Kyzylorda-news.kz Арал ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Н. Бохаев төрағалық етті.

Күн тәртібіне жоспарланған мәселелер бойынша бірқатар мекеме басшылары шақырылып, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жан-жақты талқыланды. Барлық қабылданған шешімдер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен олардың құқықтарын қорғауды көздейді.

Отырыста, беймезгіл уақытта кәмелетке толмаған балалардың көшеде жүруіне жол бермеу, оларға темекі өнімдері мен алкогольдік ішімдіктердің сатылу жағдайларын болдырмау мақсатында түнгі рейдтік жұмыстарды күшейту қажеттілігі ерекше аталды.

Сонымен бірге мектепішілік есепке алынған оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Осыған орай оқушылардың спорт секцияларына, мәдени үйірмелерге және қосымша сабақтарға тұрақты қатысуын қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.

Комиссия төрағасы аудандық полиция бөлімі мен аудандық білім бөліміне алдағы уақытта кәмелетке толмаған оқушылар тарапынан қандай да бір құқық бұзушылық фактісі орвн алған жағдайда дереу комиссияға хабарлауды тапсырды. Бұл фактілер комиссия отырысында оқушы мен ата-анасының, мектеп әкімшілігінің қатысуымен қаралатынын және құқық бұзушылық дәлелденген жағдайда ата-анасының жұмыс орнына тиісті хат жолданатынын ескертті.

Тағы да оқыңыз: