Kyzylorda-news.kz. Бүгін Жалағаш ауданының әкімдігі мен Қызылорда облыстық адвокаттар алқасы Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексін және заңдарды басшылыққа алып, өз құзіретттері шегінде келісімге келді және төмендегі жайлар туралы меморандум жасады.
Меморандумның негізгі мақсаты – Жалағаш ауданының тұрғындарына кең спектрлі құқықтық және өзге де қызмет түрлерін көрсету және билік пен тұрғындардың тиісті деңгейдегі өзара әлеуметтік іс қимылын қамтамасыз ету, халыққа құқықтық қызмет көрсету үшін бірлескен және келісілген іс-қимылдарды жүзеге асыру. Сонымен қатар халықтың билікке деген сенімін арттырып, мәселелерді жедел шешіп, тұрғындардың негізсіз сергелдеңге түсуін және өтініштердің созбалаңға салынуын болдырмай, қағазбастылықты азайтуға оң ықпалын тигізу болып табылады.
Меморандумға қол қоя отырып, тараптар өздеріне міндеттеме алды. Қатысушылар өз ара іс-қимылды дамытуға төмендегідей жолдармен қолдау жасайды. Атап айтқанда «бір терезе» қағидасы бойынша жеке және заңды тұлғаларға жеке қабылдау жүргізіп, олардың өтініштерін қарауға қабылдайды, тұрғындарға кеңес береді. Жекелеген тіршілік әрекеті салаларында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды ұйымдастыруға бағытталған қосымша шаралар жүргізеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттерді орындайтын болады.
Меморандумда адвокаттар алқасының және аудан әкімдігінің мақсаттары, сондай-ақ меморандумның ережелерін қолдану, меморандумның күшіне ену тәртібі және оның қолданылуын тоқтату қағидалары қарастырылды.
Меморандумға Жалағаш ауданының әкімі А.Есжанов және Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының төрағасы М.Даубалаев қол қойды.
Атап айтуымыз керек, бұл жұмыстар аудандар арасында Жалағаш ауданында бірінші рет қолға алынып отыр. Жаңа 2023 жылдан бастап аудан орталығында мәдениет пен өнерді дамыту орталығында адвокаттарға арнайы орын, жұмыс кабинеті беріледі. Бұл жерде штатты негізде екі адвокат тұрақты жұмыс істеп, аудан тұрғындарына құқықтық кеңес, көмек береді.
Ал, тоқсанына бір рет облыстық адвокаттар алқасының экономикалық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарайтын арнайы маман адвокаттары ауданға келіп, ашық есік күнін өткізетін болады.
Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының төрағасы М.Даубалаев игілікті жұмыстарға қолдау көрсеткені үшін аудан әкімі А.Есжановқа алғысын айтып, ризашылығын білдірді.


