Kyzylorda-news.kz. Шиелі – шырайлы мекен. Олай деуімізге себеп көп. Өйткені жыл сайын бұл өңір өзіндік өнеркәсібін дамытып, ел тұрғындарын өз өнімдерімен толықтай қамтып келеді. Иә, бұл аудан бұрынғыға қарағанда агроөнеркәсіп салысында айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Әсіресе, егін шаруашылығының жұмысы ширап, күн сайын қарқын алуда. Әрине, мұның барлығы ала жаздай еңбектің, тынымсыз тірліктің арқасы. Бүгінде арамызда дәл осылай еңбек етіп, тіршілік үшін қарекет қылған егіншілер мен дала еңбеккерлері, шаруа қожалықтары жетерлік. Солардың бірі – «Дидар» шаруа қожалығы. Мақаламызға арқау болып отырған қожалықты көзбен көрмекке біз де дала төсіне аттандық. Мұндағы басты мақсат – егіс даласындағы істің барысын бақылап, нағыз еңбекті көзбен көру.
Жазық дала. Қайнаған тіршілік. Қызмет көлігінен түсе сала саф ауаның самалын сезіндік. Сағат тілі – 9:00-ді соғып тұр. Дала еңбеккерлері қызу жұмысқа кірісіп кеткен. Қарап тұрып, нағыз шаруашылық диқандары дерсіз. Мұнда таң бозарып атқаннан, кеш қарайғанша осы қызу тіршілік қайнайтыны көрініп тұр. Ал біз жұмысымызға кірісіп, шаруа қожалығының жұмыс барысын біраз бақыладық. Біраздан соң «Дидар» шаруа қожалығының басшысын әңгімеге тарттық.
«Дидар» шаруа қожалығына бүгінде Исахан Байсынұлы төрағалық етеді. Осы өлкеде дүние дидарына келген ол №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейін тәмамдағаннан кейін Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетке «Құқықтану» мамандығы бойынша оқуға түседі. Алайда ол мамандықты емес, бала кездегі қызығушылығы арқылы әкесінің жолын жалғап, 2010 жылдан бастап шаруашылықты ширатуды қолға алады. Осылайша, ол өз кәсібінің нәсібін осы егіншіліктен көре бастайды. Иә, қожалық басшысы тек білгір маман ғана емес, қарапайым тұлға болуы шарт. Ал бүгінгі кейіпкеріміз өз ісінің нағыз маманы. Қарапайымдылығы сөзінен-ақ байқалады. Әңгіме барысында біз оның әрбір қойған сұрағымызға байыппен, тұщымды жауап бергенінен-ақ өз ісін жетік білетінін аңғардық.
Атбасын тіреген қожалықтың расында шаруасы шираған деуімізге негіз бар. Өйткені мұнда қызмет ететін әрбір адам егіншіліктің қыр-сырын жақсы меңгерген. Шаруа қожалық бүгінде Жер-Ананың көмегімен тынымсыз тіршіліктің, бейнеттің арқасында көптеген өнімдерді өндіруге қам қылуда. Ал алқапқа егілетін басты өнім – қызанақ пен қауын. Қазіргі таңда 8 гектар жерге қызанақ пен қауынның дәндері тасталған. Қожалықта қазіргі таңда үш түрлі қызанақтың сорты бар. Атап айтар болсақ, ерте, орташа және кешкі түрі. Дәл осы өнім түрлерінің өзі шаруашылықтың ширауына үлес қосуда. Қожалық басшысының айтуынша, дайын өнімдер көбінесе аудан тұрғындарының игілігі үшін егілетін көрінеді. Бұдан бөлек Қызылорда, Шымкент қалаларына арнайы тасымалданады. Соның арқасында жыл сайын жерден мол өнім көріп, табыс табуда. Бір қуантарлығы – «Дидар» шаруа қожалығының өрісі күн сайын кеңінен қанат жаюда. Соның бір дәлелі – жыл сайын шаруашылық үшін сатып алынатын арнайы, жаңа техникалар. Әрине, онсыз істің басы жүрмейтіні белгілі. Биыл шаруа қожалық өз игіліктері үшін жер жыртатын, қаптама (пакет) тартатын арнайы трактор сатып алған. Оған қоса қазіргі таңда қожалықтың жеке үш (газель) көлігі бар. Қала берді екі жеңіл көлік те қатынауға жарап тұр.
«Бір қарағанда шаруашылық оңай іс болып көрінеді. Алайда, оның да өзіндік қиындықтары бар. Ала жаздай еңбек еткендерді Жер-Ана да құр қалдырмайтыны мәлім. Жалпы біз әкеміздің ізін жалғап, қожалықтың жұмысын одан әрі жандандырудамыз. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, асқар тау әкеміз секілді нағыз шаруа болмасақ та, қолымыздан келгенше тырысып жатқан жайымыз бар. Қазіргі таңда бізде алты адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың алатын ақысы күнделікті беріледі. Тасымалдайтын көлік те арнайы қарастырылған. Көп адамдар қазіргі таңда – су тапшылығы басты мәселе деп отыр. Иә, ол нәрсе рас. Бірақ біз бұл мәселенің қиындығын көріп жатқан жоқпыз. Аллаға шүкір, арықтардың барлығына су келіп тұр. Алдағы уақытта кәсібімізді одан әрі кеңейту жоспарда бар», – дейді қожалық басшысы.