Kyzylorda-news.kz. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында VIII сайланымдағы бірінші сессияның жұмысы қорытындыланғаннан кейін Сенат және Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапары басталды. Осыған сәйкес, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары М.Ергешбаев пен М.Жайымбетов Сыр өңіріне, оның ішінде Сырдария ауданына келді. Депутаттар партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл жастарынан құралған еңбек бригадалары мүшелерімен кездесті.

Депутаттарды аудан әкімі Берік Сәрменбаев күтіп алды. Кездесулерге облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов қатысты. Сенатор Руслан Рүстемов жұртшылық өкілдерімен кездесуде Парламентте атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті.

– Біз Парламент Палаталарының бірлескен отырысында VIII сайланымдағы бірінші сессияның жұмысын қорытындыладық. Бұл сессия небәрі 100 күнге созылса да атқарған жұмысы өте маңыз¬ды әрі мазмұнды болғанын атап өткен жөн. Өздеріңіз білесіздер, Президент реформаларының нәтижесінде Парламенттің рөлі де, мәртебесі де күшейді. Биылғы Сенат пен Мәжіліс сайлауы елдегі саяси жаңғырудың шешуші кезеңіне айналды. Бұл жолғы сайланым Қазақстан тарихындағы ең көп партиялы Парламент болып отыр. Мәжіліс құрамы ұзақ жылдан бері алғаш рет бірмандатты округтен сайланған, шынайы әрі тартысты бәсекеде озып шыққан депутаттармен толықты. Осы кезеңде Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қой¬ды. Қазіргі сайланымның басты ерекшелігі – көптеген маңызды заң жобасының депутаттардың бастамасымен әзірленуі. Оларға сайлаушылардың талап-тілегі, мұң-мұқтажы, Ел Президентінің тапсырмалары арқау болды. Депутаттар бастамашы болған заң жобаларының ішінде – заңсыз алынған активтерді қайтару, сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері, кәсіптік біліктілік туралы заңдар бар. Парламент депутаттарын алда¬ғы сессияда да ауқымды жұмыс күтіп тұр. Парламент Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Салық, Бюджет, Су, Қала құрылысы кодекстерімен, Мемлекеттік сатып алу, Ғылым және технологиялық саясат туралы заң жобаларымен жұмыс істеуді жоспарлап отыр, – деді Руслан Рүстемұлы.

Депутаттар Айдарлы жастар еңбек бригадасының жұмысымен танысты. Бұл бригада 2019 жылы республикада алғашқылардың бірі болып 15 жастың бірігуімен құрылған болатын. Облыс әкімінің қолдауымен аудандағы жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында ауданға қарасты 7 ауылдық округте жастар бригадалары қайта құрылды. Бүгінде еңбек бригадалары қатарында жұмыссыз, NЕЕТ санатындағы, пробация есебіндегі 200-ге жуық жас жұмыс жасайды. Ауыл жастарына мемлекет тарапынан уақытша жер, су айдайтын насос беріліп, егін алқабы қоршаумен және қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Жастар 35 гектар картоп және 25 гектар бақша дақылдарын егіп, күтімге алған.

– Ерте көктемде жұмыссыз жүрген 40 жасты Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылдық округіне жіберіп, тегін егін егу тәсілдері үйретілді. Ол жақта көп мөлшерде егін егетін диқандар түрлі егін егудің артықшылықтарын түсіндіріп, алдағы жұмыстарына бағыт берді. Шіркейлі ауылдық округінде құрылыс материалдарын шығаратын «Шіркейлі» жастар бригадалары жұмыс жасайды. Құрамында ауылдың жұмыссыз 30 жасы бар. Олар цемент, әк және т.б. құрылысқа қажетті заттарды шығарады, – деді бригадалар жұмысымен таныстырған Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының директоры, аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Нұрман Абдрасилов.

Кездесу барысында жастар бригадаларының мүшелері халық қалаулыларына өз ризашылықтарын білдіріп, көкейдегі ұсыныстарын да жеткізді. Мәселен, «Айдарлы» жастар бригадасының мүшесі Өмірзақ Есболатов Руслан Рүстемұлы мен Мұрат Нәлхожаұлына аудан әкімі болып тұрған уақытта көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдірсе, «Жетікөл» жастар бригадасының бригадирі Дархан Әзімханов елімізде жастар бригадаларының көп емес екендігін тілге тиек етіп, мемлекет тарапынан тыңайтқыш мәселесін шешіп беруге көмек сұрады.

Жас еңбеккерлердің жұмысына риза болған халық қалаулылары ауыл жастарының ұсынысы бойынша кеңес беріп, назарға алатындықтарын жеткізді.

– Жастардың бос уақытта ішімдік, өзге де зиянды әдеттерге бой алдырмай, мемлекет және демеушілер тарапынан көрсетілген көмекті әрі қарай тиімді іске асыруы көңіл қуантып отыр. Болашақта кооператив құрып, партияның «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыстарын жетілдіру қажет. Кооператив құрып, егіс көлемін арттырғанда субсидия мәселесі де шешімін табады, – деді ҚР Парламенті Мәжілісі депутатты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев.

Ал, депутат Мархабат Жайымбетов «AMANAT» партиясы «Жер аманаты» партиялық жобасы аясында заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтарып, оны ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмыстарын жүргізіп жатқандығын, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша қолға алынған жұмыстарды атап өтіп, берілген жерді тиімді игеріп, жұмыссыз жастардың басын қосып, сонымен қатар өңірде азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға ықпал ететін ауыл жастарының бұл тірлігі көпке үлгі екенін және басқа өңірлерге тәжірибе ретінде қарастыруымыз керектігін жеткізді.

Мемлекет басшысы атап өткендей, еңбек адамына құрмет толастамайды. Өткен жылы жастар бригадаларының бригадирлері облыс және аудан әкімінің Алғыс хаттары, аудан әкімінің «Ынта» қаржылай сыйлығымен марапатталған. Еңбекқор жастарды көтермелеуге, ең сыйлы адам жасауға бағытталған жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ.

Сапар аясында ҚР Парламент Сенатының депутаты Р.Рүстемов және ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары М.Жайымбетов пен М.Ергешбаев Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылы тұрғындарымен кездесу өткізді.

Кездесуге ауыл ардагерлері, жастар және БАҚ өкілдері қатысты. Халық қалаулылары Парламент қабырғасында талқыланып жат¬қан заң жобалары туралы ақпараттармен бө¬лісті. Партияның сайлауалды бағдарламасы шеңберінде жасалып жатқан жұмыстарды да айтты. Өз кезегінде ауыл тұрғыны Б.Сүлейменов осыған дейін шешімі табылмай келген «Қызылорда – Айдарлы» автожолының биыл жөндеу жұмыстарынан өткенін айтып өтті. Аталған автожол партияның сайлау¬алды бағдарламасының жол картасы шеңберінде жөндеуден өткізілген. Мұнан соң Аманкелді ауылдық емханасының дәрігері Ж.Амангелдина сөз алып, ауылдық емхана базасы жаңа флюрография аппаратымен толыққанын атап өтті. Кездесу соңында ауыл ардагері Н.Құдайбергенов халық қалаулыларына батасын берді.

Депутаттар сапар аясында Тереңөзек кенті мен Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов ауылдарында да болды. Мұнда салынып жатқан әлеуметтік нысандар жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінде жеке және заңды тұлғалар өкілдеріне арнап қабылдау өткізді.

 

Тағы да оқыңыз: