фото: egemen.kz
Kyzylorda-news.kz. Достық үйінде Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «Интернет алаяқтық және оның алдын алу жолдары» тақырыбында құқықтық оқыту өтті. Оқытуға мекеме қызметкерлері мен этнос өкілдері, «Ассамблея жастар» ұйымының мүшелері қатысып, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов модераторлық етті.
Құқықтық оқытуды облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Шамдәулет Абдукаримов жүргізді.
Бүгінгі күні интернет алаяқтықтың тым көбейіп кетуі қоғамдық резонанс тудырып отырғаны белгілі. Қазақстанда бұл қылмыс түрінің ең көп таралған тәсілдерінің бірі – интернеттегі түрлі хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем алу. Бүгінде интернет алаяқтықтардың жартысы дәл осындай жолмен жасалған. Екіншісі – микрокредиттік ұйымдардың сайттары арқылы онлайн қарыз рәсімдеу. Жиі қолданылатын үшінші тәсіл – азаматтардың жеке деректеріне қол жеткізгеннен кейін банк шоттарындағы бүкіл қаражатты жымқыру. Өкінішке қарай, қарапайым халық әккілердің тұзағына тез ілігіп қалады. Мәселен, соңғы уақытта өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, ауыстырмалы нөмірден қоңырау шалатын алаяқтар көбейді. Әдетте олар өздерін екінші деңгейлі банктің қауіпсіздік қызметіненмін деп таныстырады. Сенімге кірудің тың тәсілін жақсы меңгеріп алған олар азаматтардың есепшотын біреулердің бұзып кірмек болғанын айтып, қауіпсіздік үшін шоттағы қаржыны басқа банк шотына аударуға кеңес береді. Осылайша, бүкіл қаржыны үптеп кететіндер көп, -деді.
Интернет алаяқтықтың күн өткен сайын күшейіп бара жатқанын айтқан полиция қызметкері оқытуға қатысушыларға күдікті қоңырау мен хабарламалар алғанда бірден банкке хабарласуға кеңес берді. Егер белгісіз біреулер хабарласып, қандай да бір банктің атын атап банк карточкасы жайлы ақпарат немесе басқа да жеке мәліметтерді сұраса, ең алдымен сол банктің сенім телефондарына қоңырау шалып, ақпараттың рас-өтірігін анықтап алған артықтық етпейтіндігін алға тартты.