Kyzylorda-news.kz Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Жәнібек Алиевтің төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғанибек Құрманалиев баяндама жасап, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстардың тиімділігі, құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдермен жеке жұмыс жүргізу және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері талқыланды.
Отырыстың екінші мәселесі Қазалы қаласында жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға арналды. Осы бағытта Қазалы қаласының жастар ресурстық орталығының директоры Нұрболат Төлеш атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған шаралар туралы хабарлама жасады.
Комиссия мүшелері қаралған мәселелер бойынша ұсыныстарын білдіріп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру, профилактикалық шараларды күшейту және жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын арттыру жөнінде тиісті шешімдер қабылдады.
Жасөспірімдердің құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаға ортақ жауапкершілік екенін айтқан комиссия төрағасы Жәнібек Алмасұлы осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табу керектігін айтып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
