Kyzylorda-news.kz. Атқарып жүрген күнделікті еңбегі арқылы ерекше құрметке бөленіп жүретін мамандық иелері болады. Олардың қатарында нәзік жанды қыздардың да кездесетіні сөзіміздің дәлелі. Олардың қолынан келмейтін кәсіп жоқ десе де болады. Азаматтардың құқығын қорғаушы, қылмыскерді құрықтаушы полицей дегенде көпшіліктің көзіне мығым денелі ер адам елестейтіні анық. Алайда бұл әйелдер тәртіп сақшысы бола алмайды деген сөз емес. Себебі, елімізде он екі мыңнан астам нәзік жанды заңның тұтастығын күзетіп, аталған мамандық бойынша жұмыс істесе, біздің Қызылорда қалалық  Полиция басқармасында 96 қыз-келіншек   қызмет атқарады.

   Осындай жандардың қатарында құқық қорғау  саласында  2007 жылдан бері қалтықсыз қызмет етіп келе жатқан полиция капитаны  Ысқақова Гүлзира Қуатбекқызы да бар.

    Ол бүгінде жергілікті полиция қызметі бөлімінің ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы 15 жылға жуық абыройлы қызмет атқарып келеді. Ел тыныштығы жолында уақытпен санаспай,  кәмелетке толмағандарың тәртібін қадағалайтын оның еңбегі ескерусіз қалған емес. Ол басқарма басшыларынан бірнеше рет мақтау, алғыс хатпен марапатталған болатын.  Әйел адам үшін полиция қызметкері болу оңай іс емес, әрине. Өйткені, полиция қызметі батылдықты, өжеттілікті, қайсарлық пен табандылықты, іскерлік пен білімділікті талап ететін ауыр сала екені кімге болса да мәлім. Дегенмен, осы қызығы мен қиындығы қатар жүретін салада қызмет пен отбасын бірдей алып келе жатқан Гүлзираның еңбегі қандай мақтауға да лайық.

«Мен өзімді басқа қызметте елестете де алмаймын. Мінезім де осы салаға лайық деп ойлаймын. Шаршайтын кездерім де болады, әрине. Бірақ көп жағдайда жұмысымнан күш-қуат аламын», – деген ол бұл саланы таңдағанына ешқашан өкінбейтінін үлкен сеніммен жеткізді.

    Осының сыртында Гүлзира үшін аса жауапты отбасы, бала тәрбиесі сияқты үйдегі міндеттері тағы бар. Бүгінде әріптестері арасында мамандығын еркін меңгерген Гүлзираның шоқтығы биік. Берекелі отбасы қасында. Ата-анасымен бірге тұратын олар өмірлік жолдасы Амирбеков Еркебұлан  екеуі Айару мен Иманғали атты екі баланы тәрбиелеп, ел қатарлы өмір көшін жалғап келеді. Жары Еркебұлан «Қазақавтожол» ЖШС-сі Қызылорда облыстық филиалында қызмет атқарады. Қызы мектеп табалдырығын аттаған үлгілі 1 сынып оқушысы, оқу озаты болса, Иманғали балабақшадағы балдырған. Қарапайым өмірде әйел адамдар сирек меңгеретін мамандықты таңдаған Гүлзираны алдағы келе жатқан Халықаралық – 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтап, еңбегіне табыс тілейміз.

Тағы да оқыңыз: