Kyzylorda-news.kz. Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының студент спортшылары арасында ІІ универсиада өтуде.
Бауырлас елдердің спортшыларының басын қосқан Универсиадаға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінен 500-ден аса жас қатысуда.
Олар шахмат, үстел теннисі, волейбол, дзюдо, футзал, грек-рим күресі, еркін күрес спорт түрлері бойынша өзара бақ сынауда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстанда түркі Универсиадасын өткізу туралы мәлімдеді. Аталған Универсиаданы өткізудің мақсаты − студенттер арасындағы спорттық жарыстар арқылы Түркі елдерінің өзара жан-жақты ынтымақтастығына жәрдемдесу.
Универсиадада Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері дзюдо спорты бойынша жүлдегер атанды.
Атап айтсақ, 57 келі салмақта Дина Мұханбет ІІ орын, 63 келі салмақта Ақтоты Зарип ІІІ орын иеленді. Сондай-ақ, «Дене шынықтыру және спорт» БББ-ның 2023 жылғы түлегі Қалдыбек Айғали ІІІ орынға ие болды.