Kyzylorda-news.kz. ҚР Парламенті мәжілісі және әртүрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті және осы саяси науқанда халық өз таңдауын жасады. Енді тек елдің сенімі сетінеп кетпесе игі. Қазірде халық қалаулылары сайлауалды бағдарламаларындағы жарқын жобалары мен жоспарлы жұмыстары бойынша іске кірісті. Ел мүддесі үшін мінберден мәселе көтеремін десе, ел ішінде шешімін күтіп тұрған қыруар шаруа бар.
Аптаның бейсенбісінде аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының алғашқы сессиясы өтіп, депутаттар мандат алды. Сессияға аудан әкімі Асқарбек Есжанов, бөлім, мекеме басшы¬лары, құқық қорғау органдары басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жиында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Дүйсембиев сайлау қорытындысын жариялап, нәтижесі бойынша жаңадан сайланған депутаттарға куәлік пен төсбелгі табыстады. Берік Аманжолұлы сөз кезегінде депутаттардың жұмысына сәттілік тіледі және кез келген істе ел ішіндегі ауызбіршілікті қалыптастырып, қоғамдық тұрақтылықты сақтау аса маңызды екенін атап өтті. Аудандық мәслихаттың VIII шақырылымының бірінші сессиясының күн тәртібінде Жалағаш аудандық мәслихатының төрағасын сайлау, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және олардың сан құрамын белгілеу туралы, аудандық мәс-лихаттының тұрақты комиссияларының құрамын бекіту, сонымен бірге депутаттық фракцияны бекіту туралы мәселелер ұсынылды.
Сессиядағы алғашқы мәселе бойынша депутаттардың ашық түрде дауыс беру нәтижесінде Өмірзақ Елеусінов аудандық мәслихат хатшысы болып сайланды. Өмірзақ Тұрымбетұлы жауапты қызметке лайық деп танып, бірауыздан дауыс берген әріптестеріне алғыс айтып, сессия отырысын жүргізуді өз қолына алды. Бұдан соң аудандық мәслихат аппаратының ұйымдастыру, құқық бөлімінің басшысы Эльмира Құттымбетова аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларын құру және олардың сан құрамын белгілеу, аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамын бекіту мәселелері жайында баяндады. Баяндамашының шешім жобасы депутаттар тарапынан қолдау тауып, бекітілді.
Жиын барысында аудан әкімі Асқарбек Есжанов жаңадан сайланған депутаттарды саяси науқандағы жеңістерімен құттықтай отырып, ауданның өсіп-өркендеуі жолында, маңызды мәселелерді ел игілігі үшін тиімді шешу мақсатында бірлесіп жұмыс жасауға, елді мекендердегі экономикалық жағдайы мен халықтың әлеуметтік тұрмысын одан әрі жақсарту бағытында ұсыныстар білдіруге шақырды және сайлаушылардың сенімін ақтайтындарына сенім білдіріп, сәттілік тіледі.
– 2023 жылы 29 наурыз күні Мемлекет басшысы VІІІ сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында елді дамытуға бағытталған сегіз басымдықты айқындап берді. Біздің де алдымызда өздеріңізбен бірлескен нақты міндеттер бар. Кешегі өткен саяси науқанда сайлау жүйесіндегі ерекшеліктерге сәйкес көппартиялықты дамытуға, азаматтардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне қатысу аясын кеңейтуге басымдық берілді. Сайлау қорытындысы бойынша ауданда 3 пар-тия өкілдері мәслихаттарда 12 мандат иеленді. VІІІ шақырылымдағы аудандық мәслихат білім және ғылым, денсаулық сақ¬тау, кәсіпкерлік, азаматтық қоғам, мәдениет және спорт саласының өкілдерінен құралды, – деді Асқарбек Темірбекұлы. Сондай-ақ аудан басшысы осыған дейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы қызметін атқарып келген Өмірзақ Тұрымбетұлының білікті басшы, ұйымдастырушы ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Уақытына қарай өз мерзімімен депутаттардың құрамы өзгеріп, жұмыс жалғаса береді. Әр кезеңдегі депутаттар халық сенімінің үдесінен шығу үшін жұмыс істейді, мінберден ел мәселесін көтеріп, оң шешілуіне ықпал етеді. VII шақырылған Жалағаш аудандық мәслихатының депутаттарының бұған дейінгі жүйелі жұмыстары айтылып, аудан әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Анығырақ айтсақ, VII шақырылған Жалағаш аудандық мәслихатының депутаттары 2021 жылдың 15-ші қаңтарынан бастап өз жұмыстарын атқарды. Екі жыл ішінде мәслихаттың 8 кезекті, 24 кезектен тыс, барлығы 32 сессиясы өткізіліп, 222 мәселе қаралды және тиісті шешімдер қабылданды. Бұл тұста аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев халық қалаулыларының әрқайсысы сайлаушылардың мүддесін қорғай отырып, өкілетті органдардың жұмысына үлес қосып, билік пен халық арасында алтын көпір болғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ауданның әлеу¬меттік-экономикасына қосқан үлесіне, маңызды мәселелердің оңтайлы шешілуіне ық¬пал жасағаны үшін аудан халқының аты¬нан зор алғысы мен ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының сайлауында аудандағы 20434 сайлаушының 79,4 пайызы дауыс берген болатын. Ауданда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына 12 мандат берілсе, оның 10 мандатын «AMANAT» партиясы, 1 мандатын «Ауыл» партиясы, 1 мандатын «Ақ жол» партиясы иеленді.
