Kyzylorda-news.kz  Игілікті іс – қоғам айнасы екені сөзсіз. Бүгінгі қоғамда игілікті іс атқарып, ізгіліктің жаршысы болып жүрген жанашыр жандар қаншама. Сырдария ауданының орталығынан шалғайда орналасқан Айдарлы ауылының тұрғыны Мұхитбек Тәжекеев ізгілікті іс атқарып жүрген азаматтар жөнінде айтып берген болатын. Жанашыр азаматтың айтуынша, ауылдың барлық мәселесіне бей-жай қарамайтын бірнеше азамат ауылдағы «Ардагерлер» саябағына ағаш отырғызып, су арнасын тазартып берген екен.

 Кіндік қаны тамған туған жер топырағынан түлеп ұшқан қос азамат Нұрмахан Ералиев пен Лесбек Әлмаханов шалғайда орналасқан ауылдың көркеюіне сүбелі үлес қосып, ауылдағы саябаққа 300 түп ағаш отырғызған. Сонымен қоса елдегі елең еткізер кез келген мәселені шешуге белсенділік танытатын Бекзат Жармаханов пен Сәулебек Әуелбеков елді мекендегі «Тораңғылды арық» және «Уалихан» каналын тазалауға демеушілік жасаған. 

– Көктем-жаз мезгілінде елді мекенде аяқ су мәселесіне жіті көңіл бөлеміз. Егін егіп, несібесін жерден терген ауыл халқы бір сәтке қиналмауы тиіс. Көп жылдан бері ауылдағы «Тораңғылды арық» және «Уалихан» каналы тазаланбай тұрған еді. Өз кезегінде жанашыр жандар игі іске мұрындық болды. Ауыл әкімшілігінің мамандары әркез тазалау жұмысының басы-қасынан табылды. Көркейту-көгалдандыруға, қаналды қалыпқа келтіруге атсалысқан бірқатар жерлесімізге ел ағалары атынан алғыс айтамын, – дейді Мұхитбек Тәжекеев.

Тағы да оқыңыз: