Kyzylorda-news.kz. Қазіргі таңда қала аумағындағы кәсіпкерлік нысандардың қасбеттері мен көше бойларына рұқсат алмастан ретсіз ілінген жарнама билбордтарын байқауға болады. Алайда, «Жарнама туралы» ҚР 2003 жылғы 19 желтоқсандағы Заңының талаптарында сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерін орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдардан белгілі бір мерзімге рұқсат алуы көзделген.
2023 жылдың 9 маусым күні арнайы құрылған жұмысшы топ өкілдері қала көркіне кері әсерін берер, рұқсат алмастан (бей-берекет) жарнама объектілерін ілген кәсіп иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Түсіндірме жұмыстары барысында Әйтеке би, Қорқыт Ата, Тоқмағамбетов, Желтоқсан, Өсербаев көшелері аумағындағы кәсіпкерлік нысандар қамтылды.
Жеке немесе заңды тұлғалар, оның ішінде жеке кәсіпкерлер арасында сыртқы жарнама ілудің заңдылықтарына назар аудармай, өз қалауларынша жарнамаларды орналастырып жұмыс жасайтындар қатары көбейген. Олар жарнама конструкциясының тазалығына, эстетикалық және техникалық жай-күйіне мән бермегеннен бөлек, салық төлеуден жалтару әрекетіне баруда. Сонымен қатар, заңмен тыйым салынған жарнамаларды (алкогольдік, темекі-табак өнімдерін) орналастыруда.
Осы мәселелерге орай, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері бірлесе қала көлемінде заңсыз орналастырылған және шаһардың сәулеттік келбетіне кері әсерін тигізетін сыртқы көрнекі жарнамаларға мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Нәтижесінде бірқатар кемшіліктер анықталып, жарнама иелеріне заңға сәйкес тиісті шаралар көрілді.
Құрметті кәсіпкерлік нысандардың меншік иелері! Өз меншігіңіздегі кәсіпкерлік нысандардың сыртқы сәулеттік келбетін эстетикалық және санитарлық талаптарға сай жаңартып, қаламыздың көркеюі мен өркендеуіне бірге атсалысуға шақырамыз!