Kyzylorda-news.kz. Өткен жылы басталған Қызылорда және Әйтек су тораптарын қайта жаңғырту жұмыстары бүгінгі күні жалғасуда. Бұдан басқа, облыс аумағында Сырдария өзені арқылы 6 тасқын және қашыртқы суларды жинайтын жобаларды іске асыру жоспарлануда, бұл су ресурстарын неғұрлым ұтымды пайдалануға және вегетациялық кезеңде оның тапшылығына жол бермеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Оспанов мәлімдеді.

«Соның ішінде, Қараөзек арнасындағы 3 тоспаны (Байгелді, Картонкомбинат, Қожатай) қалпына келтіру жобасының жобалау құжаттамалары ағымдағы жылы мемлекеттік сараптамадан өткен соң, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, жобаны бастау бойынша жұмыстар атқарылатын болады. Бүгінде Арал ауданындағы Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйелерінде күрделі су шаруашылығы жағдайы қалыптасып отыр. Соңғы жылдарда Сырдария өзенінде су деңгейінің төмен болуына байланысты, Қамбаш көлі жағадан 200-300 метр тартылып кеткен. Кейбір жерлері 500 метрге жетіп отыр. Осы жылғы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.М. Мырзағалиевтің Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін суландыру үшін Аманөткел ауылының тұсында су торабын республикалық бюджет есебінен салу мәселесі келісілді. Осыған байланысты, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге 13,8 млн.теңге қаржы бөлінді», -деді Б.Оспанов.

Айта кететін жайт, Қызылорда облысының су тапшылығы жағдайында, елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірінші кезектегі жобаларды іске асыру жөніндегі ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрілігі мен Қызылорда облысы әкімдігі арасында Жол картасының жобасы әзірленгені белгілі. Онда жалпы құны 47 млрд. теңге құрайтын 17 жобаны іске асыру көзделуде. Негізгі басымдық қосымша су көздерін ұлғайту, суды қайталама пайдалану және экологияны сауықтыруға арналған жобаларға берілді.

Тағы да оқыңыз: