Kyzylorda-news.kz Инфрақұрылым мәселесі қазір күн тәртібінде бірінші кезекте тұрған тақырып. Мемлекет басшысы бұл саланы назарда ұстап, қатаң бақылау орнатты. Осы бағытта Сыр өңірінде атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы өте кең. Аудан орталықтарын есептемегенде, ауылдарға газ тарту жүйесі жылдан-жылға қарқын ала бастады. Ауызсу кейбір аудандарда толықтай шешімін тапса, жарықтың да жағдайы жаман емес. Ескірген жүйелер қайта жаңғырып, жаңартыла бастады. Соның ішінде Жаңақорғанда аудандық маңыздағы жолдар түгелдей асфальтталып, көрсеткіш жақсарды. Бүгін осы жылдың он айында аудан инфрақұрылымында қандай жұмыстар атқарылды, сол бойынша талдау жасап көретін боламыз. Ол үшін Жаңақорған ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің есігін қағып, бөлім басшысы Қайрат Сапарбаевтан толықтай мән-жайды білдік. Бірден айта кету керек, бөлім атқаратын жұмыстардың жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Төрт бірдей маңызды жобаны жүйелеп, ел игілігі жолында тарту ету әрі сапалы болуын бақылау бөлімнің басты міндеті. Сондықтан бөлім басшысы мен әрбір жауапты маманның еңбегін ескерген жөн.
ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫ
Аудан аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 448,6 шақырымды құраса, соның ішінде 192,1 шақырымы аудандық маңызға ие. 2 кент және 24 ауылдық округтің 526 көшесі 615,0 шақырымды құрайды.
– Аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының 2025 жылдың 10 айының қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 98,4 пайызды құрады. Елді мекен көшелерінің үлесі 60,3 пайызға жетті. Автомобиль жолдарын жаңарту бағытындағы ірі жобалар 2025 жылы табысты жүзеге асты. Ауылдар мен кентішілік қозғалысты жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды нысан пайдалануға берілді. Басталғанына 40 жылға жуық уақыт өтсе де аяқсыз қалған Жаңақорған кентіндегі теміржол үстінен өтетін көпірді күрделі жөндеу үшін 2024 жылы жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын жоба әзірленіп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көпір 2025 жылдың шілде айында пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта нысан Сырдария өзенінің батыс бөлігіндегі 15 елді мекендегі 22 мың тұрғынның «Самара-Шымкент» автомобиль жолына тікелей қатынауына жол ашты, – дейді бөлім басшысы.
Иә, бұл көпір ашылмас бұрын елдің көкейінде түрлі сауалдар тұрды. Ал қазір игілігін тұрғындар көруде. Бұл өте маңызға ие көпір болғаны рас. Сонымен қатар, аудандық маңыздағы жолдар жөндеуден өткізілген. Мәселен, бұл тізімде «Самара-Шымкент-Екпінді», «Әбдіғаппар-Төлегетай- Хорасан ата» бағытындағы жолдар бар. Бөлім басшысы елді мекендердегі 66,7 шақырымды құрайтын 37 көшені жөндеуге, 3,7 млрд теңге қаралғанын тілге тиек етті.
ТАБИҒИ ГАЗДЫҢ ТАРТУЫ
Ауданда газбен қамтылған елді мекендер үлесі 22,8 пайызды, ал газ тұтынатын халық саны 54 пайызды құраған. Аудандағы газ инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді.
– 2024 жылы басталған, жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын «Жаңақорған автоматты газ тарату станциясының қуаттылығын 20 000 м3/сағаттан 40000 м3/сағатқа дейін арттыру» жобасы биыл толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді. Сырдария өзенінің бойындағы Қожакент, Өзгент, Ақсуат, Ақжол, Жаңарық, Әбдіғаппар, Байкенже, Билібай елді мекендерін газбен жабдықтау мақсатында «Қожакент елді мекеніне жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын және кент ішіндегі газ тарату желілерін салу» жобасы әзірленді. Сондай-ақ Ақжол, Ақсуат, Өзгент, Әбдіғаппар, Жаңарық елді мекендерінің ауылішілік газ тарату жобасы дайын. Бұлар 2026-2030 жылдары жүргізілетін «Qazaqgaz аimaq» акционерлік қоғамының инвестициялық жобаларының жол картасына ұсынылды, – дейді Қайрат Әбдірахманұлы.
Аталған жұмыстар жүзеге асса, онда 300 шақырым газ құбыры жүргізіледі. Демек бірер жылда алты ауылдағы ағайын газға қол жеткізеді деген сөз. Бұдан бөлек, Сунақата, Еңбек, Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық ауылдарын газдандыру жобалары да әзірленіп, қаржыландыруға бюджеттік өтінім ұсынылған. Жоба бойынша 7,7 шақырым жоғары қысымды газ құбыры жүргізілсе, 13 елді мекендегі 19 мыңға жуық тұрғынның «көгілдір отынды» пайдалануына мүмкіндік туады. Газдандыру жобалары іске асырылған уақытта, газбен қамтылған елді мекендер үлесі 54 пайызды, ал газ тұтынатын халық санына шаққанда75 пайызды құрайды екен. Бұл ғасыр жобасының да ауылы алыс емес.
ЖАРЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢҒЫРУЫ
Электрмен жабдықтау жүйесін жаңғырту қарқынды жүргізіліп келеді. Ауданда бүгінгі таңда 1 332,6 шақырым электр тарату желісі бар, оның басым бөлігі тозығы жеткен. Осыған байланысты 2022-2025 жылдары электр желілерін жаңарту бағытында жалпы құны 6,4 млрд теңгені құрайтын 21 жоба жүзеге асырылған. Жобаға Екпінді, Еңбек, Сунақата, Қожамберді, Тақыркөл, Құттықожа, Бірлік, Қосүйеңкі, Манап, Аққұм, Әбдіғаппар, Жаңарық, М.Нәлібаев, Ақсуат, Өзгент, Қожакент, Келінтөбе, Түгіскен, Баспақкөл, Қандөз және Көктөбе елді мекендері енгізілген. Жалпы жұмыстар аясында: 758 шақырым жаңа электр желісі салынады, 119 жаңа қосалқы станция орнатылады.
– 2023-2025 жылдары 9 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. 5 елді мекендегі жобалар 2025 жылға өтпелі кезеңмен жалғасуда. Қалған 7 жобаға – Қожамберді, Қосүйеңкі, Өзгент, Түгіскен, Баспақкөл, Аққұм, Көктөбе – 2,68 млрд теңге қаржы бөлуге өтінім ұсынылды. Сонымен қатар, 2022-2024 жылдары құны 3,4 млрд теңгені құрайтын «Жаңақорған кентіндегі 10/0,4 кВ электржелілік жүйені жаңғырту» жобасы толық жүзеге асырылды. Бұл кент ішіндегі электрмен қамту сенімділігін арттырып, сапалы әрі үздіксіз энергиямен жабдықтауға мүмкіндік берді, – деді бөлім басшысы.
ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР
Жаңақорған кентінде жаңа су тарату станциясының құрылысы басталды. Құны 1 млрд 71 млн теңгені құрайтын «Жаңақорған кентіндегі МАИ бекеті шағын ауданында су тарату станциясы және қосылу тармағының құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Бұл нысан «МАИ бекеті», «Алтыкрант» және «Ипподром» мөлтек аудандарын ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Жобаны іске асыру нәтижесінде аталған шағын аудандар толыққанды, үздіксіз ауызсуға қол жеткізеді.
– Жоба аясында сорғы станциясы салынады, әрқайсысы 2400 м3 болатын екі су жинағыш резервуар орнатылады, көлемі 50 м3 болатын су мұнарасы тұрғызылады. Жаңақорған ауданында орналасқан құс фабрикасын газбен жабдықтау мақсатында «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында бройлер өсіру бойынша құс фабрикасын газбен жабдықтаудың сыртқы желілерін салу» жобасы іске асырылуда. Жобаның жалпы құны – 287 млн теңге. Қазіргі уақытта екі нысанда да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, – дейді Қ.Сапарбаев.
Қазір аудан орталығында 3 бағытта қоғамдық көлік қатынасы ұйымдастырылған. 2022 жылдан бастап жаңа тасымалдаушы кәсіпкердің келуімен автобус паркі жаңарды. Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттарының ұсынысымен қазіргі таңда жолаушылар тасымалдаушы кәсіпкер әр бағытты сыйымдылығы жоғары (18 орындық) 4 жаңа микроавтобустармен толықтырған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын білдік.
– 2025 жылы жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту мақсатында жол белгілерін күтіп ұстау мен жөндеуге, кент көшелерінде жол таңбаларын сызуға аудандық бюджеттен 31,4 млн теңге бөлінді. Нәтижесінде, 298 дана жаңа жол белгісі орнатылды, 235 дана жол белгісі қалпына келтірілді, 130,8 шақырым жол үсті таңбасы сызылды, мектептер маңындағы жаяу жүргінші жолақтары толық жаңартылды. Алтынсарин-Әлімкөл көшелерінің қиылысында жаңа бағдаршам орнатылып, қыркүйек айында толық іске қосылды. Аудандық маңыздағы 192,1 шақырым аудандық жолды күтіп ұстау мақсатында 21 млн теңге бөлінді. Бұл қаржыға аудандық маңыздағы жолдың байына 200 жол белгі орнатылды, 140 шақырым жол таңбасы сызылды, 177 м2 жол жабындысындағы шұңқырлар жөнделді, сондай-ақ жол жиегіндегі шөп қыру жұмыстары жалғасуда, – деп бөлім басшысы баяндамасын түйіндеді.
Әлібек Темірбек
Фото: freepik.com
