Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданында банк өкілдерінің қатысуымен аудан тұрғындарына интернет алаяқтықтың алдын алу және құқықтық көмек көрсету туралы дөңгелек үстел өткізілді. Жиын аудан әкімінің орынбасары А.Алдабергеновтың төрағалығымен өтті.
Шиелі аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Мұханов Болатхан Ниязханұлы интернет алаяқтықтан сақтанудың жолдары мен сақтық шараларын атап өтті. Оның айтуынша, интернет алаяқтары түрлі тәсілдермен жеке мәліметтерді ұрлап, тұрғындарды сан түрлі алаяқтық әрекеттерге тартуда. Болатхан Ниязханұлы тұрғындарды сақ болуға шақырды.
Сонымен қатар, «HALYK BANK» АҚ Қызылорда филиалының орталық меңгерушісі Жаңабаев Ғани Өмірзақұлы,«Bereke Bank» АҚ Қызылорда филиалы директорының орынбасары Абдикаримова Меруерт Мұхитқызы және «KMF МҚҰ» АҚ Шиелі аудан бөлімшесінің директорының орынбасары Исмаилов Алишер өз баяндамаларында алаяқтықтарға алданып қалмаудың жолдары, алаяқтыққа қарсы заңнамалар және жазалау шаралары туралы тереңірек мағлұмат берді.
Тұрғындарды интернет алаяқтықтың алдын алу үшін сақ болуға шақырамыз! Өйткені, алаяқтар өз қақпанына түсу үшін түрлі әдістерді пайдаланады. Қосымша ақпарат пен кеңестер алу үшін аудандық полиция бөліміне немесе банктердің өкілдеріне хабарласа аласыз.
Алаяқтыққа қарсы бірге күресіп, қоғамда саналы, қауіпсіз ақпараттық орта қалыптастырайық!
Фото: Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі