Kyzylorda-news.kz.  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев Қызылорда облысына екі күндік жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысандарды, ірі кәсіпорындарды аралап, мемлекеттен берілген гранттар мен микрокредиттердің арқасында өз ісін бастаған кәсіпкерлермен кездесті. Өңір активімен және ҮЕҰ өкілдерімен кездесу барысында вице-министр халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Үкімет жастарға жылдық 2,5 %-бен микрокредит беру түрінде кәсіпкерлік қызметті қолдауды жүзеге асыруда. Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жыл (кез келген мақсатқа) және 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін) болуы мүмкін.

Қызылорда облысы бойынша осы жылы 457 микрокредит беру жоспарланған болатын. Бұл ретте бүгінгі күні облыс тұрғындарынан «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға 588 өтінім келіп түсті. Қабылданған өтінімдердің 519-ы конкурстық комиссияның қарауына жіберілді, оның ішінде жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеге 492 микрокредит берілді.

Бұдан басқа, 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өңірде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтардың кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға 1526 грант беру жоспарланды. Бүгінгі күні 1529 жоба қатысушысы мемлекеттен қолдау алып, өздерінің бизнес-идеяларын іске асыруға кірісті.

Жұмыс сапары барысында Олжас Ордабаев «UMIRBEK» ЖК жұмысымен танысты. Оның құрылтайшысы Асхат Өмірбек «Кәріз құдықтарын өндіру үшін негізгі құралдарды сатып алу» бизнес-жобасын іске асыру үшін 5 млн теңге көлемінде микрокредит алды. Алынған кредиттік қаражатқа темірбетон өнімдерін өндіру үшін қажетті жабдықтар сатып алынды. Қазіргі уақытта өз бизнесін дамытуда.

Осыдан кейін вице-министр 2023 жылы пайдалануға берілген «ORDA Glass Ltd» ЖШС шыны зауытында болды. Шығарылатын өнімнің 70%-ы ішкі нарыққа, 30%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстанға экспортқа жөнелтіледі.

Сондай-ақ, Олжас Ордабаев мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталығында болды. Ұйым жұмысымен танысқаннан кейін вице-министр онда өңір активімен, ҮЕҰ-мен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесу өткізді. Ол ҚР Әлеуметтік кодексі аясында қарастырылған әлеуметтік-еңбек саласын жетілдірудің жаңа тәсілдері туралы айтып берді.

Вице-министр өз сөзінде халықты әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету Үкімет пен жергілікті билік органдарының маңызды міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

Олжас Ордабаев мемлекет балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Жаңа шаралар Әлеуметтік кодексте көрсетілген: бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту; атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге наградталған ана мәртебесін беру және оларды саралау жәрдемақылар мөлшерін ұлғайту; халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарына мемлекеттік жәрдемақылар мөлшерін ұлғайту.

Вице-министр Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде сондай-ақ жұмыс күшінің кәсіптік дағдыларын күшейту, икемді жұмыспен қамтудың барлық түрлерін заңнамалық бекіту және реттеу, технологиялар мен білім трансферті үшін білікті кадрларды тарту, жұмыспен қамту орталықтарын мансаптық орталықтарға трансформациялау және қызметтерді ауқымды цифрландыру көзделіп отырғанын атап өтті.

Ол сондай-ақ кездесуге қатысушыларға халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары туралы айтты.

«Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларының кешенін іске асыру жұмыссыздық деңгейін 4,7 %-ға дейін төмендетуге ықпал етті. 2023 жылдың 11 айында республикада 908,5 мың адам жұмысқа орналастырылды, оқыту және кәсіптік бағдар беру түрінде халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларымен 311,1 мыңға жуық қазақстандық қамтылды», – деді Олжас Ордабаев.

Кездесу соңында вице-министр кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, азаматтарға жеке қабылдау өткізді. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, Олжас Ордабаев олардың өтініштері бойынша толыққанды жауап берді.

Жұмыс сапарының екінші күні, яғни 22 желтоқсанда вице-министр гранттар мен микрокредиттер алып өз ісін бастаған кәсіпкерлердің жұмыстарына барып, кәсіптерімен танысуды жалғастырады, сондай-ақ еңбек мобильділігі орталығының және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлерімен кездеседі, «KazFries» мұздатылған картоп өндіру зауытына және «Rise shop»күріш өнімдерін өндіру зауытына барады.

Тағы да оқыңыз: