Kyzylorda-news.kz.  IT саласы – болашағы зор мамандықтың бірі. Бүгінде елімізде бұл салаға айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы да 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT-маманын дайындау міндетін қойып, тапсырма берген еді. Осы ретте ІT саласын дамыту үшін елімізде түрлі жобаларды кешенді түрде іске асыру жүргізіліп келеді. Мәселен, цифрлық даму министрлігі отандық, цифрлық даму министрлігі отандық IT саласын дамыту үшін 2021 жылдан 2023 жылға дейін 7,5 млрд теңге бөлген еді. Бұл IT мамандарына деген сұраныстың артқандығын көрсетеді.

Бүгінде аймақта да  ІТ саласын қолдауға үлкен басымдық берілген. Әсіресе, дәл осы саламен айналысам деген жастарға да мол мүмкіндік қарастырылған. Оны жыл өткен сайын салаға қызығушылық танытатын оқушылар мен студенттердің санының артқанынан аңғаруға болады. Олардың тың жобасы өз нәтижесін көрсетіп келеді.

Мәселен, Қорқыт ата университеті Оңтүстік Корея елімен бірлесіп жасанды интеллект мектебін ашты. Студенттер осы бағытта жан-жақты білім алуды бастап кетті. Алдағы уақытта екі ел арасындағы бірлескен жұмыстар жалғасын табады. Жалпы, бүгінде университетке арнайы жасанды интеллект бойынша 100-ге жуық грант беру мәселесі қаралуда. Грант иегері атанған студенттер екі жыл көлемінде Оңтүстік Кореяда білім алу мүмкіндігі бар.

Бұл – біздің  Қызылорда облысының студенттеріне өте керекті әрі ыңғайлы жоба. Ол өз кезегінде жас мамандардың тың жобасын жарыққа шығаруына мол мүмкіндік береді. Одан бөлек, жаңа идеяларды танытатын «Kyzylorda Hub», ІТ park, «Astana Hub» және облыс әкімдігімен бірлескен түрде әртүрлі шаралар өтеді. Оның ішінде «Hackathon», «Pecha-Kucha» секілді шаралар бар. Былтыр жасанды интеллектті дамыту бағытында иннофест өткіздік. Сол фестивальде жасанды интеллекті қазақшаландырып, ерекше жоба дайындағандардың бірі – қызылордалық оқушы Асылжан Абдуллаевтың жобасына елімізден бөлек, шет мемлекеттерден де қызығушылық білдіруде. Ол жасанды интеллектті қазақша сөйлету үшін 300 мыңнан астам сөз бен 220 миллиардтан астам ақпаратты енгізген. Осылайша, жас өрен білімі мен тапқырлығының арқасында ерекше жобаны сәтті жүзеге асырды. Тіпті, оның жаңа жобасына америкалық ғалымдар қызығушылық білдірген. Биыл 1-3 ақпан аралығында Алматы қаласында «Digital Almaty 2024» атты халықаралық форумына Асылжан Абдуллаев өзінің жобасын алып барды. Форумға келген халықаралық мамандар мен IT бағытындағы компаниялардың барлығы Асылжанның жаңа жобасымен етене танысты. Қазір жасанды интеллект арқылы жаңа индустрияны дамытуға мүмкіндік туып отыр. Сол себепті ІТ саланы дұрыс дамыту ел экономикасына жаңа серпін әкелетіні сөзсіз, − дейді Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы Сәбит Ибадулла.

Қазір еңбек нарығында ІТ саласының мамандары үлкен сұранысқа ие болып отыр. Өйткені көптеген компания сауатты әрі мамандығын жақсы білетін бағдарламашылар мен әзірлеушілерге мұқтаж. Барлық салаға жаңашыл технологияның көмегі қажет. Сол себепті өңірде осы саланы дамыту бағытында бірнеше ауқымды жоба қолға алынды.

− Бұл бағытта қала мен шалғайдағы елді мекендердің дарынды жастарын тартудамыз. Олардың тың жобасын одан әрі жетілдіруге өз үлесімізді қосамыз. Сол жұмыстардың арқасында өңірімізде сәтті жобалар жарыққа шықты. Жалпы, статистикалық мәліметке сүйенсек, ІТ бағытында ұйымдастырылатын жобаларға Қызылорда қаласына қарағанда, шалғай ауылдардағы жастар көбірек қатысып жатады. Әсіресе, Қармақшы, Арал, Қазалы аудандарының жастары өте белсенді,−деді «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев.

Ал «Grand master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаевтың айтуынша, ІТ парк базасында 12 резидент бар. Олардың әрқайсысы ІТ саласы бойынша айына 2 рет іс-шара өткізеді.

Мұндай шараларға  ауылдық, аудандық мектептің және колледждің балалары онлайн түрде қатыстырады.  Жалпы елімізде IT саласы бойынша жоғары оқу орындарында ғана емес, мектептен қабырғасынан бастап оқытылады. Бұл өз кезегінде жастардың ой өрісінің дамуына, анализ жасай алуға, шығармашылық қабілетін арттыруға септігін тигізеді.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ

 

Тағы да оқыңыз: