Kyzylorda-news.kz Халықаралық туризм күніне орай Байқоңыр қаласында және Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде «DRIVE FORUM BAYKONUR» атты халықаралық деңгейдегі фестиваль өтті.

Екі күнге жалғасқан бұл шараның басты мақсаты – Сыр өңірінің басты туристік аймақтарының ерекшеліктерін кеңінен таныстыру, тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттау және аймақтың туристік әлеуетін арттыруға бағытталды.

Ауқымды фестивальге Ресей, Түркия, Түрікменстан және Қырғызстан мемлекеттерінен келген 60-қа жуық турист қатысты. Танымдық шара аясында құрметті қонақтарға дизайнер Светлана Цойдың «Космо драйв прет-а-порты» атты эксклюзивті сәндік коллекциясы таныстырылды. Одан кейін қатысушылар арасында еркін форматтағы пікірталас, түрлі конкурстар, ойындар мен викториналар ұйымдастырылды.

Фестиваль бағдарламасы бойынша қонақтар Байқоңыр қаласындағы мәдени-танымдық нысандармен, сондай-ақ «Байқоңыр» ғарыш айлағының тарихи орындарымен танысты. Сонымен қатар «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне арнайы саяхат жасалып, қонақтарға қазақ халқының бай мұрасы мен рухани құндылықтары таныстырылды.

Айта кетейік, «DRIVE FORUM BAYKONUR» фестивалі аймақтық туризмді дамытуға, шетелдік қонақтарға Сыр өңірінің туристік әлеуетін насихаттауға және халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды іс-шараның бірі болып саналады.

Тағы да оқыңыз: