«Inno.Fest» Qyzylorda: Фестивальде 1500 қатысушы мен 200 команда тіркелді – Kyzylorda News
Басты бет

«Inno.Fest» Qyzylorda: Фестивальде 1500 қатысушы мен 200 команда тіркелді

27.12.2021, 12:00

369 0

Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында 15-16 желтоқсан күндері «Inno.Fest» Qyzylorda инновациялық идеялар фестивалі өткен болатын. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және облыс тұрғындарының IT-саласына қызығушылығын арттыру және инновациялық IT жобаларды қолдау мақсатында өткен республикалық фестивальді ұйымдастырушылар Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында брифинг өткізіп, шараны қорытындылады.

Бұл іс-шара жаңа перспективалы инновациялық IT жобаларды анықтауға, өз идеясын жүзеге асыруға, ресурстарды, инвесторларды табуға, жобаны көпшілікке ұсынуға мүмкіндік береді.

«Фестивальде 1500-ге жуық қатысушы мен 200-ге жуық команда тіркелді. Фестивальге облыс жастарынан басқа Нұр-Сұлтан, Шымкент, Байқоңыр қалаларынан және Түркістан облысынан қатысушылар да қатысты. Жүлде қоры 2 400 000 теңгені құрады. Фестиваль қорытындысы бойынша әр секциядан 3 команда жеңіске лайық деп танылды. Әр жеңімпаз командаға 1 орын – 300 000 теңге, 2 орын – 200 000 теңге, 3 орын-100 000 теңге сертификаттары табысталды. Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ректорының грантын «Кемеңгер», «IT жастары», «Эксклюзив», «Target», командаларынан 4 қатысушы, «Болашақ» университеті ректорының грантын «Smart Qyzylorda» секциясында бақ сынаған «Respond» командасының 4 қатысушы иеленді және «Болашақ» университеті таңдауы бойынша «Үздік жоба» номинациясы және 50 000 теңге сертификатпен «Ауыл teenagers» және «Falcon» командалары марапатталды», – деді «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директоры Сәбит Ибадулла.

«Ақпараттық технологиялар» секциясындағы «WinX» және «Nauan Engуneering» командалары Нұрсұлтан Назарбаев қорынан арнайы рюкзактарға (powerbank, фирмалық киім, сымсыз құлаққаптар, bottle) ие болды. Фестивальдің ең жас қатысушысы Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев ауылынан 6 жасар Бағдәулет Ерболатұлына арнайы сыйлық берілді. Сонымен қатар, фестиваль барысында ерекшеленген командаларға фестиваль ұйымдастырушысы «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

Аstana Hub халықаралық технопаркі және Қызылорда қаласының IT паркімен бірлесіп, жүлделі орындарға ие болған жобаларды, сондай-ақ грант иегерлерін одан әрі дамыту жоспарлануда. Сонымен қатар, фестивальдің барлық қатысушыларына Қызылорда IT паркінде бағдарламалау бойынша курстарға 70% жеңілдік беріледі.

0

Пікір қалдыру