Kyzylorda-news.kz. Жұмыс бабымен ауылға сапарлап, оның тіршілігімен танысып, тыныстап қайтатын жақсы үрдіс қалыптасқалы біршама уақыт болды. Осылайша біз ауыл өмірімен жақсы танысып, оның халқымен етене байланыс орнатып келеміз. Ауданға жақын ауылдардың бірі – Иіркөл. Ол ауданға іргелес орналасқан  ауылдың бірі. Біздің бұл жолғы сапарымыз осы ауылға ойысты. 

Атамекен аясы –  адамның жан саясы

Иіркөл ауылдық округі  аудан орталығы  Жосалыдан  оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде орналасқан шағын елді мекен.  Ал, енді осы  ауыл тарихынан толығырақ сыр шертер болсақ, 1929 жылдан бастап аудан тарихына енген «Ақ үрет», «Темір үйген» сынды серіктестікті  Т.Омаров, А.Сұлтанмұратов, А.Шыңғысов басқарса, кейіннен оның орталығы Молотов болып біріктірілген кеңшарда Ж.Балғабаев, Ж.Өтеулиев, Е. Шегенбаев, М.Бекжанов сынды ел ағалары төраға қызметін абыроймен атқарды. Жылдар өте олардың орнына Ү.Бектасов, Б.Сатыбалдиев Е.Құрманбаевтар келіп, ел мүддесі үшін қызмсет етсе, жылдар өте Молотов кеңшары «Октябрь ұжымшары болып өзгерді. Ол Байқоңыр ғарыш айлағындағы әскери бөлімдерді азық-түлікпен қамтамасыз ететін ұжымшар болып қайта құрылды. Оның алғашқы директоры болып Н. Кузенцов тағайындалды. Сол жылдары кеңжарда 10 мыңға жуық қой, 10000 мыңдай жылқы,  ірі қара мен түйе болған, колхозшылар мал шаруашылығынан бөлек бақша еккен деседі көнекөз қариялар. Сол жылдарда халық ауызында  №22 «Октябрь» әскери кеңшары атауымен қалған  ауылды  Байболов, Коротков,  Улихин, Иванов, Сметов, А.Серәлиев Т.Білалов, Қ.Зұлхарнаев, Ә.Әбжәлиев, С.Асқаров, Ж.Қосбергенов, Ж.Жәкеев, Н.Садықов, Ә.Досмұратов, М.Тұрғанов, Ә.Білжанов деген азаматтар басқарды.

Міне, осындай тарихы тереңді бойлаған ауылдан көптеген тұлғалар өсіп-өніп, туған елінің экономикасын нығайтуда қажырлы еңбек етті. Атап айтар болсақ, бүгінде өнегелі өмірімен  білім саласы бойынша аудан, облысқа танымал Б.Елеусінов, Б.Ахметов, Б.Әбдірасылов, кәсіпкер Р.Балғабаеваның  есімдері ауылдастар арасында құрметпен аталады.Ал, енді Иіркөл ауылының бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы айтар болсақ,  еліміз егемендік алғаннан кейін ауылда қоныстанған 166 отбасының 668 тұрғыны заман талабына сай өмір сүруде. Ауыл әлеуетін көтеруде  түрлі бағытта жұмыс істейтін 13 шаруа қожалығы, сондай-ақ  орта және шағын кәсіпкерлікпен 24 адам тірлігін істеп, еткен кәсібінен нәсібін табуда.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын  арттыруда мемлекет тарапынан  4 отбасының 29 мүшесі жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алса, бір жастан үш жасқа дейінгі 4 балаға, ал үш жастан алты жас аралағындағы 5 балаға кепілдендірілген әлеуметтік көмек беріледі. «Алтын алқасы» бар 24 анаға, 70 зейнеткерге, түрлі санаттағы 27 мүгедекке мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектермен  қолдау көрсетілуде.

Округте  заман талабына сай мектеп, балабақша, ауылдық клуб, фельдшерлік пунк ауыл тұрғындарына денсаулық, білім-тәрбие, мәдениет салаларында сапалы қызмет көрсетуде.  

