепте алған білімі санасында жатталып қалуы үшін тұрақты түрде қадағалап, оны жиі қайталатып отырған абзал. Әлбетте бұл жұмыс ата-ананың үйдегі басты міндеттерінің бірі. Бірақ заманның қазіргі талабы, ағыны бөлек. Ата-аналар балалары бақытты өмір сүруі үшін, олардың тоқ жүруі үшін бірінші кезекте жұмыс жасап, еңбек етеді. Ал баланың сабағын қадағалау көп уақытта мүмкін бола бермейді. Міне «Zeyin» оқу орталығында алдымен соны назарда ұстаймын. Сонымен қатар ата-аналармен, балалардың мұғалімдерімен байланыса отырып, әр оқушының осал тұсы, балаға қиындық тудырып жүрген тақырыптар, пәндер бойынша жұмыс істеп келемін. Бұл ретте жеке оқытуға да сұраныстар көп. Ал осы жүргізілген жұмыстардың нәтижесін орталықтан білім алып жүрген шәкірттердің жетістігінен анық байқай аласыздар. Жақында Қазақстандық интеллектуалды олимпиадалар сайтының ұйымастыруымен 1 сынып оқушыларының білімін тексеру мақсатында математика пәні бойынша орталықтан білім алып жүрген Шерхан Райханов І дәрежелі дипломға ие болды, – деді.
Әңгімелесу кезінде жас кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ата-аналар мен балалардың алғысына бөленіп келе жатқан Әдемі «әрбір білім алушым «апай, мен бүгін мектептен бес алдым» деп қуанып келгенде менен бақытты адам болмайды дейді. Расында қазақтан шыққан математик Асқар Жұмаділдаев «Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!» деген екен. Баланың бақыты, болашағы үшін еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерге біз де сәттілік тіледік.
Міне, айдынды Аралда осындай ауқымды жұмыстар легі өте көп. Қазірде 6000-нан аса кәсіпкері бар ауданның осы бағыттағы жұмыстары жайында айта беруге болады. Алдағы уақытта сүйікті оқырмандарымызға ақжолтай жаңалықтарды алғашқы болып жеткіземіз.