Kyzylorda-news.kz. Жемісті жылдарда елдің тұрақтылығын, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығына кепіл болатын Қазақстан полициясы құрылды. Қазақстан полициясы – Халқымыздың берік қорғаны, тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыздың сенімді тірегі. Әр аймақтағы полиция бөлімдері жергілікті жердегі құқы бұзушылырадың алдын алуда, қоғамдағы қылмыстардың азайып, ел дамуына кедергі келтіретін олқылықтарды болдырмауда табандылық танытып, нәтижеге жұмыс жасауға күш салып келеді. Әсіресе, осы салада жүрген, ауданның тыныштығын, қоғамның тұрақтылығын күзеткен тәртіп сақшыларының еңбегі елеусіз қалмайды. Олар осы уақытқа дейін Жалағаш аудандық полиция бөлімінде де ахуалдың тұрақты болуы үшін жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Атқарған жұмыстары нәтижесін беріп, көптегне қылмыстардың алдын алса, ашылған қылмыстар да жоқ емес.
Жалпы, учаскелік полиция жұмысы – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең әмбебап қызмет. Өйткені учаскелік полиция инспекторы қоғамның тыныштығын сақтаумен қатар ұсақ-түйек ұрлықтан бастап кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың қақ ортасында жүреді. Елді мекендердің, қарапайым халықтың қайнаған тіршілігімен біте қайнасып жүргендіктен, оларға сөгіс те бірінші келеді, алғыс та арқалап жатады. Ішімдікке тойып алып, ауылының берекесін алған маскүнеммен, отбасын ойрандаған озбырмен, қоғам тыныштығын бұзған бұзақымен де бетпе-бет келетін осылар. Сырт көзге форма кейіп, түзу жүрген сақшының жұмысы оңай көрінгенімен, бұл қызметтің көпке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол. Осындай қауіп-қатері басым қызметтің жауапкершілік жүгін арқалап, өзіне бекітілген әкімшілік аумақ бойынша тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қойып, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап жүрген тәртіп сақшының бірі учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Нұрлан Сенбековтың еңбегіне ерекше тоқталуға болады.
2009 жылы Аққолқа елді мекенінде учаскелік полиция қызметкері болып еңбек жолын бастаған ол кейін Мәдениет, Мырзабай, Аққұм, Аққыр, Жаңадария ауылдарында абыроймен қызмет атқарып, ауыл халқының алғысына бөленді. Сондай-ақ аймақтағы жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың құрамында адал еңбек етіп, аймақ тұтастығын сақтауға үлкен үлес қосып жүр. Кейіпкеріміз 2022 жылдың қазан айынан бастап Бұхарбай батыр ауылында учаскелік полиция инспекторы ретінде сапалы қызмет етіп келеді. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының полицияға деген сенімі нық, жұмысына көңілі толады. Олай болатыны да заңдылық. Себебі елді мекенде соңғы жылдары қылмыстың саны күрт азайған. Иә, ел болғасын ұрлық, бұзақылық орын алып тұрады. Дегенмен Нұрекеңнің қырағылығы мен біліктілігінің арқасында мұндай қылмыстар да мүлде орын алмапты.
«Тек қана полиция емес, кез келген азамат жұмысына асқан жауапкершілікпен қараса, ісінің алға басары сөзсіз. Иә, жасырмаймын, жұмысымның қиындығы басым, дегенмен арман қуып келген қызмет болған соң маған қызығы мен шыжығы бірдей. 2009 жылдан бастап ішкі істер саласында қызмет етудемін, еңбек өтіліме 15 жылдай болыпты. Аз уақыт емес, толықтай шыңдалдым деп айтуға болмайды. Десе де уақыт өткен сайын біз кәсібилене береміз. Өйткені біз күнде әртүрлі оқиғаларға, түсініксіз жағдайларға кезігіп жатамыз. Өзім қызмет етіп жүрген Бұхарбай батыр ауылының ахуалы тұрақты. Жалпы, ауыл тұрғындарының барлығы заңды құрметтейді, қоғам тыныштығын сақтауға бір кісідей атсалысады», – дейді Нұрлан Орынбасарұлы.
Учаскелік полиция инспекторының басты міндеті қоғамдық тәртіпті сақтау болғанымен өзіне жауапты елді мекенде қылмыс тіркелсе, бірінші болып жететін ол криминалист, жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы сияқты жауапты мамандықтардың бүкіл міндетін қатар атқарып кете береді. Мәселен, 2013-2014 жылдары Мәдениет ауылында қызмет етіп жүргенінде, Қазпошта ғимаратына қаскөйлер ұрлыққа түседі. Бірақ бұл қылмыс дереу ашыла қоймайды. Осылайша арада бірнеше уақыт өткенде екінші мәрте ұрлық қайталанады. Бірақ Нұрекеңнің қырағылы мен елді мекен тыныс-тіршілігімен етене таныс болуының арқасында қылмыстың ізі суымай ашылып, ауылды дүрліктірген ұры ұсталады. Міне, көріп отырғанымыздай қиындығы мен қауіптілігі қатар жүретін қызметте учаскелік инспекторларына талай қылмыскермен бетпе-бет келуге тура келеді.
Иә, заңсыз әрекет жасайтын түрлі азаматтармен жұмыс жасау оңай емес. Үнемі физикалық қалыпта болумен қатар психологиясы да тұрақты болуы шарт. Ол үшін полицей спортпен тұрақты түрде айналысып отыруы керек. Сол себепті кейіпкеріміз – жұмыстан бөлек спортты жанына серік еткен полицей.
«Әрбір жігіт қарулы болу керек» деген әдемі сөз бар. Сондықтан бала күнімнен спортқа әуеспін. Бүгінде гір спортымен айналысқаныма 20 жылдан асты. Мақтанғаным емес, облыстық, аудандық додаларда үздік өнер көрсетіп, аудан абыройын асқақтатып жүрмін. Нақтырақ айтсам, гір спортынан облыстық біріншілікте 15 мәрте чемпион атансам, сондай-ақ қол күрестен 12 дүркін үздіктер қатарында болдым. Мұнан бөлек 4 мәрте республикалық ойындарға қатыстым, ауданда жылқы көтеруден 2 мәрте чемпион атандым. Әскерде жүргенде талай спорттық шараларда белсенділік таныттым. Жалпы, өзім 2006-2007 жылдары Жамбыл облысы Қордай ауданында және Бурныйдағы Бауыржан Момышұлы атындағы селода әскери борышымды өтедім», – дейді үздік полицей.
Нұрекең 2014 жылдың қорытындысымен үздіктер қатарында болып, аймақ басшысының қолынан арнайы «Жыл сақшысы» номинациясын да алды. Десе де ол – қызметтен бөлек, ең алдымен отбасының өнегелі отағасы. Олай дейтініміз ол өзінің ізінен ерген 6 баласына жақсы тәлім-тәрбие беруде, сол себепті балалары білімнен, спорттан ата-анасының мақтанышы болып жүр. Үйдің үлкені, аяулы қызы Қарағанды қаласындағы университетте химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Жұбайы – мәдениет саласының қызметкері. Ұлы Нұрислам Нұрекеңе тартып, спортты жанына серік еткен. Жақында ол Петропавл қаласында оқушылар арасында өткен республикалық гір тасын көтеру жарысында үздік нәтиже көрсетіп, 3 орынды иеленді. 10 сынып оқитын Нұрислам – спорт шеберлігіне үміткер. Полицей жауапты қызмет атқарса да, қолы қалт еткенде бау-бақша егіп, басқа да шаруаларды қатар алып жүруді де жөн көреді.
Иә, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру міндеті құқық қорғау саласынан жұмысты бұрынғыдан да ширата түсуді талап етуде. Сондықтан полицей халықпен жеке кездесіп, қандай мәселесі барын тыңдап, оны бірлесе шешу жолдарын қарастыруға міндеттелген. Осы орайда кейіпкеріміз отбасымен Бұхарбай батыр ауылына көшіп, бүгінде туыстарының үйінде тұрып жатыр. Дегенмен жағымды жаңалық десек те болар, елді мекен тұрғындарымен кездесуінде аудан басшысы Асқарбек Темірбекұлы ауылдағы учаскелік полиция инспекторларына жеке қызметтік үй берілетінін жеткізген болатын. Бүгінде жоба мақұлданып, қаражат та қаралған, бұйыртса, осы жылда тәртіп сақшыларына қызметтік үй табысталмақ. Әрине мұндай мемлекеттің қолдауы ел тыныштығын күзеткен азаматтар жұмысына серпін берері сөзсіз. Биыл баспаналы болатындар қатарында кейіпкеріміз де бар.
Отбасында ардақты әке, ата-анасына, бауырларына сүйікті ұл, әріптес¬тірінің алдында абыройлы, достарына сыйлы болған Нұрекеңдей азаматтың өмірлік-қызметтік жолы – өзгелерге үлгі. Күнде жұмысқа шығарда алдында не күтіп тұрғанын білмейтін қырағы полицей болу нағыз ердің ісі десем, артық айтқандық емес.