«Кешегі жылжып өткен жылдар тізбегі – бүгінгі ел тарихы» дегендей,  тарих қойнауынан асылын зерделеп, барын бағалау және оны бүгінге жеткізіп, дәріптеу қазіргі ұрпақтың міндеті. Осы ретте, талай дарынды азаматтарға атамекен атанып, олардың тәуелсіз еліміздің ардақты азамат атануына қолдау көрсеткен, бірлігі мен берекесі  артқан құтты мекен –  аудан орталығына іргелес орналасқан Иіркөл ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға ат басын бұрдық.Көлігімізбен әкімдік кеңсесіне тоқтағанымызда бізді есік алдында  ауыл әкімі Жағыпар Төлегенов  күтіп, алып,  өзі басқаратын елді мекеннің  бүгінгі күндегі даму көрсеткішімен таныстырды.Алдымен әкімдікке жақын орналасқан «Оспан молда» мешіті жанынан салынып жатқан мешіт асханасына барып, онда құрылыс жүргізіп  жатқан ауыл азаматтармен жұмыс барысы жайлы әңгіме тінін тарқаттық. Жүздері жадырап, құрылыстың сыртқы келбетін тәмамдап қалған құрылысшыларға жұмыстарына береке тілеп, қоштастық.Одан әрі жуырда ғана ауыл балалары дем алуға арналған ойын және спорт алаңына аялдап, ондағы шат-шадыманда жүрген бүлдіршіндердің ойынын тамашаладық. Ауыл әкімінің алдағы уақытта ел мүддесіне қызмет ететін басқа да жобалар бойынша әлеуметтік нысандармен таныстық. 

Әкімнің айтуынша өткен жылы Достық көшесіне жарықтандыру жұмысы жүргізілсе, алдағы уақытта ауыл көшелерін жарықтандыру, орташа жөндеу, оның ішінде «Жаңатұрмыс» көшесі бар екенін айтты. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз етуде 1 ұнғыма қазылғанын және  жастар арасында  шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында көптеген ілкімді істер атқарылып жатқанын айта келе, бүгінгі күнге дейін, атап айтқанда өткен жылы 10 азамат мемлекеттен жұмыссыз тұрғындарды 

тұрақты жұмыспен қамту мақсатына арналған  бағдарламалар арқылы  кәсібін бастап кеткенін, олар бүгінгі күні кәсіптері арқылы ел экономикасын нығайтуға жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда, ауылда 37 кәсіпкер түрлі бағытта ауыл тұрғындарына сапалы қызмет етіп жатқанын және Ал енді, ауыл кәсіпкері, яғни  Жамбыл Қосбергенов басқаратын «Жаңа жер» шаруа қожалығы 30 гектарға күріш орналастырғанын,  Ринат Серпенов басқаратын «Иіркөл» шаруа қожалығы  өздеріне бекітілген егістік алқапқа 130 гектар күріш, 140 гектарға ескі және жаңа жоңышқа мен бақша еккенін, Ардақ  Мырзахметов басшылық ететін  «Жаңатұрмыс » шаруа қожалығы 140 гектарға Сыр салысын, 50 гектарға жоңышқа, 10 гектарға бақша дақылдарын орналастырып, онда ауылдың 10 тұрғынымен осы жұмыстарды атқарып жатқанын тілге тиек етті. Осы ретте, шаруашылық басшысы Ардақ Қалабекұлын сөзге тартқанымызда ол:  «Жаңа тұрмыс» шаруа қожалығының 2019 жылы құрылғанын, осы жылдар аралығында  күріш егіп, одан жақсы нәтижеге қол жеткізгенін айта келе, шаруашылықтың  алдағы жоспарларын да айтып салды. Атап айтқанда, ауыл іргесіндегі 30 жылдан астам уақыт бойы иегрілмеген егістік жерлерге қайта өңдеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар,  ол алдағы уақытта өнделген 100 гектар егістікке күріш егуді жоспарлауда екенін айтты. Ауылды көркейтуге де байланысты біршама жұмыстар істеліп жатқанын тілге тиек етті. Атап айтқанда, ауыл орталығын тұрмыстық қалдықтардан тазарту  өзі басқаратын шаруашылықтың міндетінде  екенін айтты. «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен көптеген игі істер істеліп жатқанын жеткізді.

Ауыл әкімі бастауымен өткізген жұмыс сапарымыздың соңында  ол осындай игі істерімен танылған азаматтар иіркөлдіктерге жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын, оның ішінде тұрғындарды арзан бағада күріш дақылымен, мал азығы жем-шөппен, сонымен бірге ауыл ахуалын қалыпқа келтіруде түрлі демеушілікпен тұрғындардың алғакусыз алғысына бөленіп жатқанын мәлімдеді.

Дәнекерлеуші Әлібек

Дәнекерлеуші мамандығы қоғамымыздағы бұған дейін де, қазіргі күндері де, үлкен сұранысқа ие мамандықтың бірі. Бұл мамандықтың қызметіне жүгінушілер де жетерлік.Иіркөл ауылына жасаған қызметтік сапарымызда жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан қолдау тауып келе жатқан қайтарымсыз несие арқылы өткен жылы грант жеңіп алған ауыл тұрғыны Әлібек Мусаевтың отбасында болдық.Біз Әлібектің отбасына келгенімізде оны ауласындағы шағын шеберханасында жұмыс істеп жатқан жерінен түстік. Амандық-саулық сұрасқан соң оған өзіміздің жұмысымызды айттық. 

«Осыдан бірнеше жыл бұрын зайыбым екеуміз «Лукойл» компаниясының өңірдегі жұмыссыз азаматтарға қолдау көрсету арқылы жүзеге асырылған бағдарламасының  «бақша дақылын өсіру»  бойынша  грантын жеңіп алып,  бірнеше жыл еңбек еттік. Бағдарламаның жемісін көріп, отбасылық жағдайымызды да  жақсартып алдық. Өткен жылы ауыл әкімдігінің қолдауымен бала жастан өміріме серік болып келе жатқан дәнекерлеушілікті одан әрі дамытуда, мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантқа қатысып, комиссия тарапына қолдау тауып, өз үлесімді алдым. Иә, мен дәнекерлеуді жас шағымнан жақсы көремін. Бұған дейін қолымдағы бар, кеңестік дәуірдегі дәнекерлеу құрылғысымен  шаруамды, кейде ауыл азаматтарының тапсырысымын аула қақпасын, сәкі, жеке тұрғын үйлерге жылу жүйесін, басқа да тұрмысқа қолданатын тапсырыстарды орындап жүрдім. Енді міне қайтарымсыз грант арқылы заманауи үлгідегі дәнекерлеу аппаратын, оған керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Ауламнан арнайы шағын шеберхана  ашып, ауылдастарымнығ тіпті көрші елді мекен тұрғындарының  түрлі мақсаттағы сұраныстары бойынша тапсырыстар қабылдап жатқан жайым бар. Аллаға шүкір осы уақытқа дейін ауылдастарымның тапсырыстарына  бей - жай қарамай, сапалы әрі тез орындауға жұмыс істеудемін. Әзірге  тапсырыс берушілер арасында  жұмысымның сапалылығына күмән келтіргендерді кездестірмедім. Керісінше алғыс айтуда. Кейде мен ауылдағы жалғыз дәнекерлеуші болғандықтан ба,  кейбір мемлекеттік мекемелерден де темірден жасалған бұйымдарды дәнекерлеуге әкеліп жатады. Олар да менің жұмысыма ризалығын білдіреді. Мен үшін ауылдастарымның алғысын алу бірінші кезекте және бақыт», – дейді дәнекерлеуші. 

Әлібек Тұрақұлы дәнекерлеу ісінен басқа егіншілікті де кәсіп еткен кәнігі маман десек болады.Жоғарыда айтқандай, оның бала кезден өміріне серік еткен екінші кәсібі егіншілік. Яғни, атадан балаға мирас болып келе жатқан бақшашылықты одан әрі дамытуда үлкен іс атқарып келеді.  Ол отбасымен ауыл маңындағы бақшалыққа жылдағыдай қауын-қарбыз, картоп, көкөністер егіп, оның өнімін аудан орталығы Жосалы кентіне, Байқоңырға, тіпті Қызылорда қаласына апарып, сатуды үрдіс қылған. 

Қазіргі таңда, ол 77 жастағы Қалдыбек Есмаханов, 70 жастағы Темірбек  Бермашов сынды ауылдас ағаларымен бірге «Жаңатұрмыс» шаруа қожалығының егістік алқабындағы 5 гектар  егістік алқапқа картоп орналастырып, оны күтіп-баптауда.
«Мал шаруашылығы мен егін егу біздің ауыл тұрғындарының негізгі кәсібі десек артық айтқаным емес. Мен де өзгелер замандастарым сияқты  бақша егумен бала жасымнан айналыстым. Бүгінде де осы кәсіпті өміріме серік етіп келе жатқан жайым бар. Үйде мал бар, оны күтіп баптау менің міндетім. Бірақ, бақша менің ең сүйікті ісім. «Көктемнің бір күні жылға азық» дейді ғой қазақ атам. Расымен де көктемнің бір күнін босқа жібергім келмейді. Кетпенімді сайлап, дәндерімді сорттап, бақша егу күні қашан келер деп тағатсыздана күтумен боламын. Жанымда Қалдыбек, Темірбек деген ақылшы ағаларым бар. Солармен келісіп, Жер-Ана тұсінің жылығанын күтемін. Биыл да бірігіп картоп егіп жатқан жайымыз бар. Аллаға шүкір картоптың шығымы жаман емес. Өнім жақсы болады деген де үміттеміз. Осы ретте, айта кетейін «Асыл болса алған жарың –  ханым емей немене, жайлы болса мінезі – жаның емей немене»,  – деп қазақ даналары айтқандай, жылдар өте өмірімнің мәні де  сәні болып, басымнан өткен қиыншылықтар мен қызықты күндерімде  сенімді серік болған, керек жерінде ақылшы бола білген жарым Райкүлмен шаңырақ көтердік. Ұл-қыз өсірдік.  1 ұлым, 4 қызым бар. Ұлымды ұяға, қызымдарды қияға қондырдық. Ұлым, қолқанатым Дәулет «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясында өзі таңдаған мамандығы бойынша  еңбек етуде. Келінім – Индира ұстаз. Олардан екі сүйкімді немере сүйіп отырмын», – деді Әлібек Тұрақұлы. 

«Жар – халал жұп», – депті Алаш арысы Міржақып Дулатұлы. Әлекеңнің  жары Райкүл Сүйіндікқызы Иіркөл ауылындағы құрметті де қадірлі жандардың бірі. Оны ауылдастары бақытты шаңырақтың отанасы, елге сыйлы келін, аяулы ана, қамқоршы әже, ұлттық  дәстүрді жанына серік еткен, он саусағынан бал тамған іскер деп те мақтайды, керек жерінде ұлықтайды. Тіпті, оның  бал тамған қолымен дайындалған сүт өнімдерін, оның ішінде айран-қатығын сүйсіне ішіп, дәмі тіл үйіретін  құрт-ірімшігімен  ауылдастары дастархан мәзірін толтырады. 

Ауылдағы әмбебап дүкен

Азық-түлік, тұрмыстық тауарлар мен киім-кешек. Мұның бәрін бір дүкен ішінен тапсаңыз, керемет емес пе?! Осыдан аз уақыт бұрын Иіркөл ауылына сапарлатып барған едік. Ауылдағы "Раушан әже" дүкенге бас сұғып, сөрелерде тұрған заттарды көріп, таң-тамаша болыстық. Ағылып жатқан адамдардан біз де кезегімізді күтіп тұрдық. Апырмай-ау, аудан орталығынан іздеп таба алмайтын кей дүниелерді мұнан оп-оңай табуға болады дестік. Ауыл деген аты болмаса қаладағы дүкеннен кем түспейді.
Дүкен иесі ауданға белгілі кәсіпкер – Рабиға Балғабаева. Өзінің туған ауылынан дүкен ашуды ойлаған ол 2015 жылдың наурыз айында жаңа дүкенді пайдалануға береді. Алғашқыда дүкенге "Мағжан" атауын берсе, кейіннен анасының құрметіне "Раушан әже" деп қояды. Кәсіпкер ауылдағы тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарға ылғи көмек көрсетіп отырады. Ауылға заттарды күнделікті жіберіп отыратынын да тілге тиек етті.

– Алғашқыда оңай болмады. Дүкенді жабу туралы да ой келді. Дей тұра ауыл тұрғындары ауданға сабылмай, осы дүкен арқылы керегімізді алып отырмыз деген соң жаба алмайтынымды ұқтым. Әрине, бір ауылда бір дүкен керек қой. Мұнда керектінің бәрі бар. Күн сайын қажетті азық-түліктерді жіберіп отырамыз, – дейді дүкен иесі.

Ғалия Елеусінова дүкен ашылғалы бері осында сатушы болып еңбек етіп келеді. Ауылдан заманауи үлгідегі, барлық керек-жарақ табылатын дүкеннің болғанына ол да қуанышты.

– Дүкеннің іші таза, жылы. Сондай-ақ жұмыс уақыты қолайлы. Биыл ашылғанына 6 жыл болады. Сол уақыттан бері дүкеннен адам үзілген емес. Оның бір себебі – жаңа тауарлар мен қолжетімді баға деп ойлаймын. Бізге заттар күнде келеді. Нан мен күнделікті тұтынатын тауарлар аудан орталығынан жылдам жетіп отырады. Осыған ауыл тұрғындары да үйренген. Ыдыс-аяқ, киім-кешектің бәрі дүкеннен табылады, – дейді сатушы.

Иә, бұл расымен шағын ғана ауыл. Мұнда тек жалғыз дүкен бар. Ауыл адамдары керек-жарағын осыннан табады.

Жас мамандарды қолдауға бүгінгі күннің мәселесі

Иіркөл ауылы тұрғындарының  бүгінгі тыныс-тіршілігімен  аудан тұрғындарын ақпараттандырудағы жұмыс сапарымыз жас та болса, өз ісінің шебері атанған, ауылдастары арасында өзіндік орнын қалап үлгірген жеке кәсіпкер, автокөлік жөндеуші «Бағдат» жеке кәсіпкерлігінің төрағасы Бағдат Көмековтың авокөлік жөндеу шеберханасына аялдадық. Біз шеберханаға кіргенімізде ол келесі авткөліктің маторын жөндеп жатыр екен.Әңгіме барысында оның жаңа ғана бір көлікті жөндеп, егесіне тапсырғанын білдік. Ал аулада кезек күтіп, бір жеңіл автокөлік пен бір мотоцикль тұр екен. 

Біз оған келу мақсатымызды айтқан соң, әңгіме төркінін білген ол  өткен жылы мемлекет тарапынан өзі сияқты аудан ауылдарындағы  жұмыссыз жүрген тұрғындарды, оның ішінде жастарды қолдау мақсатындағы  мемлекеттен қайтарымсыз грантқа ие болғанын мақтанышпен айтты. 

«Мен мемлекеттен орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған қайтарымсыз грантты жеңіп алғаныма қуанамын. Рас, өңірімізде  мендей жұмыссыз жүрген жастар көп. Бұл бағдарлама  арманын орындай алмай жүрген біздерге  үлкен қолдау болуда. Біздің ауылда жеңіл автокөлік жөндейтін азаматтар жетерлік, бірақ олардың қолында арнайы құрылғылар жоқтың қасы. Міне, мен де мақсатымды жүзеге асыруда осы бағдарламаға қатысып, одан несібемді алдым. Жобамның іске асуына қолдау жасаған ауыл әкімдігі қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз», – дейді жас автокөлік жөндеуші.

Иә, «Жансын десең еңбегің, жұмыс жаса, терлегін!» демекші, Бағдаттың алға қойған  мақсатты жобалары да жоқ емес. Жас кәсіпкер алдағы уақытта кәсібін кеңейту мақсатында жұмыстар атқарып жатқанын айтты. Дөңгелек желдету, камер жамау, диагностика, тағы басқа да көлік жөндеуге қажетті құрылғыларды сатып алып, ауыл тұрғындарының жеңіл автокөліктерін аудан, облысқа  апармай-ақ, өзінің шеберханасында жөндеп берсем деген де арманын айтып қалды. Сонымен қатар, өзі жылқы малына әуес екенін де жеткізді. Мүйізді ірі қара мен жылқы өсіріп, оларды бордақылауды да қолға алсам деген де ойын тілге тиек етті. Бірақ, бұл жоспарды  алдағы уақыттың еншісіне қалдырып отырғанын айтты. 

«Армандар орындалады» дейді ол. Әңгіме барысында  Бағдат «Туған жердің топырағы да ыстық» дегенді де айтып қалып, өзі туып-өскен Иіркөл ауылының өсіп-өркендеуіне үлес қосуда және өзі сүйіп ойнайтын спорттың  футбол түрінің  жанашыры ретінде ауыл орталығынан заман талабына сай  шағын футбол алаңын салсам деген де ниеті бар екенін айтты.

Тағы да оқыңыз: