Kyzylorda-news.kz Биыл қазақ театр өнерінің қарашаңырағы саналатын Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры 70 жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы айтулы мерекеге орай, Сыр елінде тұңғыш рет «Сырдың Сәбирасы» атты I халықаралық театр фестивалі бастауын алды.Фестиваль ұлы өнерге өлшеусіз үлес қосқан, сахна саңлағы, Халық әртісі Сәбира Майқанованың рухына арналмақ. Бұл шара – театр өнеріне тағзым, сахнагерлер еңбегіне құрмет, көрерменмен шығармашылық байланысты тереңдете түсуге бағытталған рухани жаңғырудың жарқын көрінісі. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте Асанәлі Әшімов бастаған әділ қазы алқалары және фестивалді ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

- Біздің атқарған жұмыстың нәтижелі болуына, әсіресе, журналистердің қосар үлесі орасан. Сіздер – өнер мен көрермен арасындағы алтын көпірсіздер. Сол себепті, бүгінгі мереке – баршамызға ортақ. Қызылорда – мәдениеттің ордасы. Бұл өңірден талай дарабоздар, өнер майталмандары шыққан. Сұлу Сырға тағы бір мәрте келгенімізге, сіздермен дидарласқанымызға бек қуаныштымын. Мен Қалибек Қуанышбаевтың қолына су құйып, шапанын жамылған шәкіртпін – соған мақтанамын. Ал Сәбира Майқановамен бір сахнада серіктес болып, өнердің биігін бірге бағындырғанымды – тағдырымның ең үлкен сыйы деп білемін. Сәбира – сахнаның шынары еді. Оның есімі қазақ театр тарихында алтын әріппен жазылған,- деді Асанәлі Әшімұлы.

 

- Қысқа мерзім ішінде мұндай ауқымды шараны саралау, бағдарлама құру, халықаралық деңгейде үйлестіру — қажырлы еңбекті, ұжымдық жауапкершілікті талап етеді. Кеше болып өткен салтанатты ашылудан-ақ ұйымдастырушылардың жоғары деңгейдегі дайындығын, барынша кәсіби тұрғыда қаралғанын байқадық. Фестиваль бағдарламасында шетелдік театр ұжымдарының қойылымдарымен қатар, соңғы жылдары елімізде жасалған сапалы туындылар да ұсынылуда. Бұл – отандық драматургия мен режиссерлік мектептің үздіксіз дамып келе жатқанын, жаңашыл ізденістердің жемісін көрсетеді,- деді Анар Саимжанқызы.

 

– Сыр еліне, қазақ даласына табан тірегеніме, осындай үлкен рухани шараның куәсі болғаныма шексіз қуаныштымын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе.Осы орайда, Қызылорда облысының әкімдігі мен театр ұжымына алғысым шексіз. Бұл – жай фестиваль емес, бұл — өнердің, достықтың және болашақтың мерекесі,- деді әділқазы мүшесі Лаша Чхартишвили.

 

– Өз басым Асанәлі Әшімов сынды аңыз адаммен бір сахнада қатар отырудың өзін үлкен бақыт деп білемін. Оның шығармашылығы – бүкіл түркі жұрты үшін ортақ мұра. Фестивальдің жоғары деңгейде өтуі – ұйымдастырушылардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әсіресе, Қызылорда облысы әкімдігі мен театр ұжымына ерекше алғыс айтамын. Қысқа уақыт ішінде халықаралық форматтағы кәсіби алаң ұйымдастыру – үлкен жауапкершілік пен шынайы сүйіспеншіліктің көрінісі,- деді Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің вице президенті Элеонора Маратқызы.

 

– Осындай халықаралық деңгейдегі шараның өтуіне себепкер, дәнекер болғанымызға біз де ерекше қуаныштымыз. Ат жарысқа шықса, оның бәйгеден үміті болатыны секілді, біз де осы фестивальге үлкен үмітпен қарап отырмыз. Алдағы 6 күн бойы көрермендерге терең мазмұнды, мағыналы қойылымдар ұсынылады. Бұл – театр мен көрермен арасындағы үлкен рухани байланыс, өнер мерекесі. Еліміздің атынан келіп жатқан барлық қонақтарға шын жүректен алғыс айтамыз! Қош келдіңіздер,- деді Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының басшысы Мұхтар Мәуленұлы.

Айтулы фестиваль аясында еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген 11 театр ұжымы өз өнерлерін ортаға салып, сахналық қойылымдарымен Сыр жұртшылығын қуантпақ. Бұл тек өнер додасы ғана емес, тәжірибе алмасу мен рухани байланысты нығайтатын тағылымды шара болмақ.

Сырдың Сәбирасы брифинг 2.jpg

Тағы да оқыңыз: