Kyzylorda-news.kz. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Ұмай» сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйінің директоры Анар Ізден мен SES (Senior Experten Service) халықаралық ұйымының сарапшысы Эльфриды Паули студенттермен кездесу өткізді.
Кездесуді әлеуметтік және тәрбие жұмыстар жөніндегі проректор Жандос Базартай жүргізіп, мектепке дейінгі бала тәрбиесі, балабақшадағы білім мен тәрбиенің маңыздылығы туралы атап өтті.
Ал, «Педагогикалық-психологиялық білім беру және оқыту әдістемесі» кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD) Бақытжамал Бекжанова «Ұмай» сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйі университеттегі кафедра филиалы екенін, білім алушылар жиі практикаға барып, тәжірибе алмасатынын атап өтті.
Кездесу барысында студенттер педагогика саласына қатысты сұрақтар қойып, өз пікірлерімен бөлісті.
Айта кету керек, білім алушылар 10-20 қазан аралығында «Ұмай» сауықтыру және тәрбиелеу қайырымдылық үйінің базасында SES (Senior Experten Service) халықаралық ұйымының сарапшысы Эльфриды Паулидің шеберлік сағаттарына қатысып, тәжірибе жинақтайтын болады.
«Ұмай» балалар үйінде Германиялық эксперт Эльфрида Паулидің тәрбиешілерге және Қорқыт Ата атындағы университеттің студенттеріне арналған оқу курсы жалғасуда. Эльфрида ханымның оқу процессінде пайдаланатын негіздер Қазақстандағы жақында бекітілген бағдарламаға сәйкес келеді. Жаңа форматтың әдіс-тәсілдері эксперт ұсынған процесске ұқсас.
Эксперттің ең басты принципі - тәриенушілерге бала өзін өзі дамытуға, дағдыларды өзі қабылдауға, білім алуға жәрдем беру. "Эарика!" деген принциппен бала өзі білімге жетіп, әрі қарай дағдыларын дамыту керек. Тәрбиешінің көмегімен. Бізде, керісінше, тәрбиеші үлгі етіп дайын дүниелерді ұсынады да, бала нәтижеге жету процессін өте күрделі деп есептейді.
Екінші принцип: қоғамда барлық адамдардың білім алу деңгейі бірдей емес, әсіресе, дамуында проблемалар балаларды оқу процессіне қосқанда. Эксперттің тәрбиешілерді үйрету тәсілі: әр баланың тек сол балаға қатысты мүмкіндіктеріне, қажеттіліктеріне талдау жасап, топта әр баланың орнын ерекше екенін ескеру, балалардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін байланыстыру», - деді «Ұмай» балалар үйінің директоры Анар Ізден.


