Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының қоғамдық даму КММ мен "Қызылорда облысының жастар Одақтары" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен "Cыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық түсіндірме шараларын және адам саудасының алдын алуға бағытталған шараларды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында Қызылорда облысының халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мәселелеріне байланысты заңгер Байменов Нұрсұлтан Шаяхмедұлымен кездесу өткізілді.
Кездесу барысында заңгер сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бірде-бір мемлекет сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоя алмады, бірақ бұл жағымсыз құбылыспен күреспеу, оны қолдаумен бірдей. Сондықтан, ол қоғам назарынан тыс қалмауы керек. Қарапайым тілмен айтқанда, сыбайлас жемқорлық дегеніміз- бұл өз лауазымын жеке басының мүддесі үшін пайдалану. Ол әр түрлі формада көрінеді: парақорлық, жымқыру, алаяқтық және т.б. «Қазақстан-2050» Стратегиясында, сыбайлас жемқорлықты жеңу – еліміздің басты бағыттарының бірі екенін айтып кеткен. Себебі ол мемлекеттің саяси және әлеуметтік институттарына кері әсерін тигізіп, елдің дамуына кедергі келтіреді. Сыбайлас жемқорлықпен қалай күресу керек? Бұл үшін барлық адамдардың көмегі қажет. Өйткені, оның дамуына пара алушылар ғана емес, пара берушілер де әсер етеді. Көптеген адамдар ақша ұсыну арқылы өз істерін тез шешуді жөн көреді. Сондықтан ең алдымен, өзіңізден бастауыңыз керек. Лауазымды тұлға сізден пара талап еткен жағдайда – бұл туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлау қажет.
Мәселені шешу үшін кешенді шаралар қажет – сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазаны күшейту, азаматтық қоғамды белсенді ету және бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалын көтеру. Осы құбылысқа қарсы күресте басқа елдердің тәжірибесін пайдалану керек. Олардың бағдарламаларын біздің мемлекетімізде қолдану. Бұл қазіргі заманның ауруы, оны емдеу үшін мемлекеттік органдар тарапынан да, ел азаматтары тарапынан да орасан күш жұмсау қажет екендігін атап өтті. Заңгерге халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Қызметкерлер алдағы уақытта бұндай кездесулер жиі болу керектігін айтып, заңгерге өз алғыстарын жеткізді.
