Kyzylorda-news.kz.  Адам баласын еңбектің шығармайтын белесі болмайды. Бұл өмірдің өзгермейтін заңдылығы, бұлжымас қағидасы. Бұған дейін де осылай жол салынған, және ол солай кете бермек. Білім мен білік қатар өрбіген жерде, қоғам дамып, алға басады. Жаңарулар мен жаңғырулар пайда болып, елдің өмірінде көптеген алғы істер орын алады. Жүрегі елім деп соққан талайдың бақыты алға озып, еңбегі көрінетін де, халқынан әділ бағасын алатын да – осы  тұс. Міне, біз бүгін қаламымызға ақау етіп отырған тұлғамыз қарапайым еңбекпен өсіп-өніп, білім-білігінің, адамгершілігінің арқасында атқа қонып, төрге озған азамат – Әлімбай Білжанов. 

Әлекең Жосалы кентінің іргесінде жатқан Иіркөл ауылының тумасы. Осындағы №106 сегізжылдық мектептің 1-сыныбына барып, орта білімді Дүр Оңғардағы №107 мектепте алады. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің қағілез мінезімен айналасын баурап алған оқушы Әлімбайдың кітапқа деген қызығушылығы сол кезден басталған-ды. Оның білімге деген ұмтылысы қалаға қарай басын бұрып, ынтықтырды да тұрды. Ондағы мақсат – жоғары білім алып, маман атану болатын. Оның бұл арман-аңсары алдамады да. Мектептен алған білімін жетілдіре түсіп, Алматы қайдасың деп тартып тұрды.

Бағыты – Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институты. Емтихандарды ойдағыдай тапсырған ауылдың қара домалақ баласы республиканың түкпір-түкпірінен жиналған бозбала, бойжеткендердің ортасынан бір-ақ шығып, студент атанып шыға келді. Институттың "Ауыл шаруашылығын механикаландыру" факультетінен "Инженер-механик" мамандығы бойынша қолына диплом алып, еңбек жолына түседі. 
Жоғары оқу орнындағы әскери кафедраны қоса бітіргендіктен ол 1983 жылы Талдықорған қаласы жанындағы Еркін қыстағында 2 айлық  әскери дайындықтан өтеді. Осы жылы ҚазКСР ауылшаруашылығы министрлігінің жолдамасымен Жаңақорған ауданына жіберіліп, сондағы "Госкомсельхозтехника" бірлестігіне жөндеуші болып жұмысқа орналасады. 

Дегенмен, 1984 жылы жанұя жағдайына байланысты туған жеріне келіп, ауданның Жосалы кеңшарына автогараж меңгерушісі қызметіне қабылданады. Бір ескерерлігі, ол уақытта қазіргідей емен де семен институт бітіріп келіп жатқан мамандар болмайтын. Екі-үш диплом түгілі бір жоғары оқу орнына түсіп, оны бітіріп шығудың өзі үлкен беделге саналтын. Оқуға түсу де кез келгеннің маңдайына біте бермейтін бақ десек, қате болмас. Оны бүгінгі аға буын өкілдері жақсы біледі. 

Ауылға келіп қызмет істеп жатқан жас жігіт өзінің өмірлік серігін кездестіріп, 1986 жылы отбасын құрды. Сөйтіп жүріп Қызылордадағы облыстық агроөнеркәсіп комитетіне қарасты механикаландыру бөлімінің "Транспорт және тасымалдау" тобына жол қауіпсіздігі инженері болып қызметке орналасады. Екі жылдан соң топтың "Казагропромтранс" өндірістік бірлестігіне өтуіне орай сонда теміржол жүк тасымалы және 2-ші дәрежелі жол қауіпсіздігі инженері болып қызметін жалғастырады.  

Осыған дейін еңбек жолында бірқатар тәжірибе жинап, біліктілігін таныта білген азаматтың іскерлігі басшылық тараптардың ауызында жүрген. 1989 жылы Жосалы кеңшары дирекциясының шақыртуымен облыстық агропромкомитеттің жолдамасымен кеңшарға қызмет ауыстырады. Ол осында 1990-1996 жылдар аралығында жауапкершілігі жоғары бас инженер-механик болып  талмай, шаршамай еңбек етті. 1996 жылы жанұя жағдайына байланысты  Иіркөл ауылына ауысып, шаруашылықта техника қауіпсіздігі инженері қызметін шаруашылық тарағанша атқарды. 

Мұнан соң Әлекеңнің қызмет сапары ел басқару ісімен тығыз байланысты. Үш ауылдық округтің тізгіні сеніп, тапсырылып, небір ұйқысыз күндер мен түндерді өткізді. Және ол сенімді ақтады да. 2007 жылдан басталған ауыл әкімінің қызметін бүгінгі күнге дейін абыроймен алып келді. Атап айтқанда, Иіркөл, Қармақшы және Төребай би ауылдарын басқарып, елден алғыс алған жайы бар. Қазақ халқында "Алғыс алған арымайды" деген қанатты сөз бар. Қай қызметті атқарса да алдымен ауылдың ақсақал-қарасақалдарымен ақылдасып, іс бастайтын басшының бәлки, көпшілдігі, кез келген жанмен тіл табыса білетіні осы бір жүгі ауыр қызметтерді атқарып, абырой биігінен көрінуінің қыры мен сыры да осында жатқандай көрінеді.  

Әлімбай ағамыз бастаған ісін соңына дейін апаратын, қашан да ойын ашық та тура айта білетін, елдің де, жердің де ау-жайын біркісідей меңгерген қарым-қабілетімен ерекшеленетін азамат екенін өзі басқарған ауыл халқы мен ұжымы жақсы біледі. Алпыстың үшін толтырып отырған ағамыз қазіргі таңда көпшіліктің құрметімен зейнеткерлік демалысына шығуда. Әлімбай Махмұтұлы жайында замандастарының да айтар жылы лебізі жетерлік. 

– Әлекеңді 2003 жылдан бері қызмет бабымен жақсы танимын. 2007 жылы Иіркөл ауылының әкімі кезінен бастап жеке басымыз ғана емес, отбасымызбен де жақын араласа бастадық. Ол кісінің ең мықты жері – азаматкершілігі. Өте білімді, сауатты. Ойын бүкпей айта алады. Жұмысына адал, ісі таза. Нағыз мемлекеттік қызметкер десек артық емес. Осы уақытқа дейін 3 ауылдық округтің әкімі болып халыққа абыроймен қызмет етті. Үлкенге де, кішіге де иіліп құрмет жасай біледі. Аталарды, аналарды сыйлай алады. Ұрпағын жақсы тәрбиелеп отыр. Балаларының бәрі алтын асықтай, тәлім-тәрбиелі. Жан-жары Роза Мұқамеджанқызы білім саласының маманы, білікті мұғалім. Туған ағамдай болып кеткен ағамыз. Жалғыз маған ғана емес, біз секілді көптеген азаматтың біразын өзінің қанатының астына алып, қамқорлық жасап жүреді. Атжолын көрсетіп, ақылын айта алатын үлкен жүректі азамат. Ең бастысы – барған жерлерінде қай ауылда қызмет жасамасын, сол ауылда шиеленісті де күрделі мәселелердің түйінін тарқатып, елдің дамуына, ауызбірлігіне қызмет жасады. Сол халыққа қолынан келгенше көмегін берді. Әкіммін деп шіреніп тұрған емес.  Галстугімен, кеңсе киімімен істелініп жатқан жұмыс бітпей жатса, майға да, суға да, отқа да кіріп кетіп, елмен бірдей терін төгіп жұмыс істеген азамат, мінекей зейнет демалысына шығып жатыр екен. Осындай құрметке бөленіп отыр. Сондықтан да біздің білдіретін лебізіміз – алдағы уақытта осы елдің бір беделді ақсақалы, әлде де ел-халықтың бірлігіне, дамуына өзінің сүбелі үлесін, ақыл-парасатын қосатын тұтқасы, сондай бір сыйлы, құрметті елағасы болатынына сенеміз. Мемлекеттік қызметте ізінен еріп келе жатқан жастар осы кісіден үлгі алса болады деген тілегімізді жеткізгім келеді, – дейді замандасы Орынбек Жұмағалиұлы жүрекжарды тілегін жеткізе.

"Әрбір сыйлы азаматтың артында адал да жанашыр жары тұрады" дейді дана халқымыз. Әлімбай ағамыздың үйге алаңдамай, қызмет етіп, қонағын құдайдай күтіп алатын отанасы Роза Есетованың да еңбегі зор.  Олар бүгінде 5 бала тәрбиелеп отырған бақытты жандар.

Тағы да оқыңыз: