Kyzylorda-news.kz. Қазір сәулет-құрылыс нысандары мен тұрғын үй құрылысы жұмыстарына экономикалық және экологиялық жағынан тиімді өнімдерге деген сұраныс көбейіп отыр. Осыны ескерген кәсіпкер Мұрат Әбілов өңірде сұранысқа ие «Ековата» құрылыс материалын шығаруды қолға алды. Бұл өнім – экологиялық тұрғыдан тиімді әрі салмағы жеңіл. Бағасы да қолжетімді. Ең бастысы, материал сапалы әрі төзімді.
Бір ерекшелігі, бұл «Ековата» құрылыс материалына құрт-құмырсқа жоламайды, ыстыққа төзімді, суыққа шыдамды көрінеді. Мәселен, еліміздің батыс, солтүстік өңірлері үй қабырғасын қаптауға және төбесін жабуға осы материалды жиі қолданады екен. Қыста үйдің жылы болуына осы «Ековатаның» үлкен септігі бар. Міне, енді көптің игілігіне жараған, оңтүстік өңірлерде де сұранысы артқан бұл сапалы құрылыс материалы бізге де келді.
Мұрат Әбілов материалдың дайындалу технологиясын меңгеруге 3-4 жылын арнады. Сапалы дүние шығару үшін цех құрылғыларын шетелден арнайы тапсырыспен алдырды. Бүгінде қолға алған кәсібін дөңгелентіп, тұрғындардан тапсырыс қабылдауды бастаған.
Айта кету керек, жеке кәсіпкер 2020 жылы эковата өндіру цехына жеке қаражат есебінен 13,0 млн теңге және «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2,0 млн теңге грант қаражатын иеленген. Ол «Адима» ЖК-нің жетекшісі. Кәсіпкер мемлекеттен берілген қаржыға өндіріске қажетті құрал жабдықтарын сатып алып, кәсібін алғаш бастаған. 2 адамды жұмыспен қамтыған цех аудан тұрғындарының қажеттілігін қамтамасыз етіп отыр.
