Kyzylorda-news.kz. Өткен жылдың 26 желтоқсанында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойған болатын.

Аталған мораторийге енетін кәсіпкерлер мен Жарлықта көрсетілген жеңілдік қолданылмайтын бизнес субъектілері жөнінде Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Салават Құлмахан айтып берді.

«Президент қол қойған Жарлыққа сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізе алмайды», – дейді Салават Құлмахан.

Айта кетейік, микрокәсіпкерлер дегеніміз жұмыскерлерінің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 30 000 еселенген мөлшерінен, яғни 79,5 млн теңгеден аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері.

Ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне заңды тұлға құрмаған жеке кәсіпкерлер және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны 100 адамнан аспайтын және жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 300 000 еселенген мөлшерінен, яғни 795 млн теңгеден аспайтын, кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар жатады.

Палата директорының орынбасары мораторийге кірмейтін, яғни тексерулер жүргізіле беретін жағдайларға да тоқталып өтті.

«Мораторий жарияланғанымен егер кәсіпкерлік субъектілері тарапынан халықтың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға және қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін құқық бұзушылық немесе болуы мүмкін жағдайлар, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін бұзушылықтар орын алса, сондай-ақ еліміздің заңнамасында белгіленген талаптарды бұзу фактілерінің себебін анықтау мақсатында нақты кәсіпкерлік субъектісіне қатысты нақты фактіге байланысты бір жоспардан тыс тексеру жеткіліксіз болған жағдайда тексерулер орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі негізінде жүргізілетін болады», – дейді Палатаның бас заңгері.

Сонымен бірге, мынадай жағдайларда тексерулер жүргізіле береді:

– Өз қызметіне қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері негізінде, оның ішінде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы заңға сәйкес рұқсат алуға арналған өтініш бойынша тексерулер және профилактикалық бақылауды барып жүргізу;

– 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік Кодексте көзделген негіздер бойынша тексерулер;

– Президенттің және Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша прокуратура органдарының тексерулері;

            – кедендік тексерулер;

            – қарсы салықтық тексерулер;

– салық төлеуші мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуды айқындау, салық органдарында тіркеу есебіне қою, касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы шығарған өкімдерді орындау мәселелері бойынша тақырыптық салықтық тексерулер;

 – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында өнім қауіпсіздігінің мониторингін жүзеге асыру үшін өнімді іріктеу және оған санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жасау мақсатындағы профилактикалық қадағалауды барып жүргізу;

            – жер қойнауын пайдаланушылар.

Палата директорының орынбасары Салават Құлмахан кәсіпкерлерге жұмыс жасауына кедергі келтірген жағдайлар орын алса, өзге де құқықтық кеңес, көмек қажет болса уақыт жоғалтпай Кәсіпкерлер палатасы заңгерлеріне жүгінуге шақырды. Палата мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Желтоқсан к-сі 12, «Бастау» бизнес-орталығының 11-қабаты. Байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-09-81.

Тағы да оқыңыз: