Kyzylorda-news.kz ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов өңірге жұмыс сапары барысында Қызылорда медициналық жоғары колледжінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Халық қалаулылары білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасын, зертханалық кабинеттерін, тәжірибелік оқу алаңдарын және «Жасыл дәріхана» жылыжайын аралап көрді.

Колледж 1928 жылғы 15 тамыздағы бұйрығымен «Қазақ акушерлік техникумы» деген атпен ашылған. 100 жылға жуық тарихы бар білім ордасы қазіргі таңда “Қызылорда медициналық жоғары колледжі” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны болып қайта құрылды.

Оқу ордасында Стоматология, Ортопедиялық стоматология, Емдеу ісі, Мейіргер ісі,Акушерлік ісі, Лабораториялық диагностика Фармация, Гигиена және эпидемиология, Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры мамандықтары бойынша орта арнаулы және орта білімнен кейінгі білімді медицина мамандар дайындалады.

«Қазіргі таңда колледжде 2034 студент білім алып жатыр. Биыл 740 білім алушы оқу бітіреді. «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша 858 маман даярланды. Бұл – облыстағы мейіргерлердің 10,4% -ы. Түлектердің арасында оқуын университетте жалғастырып, академиялық бакалавр дәрежесін алып, дәрігерге дейінгі қабылдауды өз бетінше жүргізіп үйренгендер бар. Студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 88 пайыз. Өңірдегі іргелі қара шаңырақтан бітірген түлектер Қызылорда облысында ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарында сұранысқа ие»-дейді колледж директоры Жанар Калмакова.

Сенаторлар колледждің жұмыстарымен танысу барысында ұсыныс-пікірлерді де назарға алды. Сонымен қатар, сапалы медициналық білім берудің тек денсаулық сақтау саласына ғана емес, елдің жалпы әлеуметтік тұрақтылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Мед колледж.jpg

Тағы да оқыңыз: