Kyzylorda-news.kz. Бүгін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Ғылыми Кеңесінің мәжіліс залында «Nur Otan» партиясының жанындағы «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаевтың Сыр жастарымен кездесуі өтті. Кездесуді Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ректоры Бейбіткүл Кәрімова жүргізіп отырды.

Жиынға «Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е. Назаров, оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі проректор Б. Абдикаримов, Тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасының бастығы Ж. Базартай, «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес, «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері, жастар ісі жөніндегі комитет өкілдері, еріктілер штабының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – «Nur Otan» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының 2025 жылға дейінгі қабылданатын Стратегиялық жоспарын талқылап, жастардың пікірлерін, ұсыныстарын тыңдау.

Жастар қанатының басшысы Елнұр Сабыржанұлы өз сөзінде жастардың республика көлемінде көтеріп жүрген мәселелері және олардың шешілуі жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, волонтерлар жылының мәні мен маңызына тоқталды.

«Биылғы жыл – еріктілер жылы. Біздің әрқайсымыз ерікті жастармыз. Жақсылық жасау – бәріміздің де қолымыздан келеді, тек оған мейірімді жүрек пен ынта керек», – деді ол.

Жастармен жүздесу барысында университетте білім алып жүрген белсенді студенттерді «Jas Otan» жастар қанатының қатарына ресми қабылдау рәсімі өткізілді.

Шарада оқу орнындағы «Домбыра думан» клубының төрағасы, белсенді студент Әли Кеңесұлы қазақтың қара домбырасымен арнау айтты. Сондай-ақ, жиналған жастар Елнұр Сабыржанұлына Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның «Көзімнің қарасы» әнін бірге шырқауға ұсыныс білдірді. Ұсынысты қабыл алған ол жиынға қатысушы жастармен бірге дана ақынның әнін шырқап, бұл бастаманы барша қазақстандық жастарға қолдау үшін челлендж жолдады.

Тағы да оқыңыз: