Kyzylorda-news.kz. Елімізде бизнесті қорғау саласы түбегейлі жаңғырғалы тұр. Қазір мүдделері қозғалған бизнес субъектілеріне аудит қорытындыларымен танысуға және шағымдану құқығын беру мәселесі заңнамалық тұрғы-да реттелген.

Бұған қоса кәсіпкерлерге қатысты салық бұйрықтарын шығарудың және фискалдық органның бақылау-кассалық машиналарды қолдану мәселелері бойынша тексеру жүргізудің, сондай-ақ әкімшілік жаза қолданудың заңсыз тәжірибесі тоқтатылған екен. Кәсіпкерлер құқығы қалай қорғалуда? Бүгінгі күні де бұл проблема күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Аталған мәселе жөнінде Қармақшы ауданы прокурорының міндетін атқарушы Ануар Мұратов аудан кәсіпкерлерімен кездесті.

Ашық отырыс, еркін пікір алмасу нысанында өткізілген жиында кәсіпкерлер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс-ойларын жеткізді. Кездесуге қатысқан уәкілетті орган өкілдерімен бірге кәсіпкерлердің сұрақтары мен көтерген мәселелері жан-жақты талқыланып, тиісті жауаптар берілді. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқығын қорғау, кәсіпкерлер жобаларын сүйемелдеу және қаржылық емес көмек көрсету, міндетті жарналық төлемдер жасаған кәсіпкерлік субъектілері, коммуналдық қызметтің жағдайы және салық мәселелері талқыланды.

Отырыс барысында Ануар Мұратов кездесудің маңыздылығына тоқталып, кез келген уақытта азаматтарды қабылдауға және уәкілеттік шегінде құқықтық көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді. Жиын соңында кәсіпкерлерге өз құқықтарын жүзеге асыруға қатысты заңнама нормаларына түсіндірулер жүргізілді.

Тағы да оқыңыз: