Kyzylorda-news.kz. «Nur Otan» партиясы халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейді. Бұл мақсатта партия ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, өңдеу және сауда кәсіпорындарын дамытуды жоспарлап отыр.
Мемлекеттік бағдарламалар мен жеке инвесторлар есебінен шағын және орта бизнес салаларында жалпы саны 12 жобаны жүзеге асыруға ниетті. Атап айтқанда, алдағы уақытта партия «ІІІ-Интернационал», Жаңажол, Дауылкөл, Иіркөл ауылдық округтерінде 4 жем шығару цехын, «ІІІ Интернационал» ауылында шұжық цехын іске қосып, елді мекендегі жылыжай қондырғысын қайта құрмақ. Ал Тұрмағамбет ауылында ет өнімдерін консервілеу цехын, Жаңажол ауылындағы сүт өндірісін, Жосалы кентіндегі темір бұйымдар және пластикалық терезе цехы мен жиһаз жасау шеберханасын ашуға ықпал етеді.
Жуық жылдарда жүзеге асатын жұмыстар туралы Қызылорда облыстық мәслихат депутаттығына үміткерлер Орынбасар Төлепов, Нұрлан Бисембаев, Дильфура Байрақтарова, Индира Әбдібекова «III Интернационал» бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесу барысында мәлім етті. Келелі кездесуде үгіт тобы «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын таныстырса, ұйым мүшелері жеке ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, өздерін толғандырған сауалдарды қойып, көкейтесті мәселелеріне жауап алды. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту, сапалы білім беру, медицина саласына қолжетімділікті арттыру секілді мәселелердің түйінін тарқатты.
“Бастауыш партия ұйымдары – халықпен арадағы алтын көпір. Жергілікті жұрттың қалауымен жіті таныс. Ұйымның мақсаты мен жауапкершілігі де жоғары. Себебі, партия жобаларын халыққа жеткізуші бірден бір ұйым боп саналады. Сондықтан саяси ұйым жұмысын жаңғыртып, халықтың талап-тілегін орындау біз үшін маңызды”, – деді үміткер Орынбасар Төлепов.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Nur Otan» партиясы жаңа биіктер мен жетістіктерге бастайтын баянды бастамаларды жалғастырады. Мәселен, Қармақшы ауданында жұмыспен қамту бағытындағы шаралар нәтижесінде 5,2 мың жұмыс орнын құрып, жұмыссыздық деңгейін 5,2 %-дан 4,8 %-ға төмендетуді көздеп отыр.
Жыл сайын «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасымен 15 кәсіпкерге пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау шеңберінде несиелер және бизнесін жаңадан бастаушы азаматтарға гранттар ұсынуды, «Бастау-Бизнес», «Бизнес Кеңесші» мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жыл сайын 350-ден аса азаматтарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды қолға алады. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің үлесін 96,0 пайызға жеткізуді межелеп отыр.
Үміткерлер шара соңында сала қызметкерлері тарапынан айтылған сауалдардың барлығы да партия тарапынан жіті бақылауда болатынын айтып, алдағы сайлауда «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырды.


«Nur Otan» партиясы Қызылорда облысының сайлау қоры қаражаты есебінен төленді
