Kyzylorda-news.kz Бүгін Қызылорда қалалық мәслихатының кезекті ХХХVІІІ сессиясы өтті. Сессияда 2024 жылға арналған Қызылорда қаласының, кент және ауылдық округтері бюджеттерінің атқарылуы туралы есептер бекітіліп, 2025-2027 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетіне өзгерістер енгізілді.
Қала әкімі Нұржан Ахатов халық қалаулыларына шаһарда атқарылып жатқан жобаларды айтып, алдағы жоспарлармен бөлісті.
– Ел Президентінің, Үкіметтің тұрақты қолдауымен, аймақ басшысының үйлестіруімен тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға негізделген жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Соған сай барлық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты. Жыл басында бюджет көлемі 73,1 млрд теңгемен бекітіліп, бүгінде ол 133,4 млрд теңгеге ұлғайып отыр, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Шаһардың заманауи бейнесінде оң өзгеріс көп. Жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға 15,3 млрд теңге бөлініп, 50 көшеде жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары басталуда.
Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй салу құрылыстары, абаттандыру ісі қарқын алды. Санитарлық тазалық сақтауда жақсы үлгі қалыптасты. Жалпы, облыс орталығының серпіні барлық салаға өсім беріп отыр.
Шағын және орта бизнес саласында кәсіпкерлер саны 35 мыңнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға өсті. Мемлекеттік қолдау аясында 4,5 млрд теңге болатын 127 жоба қолдау алды. Биылғы жылы негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 323,7 млрд теңге болып белгіленді. Бұл 2024 жылғы нақты көрсеткіштен 12,2 пайызға артық.
Жыл басынан бері 84,6 млрд теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспардың 26,1%-ы орындалды.
Сессия отырысында «2025-2027 жылдарға арналған Қызылорда қаласының бюджетін бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2024 жылғы 18 желтоқсандағы №223-32/1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы баяндамашылардың ұсыныстары депутаттар тарапынан қолдау тапты.
Фото: Қала әкімдігі