Kyzylorda-news.kz  Ірі инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды жүзеге асыруға назар аударылды. 

«Солтүстік Арал теңізі және ирригациялық жүйелерді жаңғырту» жобасының бірінші кезеңі бойынша Халықаралық қайта құру және даму банкімен (ХҚДБ, Дүниежүзілік банк тобына кіреді) бірлесіп, Қызылорда және Түркістан облыстарында биылдан бастап Аралды қалпына келтіру және каналдарды реконструкциялау жұмыстары басталды. Бірінші кезең аясында «Қазсушар» РМК және «Тұран-Су» МКК 133 жобасы ұсынылды. Жобаны жүзеге асыру Солтүстік Арал теңізінің аумағын 3,9 мың км2-ге дейін және су көлемін 34 км3-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 1,4 мың шақырымнан астам ирригациялық желілерді реконструкциялау, су қоймасын күрделі жөндеу және суару жүйелеріндегі су ресурстарын есепке алу мен бақылауды автоматтандыру жоспарлануда. Жұмыстардың аяқталуы 2030 жылға жоспарланған. 

Жоба су қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығын дамытуға, агротехнологиялық нысандарды жаңғыртуға және Солтүстік Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған.

Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев жобаның маңыздылығын атап өтіп, қаржы институтының өңірдің су ресурстарын ұзақмерзімді басқаруда сараптамалық және қаржылық қолдау көрсетуге дайындығын растады.

Сонымен қатар ЕҚДБ-мен бірлесіп, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысындағы гидротехникалық құрылыстар мен жалпы ұзындығы 676 шақырымнан асатын 56 каналды қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылады. Суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін 80,6 мың гектардан 92,3 мың гектарға дейін арттыру және су жинау көлемін 42,7 млн текше метрден 114,5 млн текше метрге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінің дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев ЕҚДБ-мен бірлесіп, Риддер қаласындағы тәулігіне 19 мың текше метр су тазарту қуатына ие кәріздік тазарту құрылыстарын реконструкциялау жоспарлары туралы баяндады. Бұл инфрақұрылымды жаңартуға және Тынық өзені бассейніндегі су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. ЕҚДБ-ның Орталық Азия және Моңғолия бойынша басқарушы директоры Хусейн Озхан су ресурстарын ұтымды пайдаланудың маңыздылығын атап өтіп, банктің Қазақстанның су және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысу ниетін растады.Көтерілген мәселелер бойынша Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, Президент кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, қаржы министрі Мәди Такиев, су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова сөз сөйледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр тұрғын үй құрылысын дамытудың және су ресурстары саласындағы жобаларды жүзеге асырудың стратегиялық маңызын атап өтті. Жауапты мемлекеттік органдарға айтылған бастамалар бойынша, сондай-ақ іске асырылып жатқан бірлескен жобалар шеңберінде қаражаттың тиімді пайдаланылуын бақылауды күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берілді. 

Тағы да оқыңыз: