Kyzylorda-news.kz Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте жұмысшы кәсіптері бойынша кадр даярлаудың жаңа тәсілдері және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды. Мәжіліске Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов селекторлық режим арқылы қатысты.
Аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиыннан кейін аудан әкімі күн тәртібіндегі және өзге де мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда аудандағы 3 колледжде 29 мамандық бойынша 1000-ға жуық студент білім алуда. Атап айтқанда, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде – 599, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде – 296, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінде – 195 студент оқиды.
Аудан басшысы еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкес білікті жұмысшы кадрлар даярлаудың маңыздылығын атап өтіп, «колледж – кәсіпорын – білім алушы» арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтты. Осыған байланысты аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен аудандық «Мансап» орталығына кәсіпорындар мен мекемелердің алдағы 3-5 жылға кадр қажеттілігіне талдау жүргізіп, сұранысқа ие мамандықтар мен қажетті жұмысшы саны көрсетілген бірыңғай аудандық кадр қажеттілігі картасын әзірлеуді тапсырды.
Сонымен қатар колледждерге мамандықтар мен оқу бағдарламаларын жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес қайта қарау, дуальды оқыту жүйесін кеңейту, жаңа технологиялар мен цифрландыру бағытындағы жұмыстарды күшейту және сұранысқа ие жұмысшы кәсіптеріне қысқа мерзімді оқыту көлемін арттыру жөнінде міндеттер жүктеді.
Мәжілістің келесі мәселесі – халықты жұмыспен қамту бағытындағы атқарылған жұмыстардың нәтижелері болды. Жыл басынан бергі 8 айдың қорытындысымен өңірлік жұмыспен қамту жол картасы аясында 2 526 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 72,2 пайызға орындалған. Сонымен бірге бос жұмыс орындарын құру, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы, жастар тәжірибесі және мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бағыттарындағы көрсеткіштер талқыланды.
Аудан әкімі бірқатар ауылдық округтердегі көрсеткіштердің төмендігін атап өтіп, жауапты сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне қатаң тапсырмалар берді. Әсіресе, жастарды тұрақты жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмыссыз азаматтарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға басымдық беру қажеттігін ескертті.
Мәжіліс соңында ауданның санитарлық тазалығы мен абаттандыру мәселесі де қаралды. Аудан басшысы Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының тазалық жағдайына қатысты бірқатар кемшіліктерді атап өтіп, жауапты тұлғаларға оларды 3 күн мерзімде қалпына келтіруді тапсырды.
Аудан әкімі жауапты басшыларға белгіленген тапсырмаларды сапалы әрі мерзімінде орындап, халықты жұмыспен қамту, білікті кадр даярлау және елді мекендердің тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
